Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» деген осы шығар. Жұмысынан жиі шу шығып, журналистер мен мәслихат депутаттары тарапынан қайта-қайта сынға іліккен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қызметінен кеткен кезде оның орнына енді өз саласын бес саусағындай білетін маман тағайындалады деп үміттенген едік.
Алайда осыдан екі апта бұрын ел-жұрт төрт ай бойы екі көзі төрт болып күткен Жетпісбайдың орнына ешкім ойламаған, ешкімнің түсіне кірмеген, ешкімнің жорамалына енбеген Зұлпыхар Жолдасов келген кезде жоғарыдағы мәтелдің еріксіз еске түскені рас.
Бірінші орынбасардың креслосы біраз уақыттан бері «Ақ үйді» жағалап, әкім кеңесшісі лауазымында отырғанымен өңірдегі құрылыс саласын шырқ үйіріп жүрген Еркебұлан Дауылбаевқа да, сонымен бірге бұрын осы облыста аудан әкімі болған, қазір Астанада лауазымды қызмет атқарып жүрген шенеунікке де бұйырмай қалды. Ал осындай дөкейлерді шаң қаптырып кеткен Зұлпыхар Жолдасов кім? Ол қайдан келді? Кімнің кадрі? Ең бастысы, елордадағы жайлы кеңсені тастап, шалғайдағы Түркістанға не іздеп келді?
Жасыратыны жоқ, Жолдасовтың өмірбаяны ашық дереккөздерінде жарияланғанымен, бірде-бір жерде оның туған жері көрсетілмеген. Бірақ оның Түркістан облысында бұрын-соңды қызмет етпегені, карьерасының Оңтүстік өңірімен бірге өрілмегені айдан анық. Жасы 47-де. Бұған дейін аудан түгілі ауыл әкімі де болып көрмеген азамат. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар. Рас, Жолдасовтың әкімдік жүйеде жұмыс істемегені облыс әкімінің бірінші орынбасары болуына кедергі емес шығар. Дегенмен сіз мұны бұған дейінгі бірінші орынбасарлармен салыстырып көріңіз?! Бұл креслода бұған дейін отырған Ислам Әбішев аудан әкімі, облыс әкімінің қатардағы орынбасары лауазымдарын атқарды. Дархан Сатыбалды Шымкент қаласының әкімі лауазымынан келді. Қосман Айтмұхаметов Ақмола облысының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Арман Жетпісбай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бұдан кейін бірнеше жыл Шымкент қаласының әкімі болған. Соңғы 15 жылдың көлемінде бірінші орынбасарлыққа тосыннан келген Берік Оспанов ғана екен. Алайда Оспанов ауыл шаруашылығы саласының білікті ғалымы болды және бірінші орынбасар ретінде ауыл шаруашылығы саласына бақылау жасады. Ал Жолдасовтың тәжірибесі мен қазіргі қызметінің бір-біріне қаншалықты үйлесетініне сәл кейінірек тоқталатын боламыз. Алдымен оның еңбек жолына үңіліп көрейік.
Зұлпыхар Жолдасов Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «эколог» мамандықтары бойынша бітірген. Прокуратура саласында біраз жыл тер төккен. 2008 жылы оның Экология министрлігіндегі карьерасы басталады. 15 жыл ішінде ол бас сарапшылықтан сатылай өсіп, басқарма басшысы, министрліктің Қарағанды облысы бойынша департаментіне жетекшілік еткен. 2019 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Ғаламтордағы мәліметтерге қарағанда, былтыр ол жетекшілік еткен комитет алпауыт «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына 5,8 миллиард теңге айыппұл салған екен. Төрағаның бұдан басқа елдің есінде қалатындай тірлігін байқай қоймадық. Биыл қаңтарда Экология министрлігінің басшылығына Зүлфия Сүлейменованың тағайындалғаны белгілі. Наурызда Жолдасов жылы орнын суытқан. Шамасы, Жолдасов Сүлейменованың жасақтаған жаңа командасына енбей қалған. Бұдан басқа қандай болжам жасауға болады? Осыдан кейін ол Үкімет аппаратындағы Нақты секторды және өңірлерді дамыту бөлімінің инспекторы қызметін атқарған. Байқап отырғандарыңыздай, Жолдасовтың бүкіл еңбек жолы бақылау, қадағалау саласында өткен.
Облыс әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, Зұлпыхар Жолдасов облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау, бақылау жөніндегі басқармаларының жұмыстарына жетекшілік ететін болады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа орынбасарын таныстыру барысында оған бірнеше нақты тапсырмалар жүктеді. «Біріншіден, Кентау қаласындағы №5-ші жылу электр орталығының қайта құру жұмыстарын жеке бақылауға алу қажет. Сондай-ақ облысымызда, әсіресе, облыс орталығы Түркістан қаласында бірқатар нысанның құрылысы жүргізілуде, солардың сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізу керек. Автомобиль жолдарының сапасы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары бар. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу қажет. 2025 жылдың соңына дейін тұрғындарды 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту керекпіз. Сізден нәтижелі жұмыс күтемін» – деді облыс басшысы.
Ал енді сәулет-құрылыс, энергетика, көлік, төтенше жағдайлар саласында ешқандай жұмыс тәжірибесі жоқ заңгер-эколог жоғарыдағы басқармалардың жұмысына қалай жетекшілік етеді? Жалпы, Жолдасовтың менталитеті өзгешелеу, «аурасы ауырлау» Түркістанда қаншалықты жолы болады? Облыс әкімінің, елдің артқан сенімін қаншалықты ақтай алады? Не де болса бірінші орынбасардың біліктілігі сынға түскелі тұр. Істің ақырын күтіп көрейік.