«Жиырма мың терроршыға» Шәріпбаевтың не қатысы бар?

Oinet.kz 02-06-2023 710

Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бапи мен Ерлан Әбдиев бас прокурор Берік Асыловтың атына Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев пен Ахметжан Есімовтың күйеу баласы Ғалымжан Есенов және Дариғаның ұлы Нұрали Әлиевке қатысты депутаттық сауал жолдады.

Screenshot_25.jpg

Онда былай дейді:

- Халық қазынасынан ұрланып-жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты зарықтырған заң жобасы ақыр соңы Мәжіліске түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ біз – депутаттар, бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментариі деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек болады. Бұл принципті және күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселе. Біз клептократ ұрылар 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтаруымыз керек. Бұл кемінде 150 миллиард доллармен өлшенетін қазына. Ал енді осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар заң қабылданған соң іске кірісеміз деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылыстаған активтерге тықыр таянған сайын, клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу әрекетін жанталаса жасап жатыр. Сондықтан, Берік мырза, біз Халықаралық журналистер концорциумының көмегімен өзіміз анықтаған ақпаратты сізге және тиісті тергеу орындарына жеткізуден жалықпаймыз. Талап қоюдан танбаймыз! Ал сіздер тиісті заңның қабылдануын күтпей, іске кіріскендеріңіз жөн болады! Сізге елдің Бас прокуроры ретінде депутаттық сауал жолдаудан, ұрлықтың ізін іздестіруді жеделдетуді қақсап айтуды қоймаймыз. Мен бұл клептократия тақырыбын атышулы «Қазақгейттен» бастап, 25 жыл бойы «ДАТ» газетінде жазып келем. Құдай бұйыртса, бұны Парламент партасынан жағым талғанша айта берем. (Егер Мәжіліс тағы да күнібұрын тарқап кетпесе). Мәселен, сіз үшін белгілі болуы мүмкін, бірақ қоғам үшін жаңа ақпарат айтайын. Бас прокурор мырза, сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys (Тетис) компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз – әлемдік газ-трейд компанияларының регистріне көз жүгіртіңіз. «Тетистің» басты иелерінің бірі Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу екенін білесіз. Міне, осы «Тетис» фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист-зерттеушілер соңғы сегіз жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL (АйПиЕл) Construction компаниясы арқылы Батыс банкілеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Егер бұл қоғамдық тергеу ісіне елдің Бас прокуратурасы мен тиісті антикорупциялық агенттіктер араласатын болса, бұл миллиардтардың көлемі мен шыққан жер-тегін тезірек анықтауға болады. Бұл миллиардтар бүгінде байлықтың ғана көзі емес, Берік мырза, бұл енді билікке қайтадан араласудың мәселесі. Бұл қыруар қаржыға шынында да «жиырма мың терроршы» жалдауға болады. Бұл миллиардтар реваншизмнің резерві екенін сіз жақсы білуіңіз керек! Екінші мысал айтайын. Мәселен, Швейцария өкіметі Ғалымжан Есеновтың есеп-шотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов – Есімовтың күйеу баласы. Ал Ахметжан Есімов – кімнің етжақыны екені бізге де, сізге де мәлім. Есеп-шот иесі бұл ақша өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық тергеушілер Ғалымжан Есеновтың қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның Бас прокуратурасынан көмек сұраған екен. Мына қызықты қараңыз: Бас прокуратура швейцариялықтарға не деп жауап берген дейсіз ғой. Ғалымжан Есенов «сүттен – ақ, судан – таза», оған қатысты қозғалған іс жоқ депті сізге дейінгі Бас прокурор. Анығында, «елбасының» бұйрығымен, Бас прокуратураның орындауымен Есеновке қатысты іс күнібұрын тоқтатылған екен. Ал енді сізге сауал: ұрланған активтерді елге қайтару науқанына жетекшілік жасауды ел президенті Тоқаев мырза сізге тапсырған екен – осы нақақ жабылған істі қайтадан қозғауға құлқыңыз бар ма? Екінші сауал: осы Есенов мырза «Жусан банктің» бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі – Бангладеш, азаматтығы – америкалық Рон Вахид деген күдікті операциялардың шеберіне басы бүтін беру әрекетін жасауда, дейді Журналистер концорциумы. Сіз құзырлы лауазымгер ретінде осы афераға қарсы қандай қимыл жасамақ ойыңыз бар? Үшінші сауал: «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясы экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиевке су тегін берілгенін сіз қалай бағалайсыз? Баланстық құны 210 млрд теңге тұратын, жылдық түсімі 80-90 млрд теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18,45 млрд теңгеге сатылды. Әзірге менің сізге жолдайтын сауалым: осы «Транстелеком» Нұрали Әлиевке 2015 жылы – 587 млн теңге; 2016-да – 940 млн теңге; 2017-де – 500 млн теңге дивиденд төледі. 2022 жылы төленген дивиденд 2,4 млрд теңге болды. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз төленген ақшаны өндіріп алудың қандай жолы бар? Құрметті, Бас прокурор мырза! Енді ең соңғы сауалым: •Елдегі жемқорлық және ұрлық қылмыстар туралы осындай деректерді қоғамға ашық жариялауға сізге не кедергі келтіруі мүмкін? Түсінбеймін... •Егер мұндай фактілер Бас прокурордың аузымен ашық айтылғанда, президент Тоқаевтың активтерді елге қайтару саясатына халықтың сенімі артпас па еді?

ӘКЕ АРМАНЫ (Тауқымет)
Ресей мен Украина Кахов су электр станциясының жойылуына бір-бірін айыптады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу