Түркістанда Дауылбаевқа қатысты қандай ойын жүріп жатыр?

Oinet.kz 27-04-2023 750

Screenshot_4.png

«Түркістанда облыс әкімінің бірінші орынбасары кім болуы мүмкін?» деген тақырыптағы әңгіме қыза бастады.

Кешегі күні әкімдікте өңір басшысының төрағалығымен «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептерге қатысты жиын өтті. Осы жиыннан  облыс әкімінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында және ресми сайтта Еркебұлан Даулыбаевтың суреті жарияланған болатын. Бұл қай Дауылбаев еді?   

Еркебұлан Дауылбаев Асқар Мырзахметовтың тұсында Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарған. Сол жылдары оның мамандығының кеденші екендігі көп айтылатын. Дауылбаев бұдан кейін Асқар Мырзахметовпен бірге «Нұр Отан» партиясында, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелерде  жұмыс істеді.

 2018 жылы ол Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың кеңесшісі, одан кейін орынбасары болып қызмет еткен болатын. 

Бұдан кейінгі жылдары Дауылбаев  министрлікте, Президент әкімшілігінде еңбек етіп, былтыр ақпанда  индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды. 

Биыл наурызда оның өз еркімен вице-министр лауазымынан босатылғаны туралы ақпарат таратылған болатын. Екі ай бұрын елордадағы қызметінен кеткен Дауылбаевтың Түркістан барып, облыс басшысы өткізген жиындардан төбе көрсетуі әрине, тегін емес. 

Ең қызығы, сәрсенбіде облыс әкімі төрағалық еткен жиында отырған Еркебұлан Даулыбаевтың фотосы бейсенбіде ізім-қайым жоқ болды. Шамасы оның фотосын ресми сайттан, әлеуметтік желідегі парақшадан алып тастауды жоғарыдағылар тапсырса керек. Ал мұны елден жасыру не үшін керек? Кімге керек? 

Түркістан облыстық әкімдігінде Дауылбаевқа қатысты қандай ойын жүріп жатыр?     


Арман Жетпісбайдың орны кімге бұйыруы мүмкін?
Күдебаев ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу