Арман Жетпісбайдың орны кімге бұйыруы мүмкін?
Мессенджерлерде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбайдың қызметтен босатылғаны жөнінде Түркістан облысы әкімінің өкімі жарияланып жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шығарған өкімде Арман Жетпісбайдың өкілеттігі тоқтатылып, 24 сәуірден бастап атқарып отырған лауазымынан босатылғаны жазылған. 7 сәуірде оны қызметтен босату жөнінде Президент әкімшілігінен келісім алынғандығы да көрсетілген.
Арман ЖетпісбайТүркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына 2020 жылдың тамызында тағайындалған болатын.
Арман Шәріпбайұлы 2006 жылы Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған жылдары Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына жетекшілік жасаған. Осы қызметтен кейін, ол бірден Шөкеевтің орынбасары лауазымына тағайындалды. Жетпісбаевтың «жемісті» карьерасы Шөкеев кеткеннен кейін де жалғасып, ол 2008 жылдың ақпанында Шымкент қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Оның Шымкенттегі әкімдік дәуірі 2012 жылдың сәуіріне дейін созылды. Бұдан кейінгі жылдары Жетпісбаевтың жеке бизнеспен айналысып жүргені айтылды. 2015 жылы ол билікке қайта оралды. Шөкеев жетекшілік ететін «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясында басқарушы директор болды, кейінірек «Самұрық-Қазынаның» жылжымайтын мүлік жөніндегі қорына басшылық жасады. 2020 жылдың жазында ол індеттің кезінде қайтыс болған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың орнын басты.
Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан облысының әкімі қызметінен былтыр тамызда отставкіге кеткені белгілі. Арман Жетпісбай Шөкеевтің кезінде облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқарған ең соңғы кадр саналады. Бұған дейін орынбасарлықтың орынтағын Ұлан Тәжібаев, Сәкен Қалқаманов, Арман Сәбитов тапсырып кеткен болатын.
Соңғы уақытта Арман Жетпісбай әкімдікте өткен жиындарда көзге түспей қалды. Дархан Сатыбалдының бірінші орынбасарының креслосы енді кімге бұйырар екен?