Төлеген Телғараев, Төлеби ауданының әкімі: «Туризмді негізгі табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік мол»

Oinet.kz 23-04-2023 482

Screenshot_4.png


Карантиннен кейін елімізде туризм саласы қарқынды түрде дамып жатыр. Бірақ мұны тек постпандемиялық себептерден ғана іздемеу керек. Соңғы жылдары халықтың табиғат аясында демалу, саяхатқа шығу құлшынысының  жоғарылағаны рас. Ал бұл орайда сұраныс қаншалықты қанағаттандырылып жатыр? Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевпен арадағы әңгіме   осы сауалдан басталды.     


 – Төлеген Тұртайұлы, Төлеби ауданы дегенде алдымен  ерекше, әсем табиғаты еске түседі. Мұндай өлкеде туризмді дамытпау мүмкін емес десек, артық айтпаған болар едік. Бұл салада ауыз толтырып айтарлық қандай жетістік бар?

  -Өздеріңіз де білетіндей Төле би ауданы аграрлы аймаққа жатады. Бірақ біз тек ауыл шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, шағын және орта өнеркәсіп саласын дамытуды қолға алудамыз. Өзіміздің  жылға бекітілген даму жоспарымыз, сол жоспарға сәйкес әр кезең, жылға бөліп қойған межелер бар, осы межелерді орындауға күш саламыз. Басты мақсат – аудан тұрғындарының жағдайын жақсарту, тыныс-тіршіліктеріне қолайлы жағдай жасап беру. Өзіңіз айтқан туризм саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Тіпті туризмді негізгі табыс көздерінің біріне айналдыруға мүмкіндік көп. Бұл салада нақты көрсеткіштеріміз бар. Туристік саланы мейлінше  дамытуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Табиғатымызды, орналасқан жерімізді ескеретін болсақ, Біркөлік шатқалында, Қасқасу бағытында, Қоғалы ауылдық округінде жақсы туристік нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Оның ішінде сауықтыру орталықтары, демалыс орындары бар. Ендігі мақсат соларды замануи, халықаралық  талаптарға сәйкестендіру. 

-Жалпы, бізде туризм қомақты табыс түсіре алатын сала ма? Аудан кірісіндегі оның үлесі қанша?  

- Қазір туризмнің үлесі көп деп  мақтана алмаймыз. Оның бірнеше себептері бар. Мәселен, ауданда туристік нысан салған кәсіпкерлердің біразы Шымкентке немесе басқа аудандардың салық органдарына тіркелген. Салықты сонда төлейді.  Қазір біз осыған байланысты мемлекеттік  кірістер басқармасымен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Бизнесмен немесе инвестор туристік нысанды Төлебиде салса, осы жерден табыс тапса, онда неге осы жерге тіркеліп, салықты осы жерге төлемеске? 

Ауданымызда өткен жылдың қорытындысы бойынша, өндірілген өнім көлемі 129 млрд. теңге  болса, биыл осы көрсеткішті 135 млрд. теңгеге жеткіземіз деп отырмыз. Оның басым бөлігі кіші және орта бизнеске тиесілі болуы тиіс. Мемлекет тарапынан бұл бағытта  қолдау көрсететін түрлі бағдарламалар бар. Жұмыспен қамту деңгейін көтеру бойынша біраз жобалар жүзеге асуда. Қазір аудандағы жұмыссыздықтың деңгейі 5,2% құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5,1-5%-ға дейін жеткіземіз деген меже қойылды.  Барлық деңгейдегі әкімдерге қойылған басты мақсат - ауданға, елді-мекенге, өңірге инвестиция тарту. Бұл – ауданды дамытудағы ең өзекті мәселе. Өткен жылы ауданға 24 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, биыл  осы көрсеткішті 28 млрд. теңгеге жеткізу жрспарымызда бар. Әрине, бұл бірінші кезекте өндіріс пен туризмді дамытудың есебінен жүзеге аспақ.

– Туризм әлемдегі ең табысты салалардың бірі саналады. Осы кәсіптің айналасында шағын бизнесті өркендетудің мүмкіндігі мол. Мұндай мүмкіндіктер қаншалықты пайдаланылып жатыр?  

– Төлеби ауданында жыл он екі ай туристердің қарасы үзілмейді. Сырттан келетіні бар, іштегі өзіміздің демалушылар бар. Соған байланысты сервистік қызмет көрсету мәселесі де қолға алынып жатыр. Жол бойында  арнайы жерлерді белгілеп, жергілікті тұрғындар туристерге арнайы кішігірім шайхана, кафені жеңіл конструкциямен салып, қымыз-көжесін, құрт-майын сатып, өз нәпақаларын тауып отыруға мүмкіндік туып отыр. 

–Осы жерде  статистикалық деректі келтіре кетсеңіз. Ауданға жылына келетін туристердің саны қанша? Келушілер негізінен қай өңірдің тұрғындары?

– Өткен жылдың ресми статистикалық мәліметі бойынша Төлеби ауданына 47000 турист келіп кеткен. Бейресми дерек бойынша келушілер бұдан да көп. Туристер негізінен облыстың аудандарынан және Шымкент қаласынан келеді. Табиғат аясында бір-екі күн демалып кетемін дейтіндер Біркөліктегі демалыс орындарына, ал енді тауға шығамыз дейтіндер Қасқасу бағытына көп барады. Сенбі-жексенбі күндері кептеліс болып кетеді. Ол жерлерде көлік көп жүруіне байланысты жол қауіпсіздігін де ескеру қажет.   Бізге туристік полиция керек, осы туристік бағыттар бойынша қосымша бейнекамералар мен  жол белгілерін орнату керек. Мұның барлығы  адамдардың қауіпсіздігі үшін орындалуы керек талаптар.

– Қасқасу шаңғы базасын мамандар Қазақстандағы іске асып жатқан туристік нысандардың ондығына енгізіп отыр. Бұл жобаның қазіргі барысы қалай?

– Қасқасу шаңғы базасына қатысты жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр. Үлкен бағаналар орнатылды, электр желілері, кәріз жүйесі тартылуда. Жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жобаны іске асыру үш кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезеңі жүріп жатыр. Ал екінші кезеңін жүзеге асыру үшін қосымша жер бөліп беру керек. Әкімдіктің міндеті осы жерлерді тұрғындардан мемлекет мұқтаждығы үшін алып,  оларға басқа жақтан жер телімдерін ұсыну. Айта кетері, жобаны қаржыландыру мәселесі облыстық бюджет есебінен іске асып отыр. Осы күнге дейін ауқымды жобаға 3,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Туризм бағытында биылдың өзінде ауданда жалпы құны 3,5 млрд. теңгеге тең екі ірі жоба іске асырылмақ. Бірі Көксәйекте, бірі Қоғалыда. Ол жерде үлкен спорттық, сауықтыру орталықтары ашылады. Ескере кететін жайт, бұл  бюджет қаражатына емес, кәсіпкердің есебінен жүзеге асатын   жобалар. Бір жобаның құны 1,5 млрд. теңге болса, екінішісінің құны 2 млрд. теңге. Аталған жобалар атпен серуендеу маршруттарын, спорт нысандарын, бассейн, қымызбен емдеп-сауықтыру орталықтарын қамтиды. Мұндай туристік нысандарды ашуға ауданымыз өте қолайлы, оның үстіне тәжірибе бар. 

- Туризмді дамытудың, осы саладағы жобаларды іске асырудың екінші жағы да бар. Тұрғындар тарапынан жайылымның тарылып бара жатқаны туралы арыз-шағымдар аз айтылып жатқан жоқ. Бұл мәселені шешу үшін не істелініп жатыр?   

- Осы мәселені реттеу үшін  жерге орналастыру жобасын бекітіп жатырмыз. Оған арнайы қаржы бөлдік. Осыны бекітіп алсақ, қай жерден жол өтеді, қай жерде мал қора болады, қай жерде малдың өтетін өткелі болады, қай жерде үй, қай жерде демалыс орны салынады, осының бәрін біліп отыратын боламыз. Сол кезде ешкімде ешқандай мәселе туындамайды. Біз жергілікті тұрғындардың  пікірлерімен санасуымыз керек. Ауыл халқы үшін мал - негізгі күнкөріс көзі. Мұндай жағдайда жайылым мәселесіне бейжай қарауға болмайды.  Дәл осындай жерге орналастыру жобасын біз Қасқасуда да қарастырып қойдық. 

Ауданда инвестиция тарту бойынша бұдан басқа да ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі – газ қондырғысы. Оның құны 722 млрд. теңгені құрайды. Іске асыру мерзімі 36 ай. Басты мердігер – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Өткен жылы сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы мен аталған қордың төрағасы келіп, капсуласын салып кеткен болатын. Биыл  100 гектар жерін бөліп бердік, енді құрылыстар басталады. Осы жылдың өзінде 221 млрд. теңге инвестиция тартылатын болады. Жалпы 2021 жылы біздің ішкі кірістеріміздің көлемі небәрі 1,7 млрд. теңге болса, былтыр  2,5 млрд. теңгеге жеткіздік. Биыл осы көрсеткішті   3,5 млрд. теңгеге жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз.

-Елді мекендердің инфрақұрылымдық мәселесін шешу бағытында қандай жаңалықтар бар. Төлеби ауданы қашан 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі?

- Қазір кестеге сәйкес халықпен кездесу өткізіп жатырмыз. Қай жаққа барсақ та, халық  қозғап жатқан мәселе біреу:  сапалы ауыз су тапшылығы, жол, көше жарығы. Ауданда газ мәселесінің біршама шешілгенін айта кету керек. Қазіргі таңда біздің ауданда 55 елді мекен болса, соның  51-не газ беріліп жатыр. Қасқасу ауылдық округіндегі 4 елді мекенді «көгілдір отынға» қосу ісі  құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатқандықтан кешеуілдеп жатыр. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Тамыз айында Қасқасу ауылдық округіне де газ кіргіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сонда ауданымыз 100% көгілдір отынмен қамтылатын болады.

Жолға қатысты да нақты меже бар. 2025 жылға дейін аудандық маңызы бар жолдар мен көшелердің 95 пайызын қанағаттандырарлық жағдайға жеткіземіз деп отырмыз. Қазірдің өзіңде 90%-ға жақындап қалдық. 

55 елді мекеннің 54-іне орталықтандырылған су құбырлары тартылған. Бір елді мекенде, Зертас ауылдық округіне қарасты Жаңакүште ауыз  су мәселесін толық шешу үшін  сметалық құжаттар дайындағанбыз. Биыл жоба қолдау тауып, қаражат бөлініп жатыр. Екінші мәселе - тартылған су құбырларының  кейбірінің тозығы жеткен. Ашығын айтқанда, бірқатар ауылда тәулік бойы су пайданылып жатқан жоқ. Сонымен қатар, жылдан жылға судың сапасына да мән берілуде. Жауын-шашын кездерінде, ашық су көздерінен  су ішетін ауылдар да бар. Бұл мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен толық шешімін табатын күн алыс емес. 

-Әңгімеңізге рахмет, қызметіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Сезім Мергенбай. 



Түркістан облысында 31 алаяқ ұсталды
Табиғи кереметі көп аудан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу