Жаңа Мәжіліс, ескі төраға
Жаңадан жасақталған Парламент Мәжілісінің төрағасы лауазымына Ерлан Қошанов сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, ҚР Конституциясы 58-бабының 1-тармағына сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
Ерлан Қошановтың кандидатурасын Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынды.
Дауыс беру нәтижесі бойынша палата депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.
Ерлан Қошанов Мәжілістің бұған дейінгі шақырылымына да төрағалық еткен болатын.