Батырбек Көшербай уәдесінде тұрды
Шақпақ ауылында орналасқан «Айгөлек» балабақшасы жанынан 50 балаға арналған қосымша ғимарат салынды. Осы ғимарат арқылы мекемеде енді тағы 2 топтың жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. «Айгөлек» бөбекжай балабақшасында мектеп жасына дейінгі балғындарға мүмкіндігінше бар жағдай жасалған. Ойын бөлмелері мен оқу сыныптары, демалыс бөлмелері бар. Құрылыс барысында сондай-ақ, балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ауладағы ойын алаңына қажетті жабдықтар орнатылды. Осы күні болған тағы бір қуаныш—ауылда цирк үйірмесі ғимаратының ашылуы салтанаты өтті. Жалпы Шақпақ ауылында цирк үйірмесі 1986 жылы ашылып, түрлі фестивалдарға қатысып, 1990 жылдардың басында жүлделі орындардан көрінген. Балабақшамен жапсарлас орналасқан цирк үйірмесі ғимаратының күрделі жөндеу жұмысы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы аясында атқарылды.
Қазата ауылындағы Тұрмыс-1 жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты осыдан біраз уақыт бұрын ашылған болатын. Ашылу салтанаты кезінде мектептің ескі жайын балабақшаға айналдыру жөнінде ауыл тұрғындарынан ұсыныс түсіп, аудан әкімі бұл жұмысты кешіктірмей орындауға уәде берген болатын. Осы уәде орындалды. «Жансая» деп аталатын жаңа бөбекжай балабақшасының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу аудандық бюджет есебінен жүргізілді. 50 орындық балабақшада мектеп жасына дейінгі балғындарға мүмкіндігінше бар жағдай жасалған. Жалпы алғанда аудан бойынша мектеп жасына дейінгі балалар келесі жылдың соңына дейін балабақшамен 82 пайызға қамтылатын болады.
Қазіргі таңда ауданда Боралдай ауылындағы Қаратау, Кеңестөбе ауылындағы Ақмешіт, Шалдар ауылдық мәдениет үйлері мен Екпінді ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданда 32 ауылдық клуб болса, осы клубтардың 23-і елді мекендердегі мектептерге ыңғайластырылып, сол ауылдағы мәдени, мерекелік іс-шаралар мектептегі мәжіліс залдарда өтуде. Сондай-ақ ауданда 23 ауылдық, 1 орталық, 1 балалар кітапханасы болса, соның 14-і мектептерге ыңғайластырылып, біріктірілген. Енді міне, Жамбыл ауыл округіне қарасты Шыбыт ауылдық клубының ғимараты «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріліп отыр. Ғимарат 100 орындық. Құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілген. Бұл Елбасының ауылды көркейту бастамасының жалғасы әрі осы ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалынып жатқан игі істердің бірі. Алдағы уақытта осы жаңа ғимаратта «Әжелер ансамбілін», «Ұлттық аспаптар» оркестрі мен бишілер және әншілер топтарын құрып, түрлі үйірмелер ұйымдастыру жолға қойылып отыр.
Осынау игілікті шараларға аудан әкімі Батырбек Көшербай, ауданның төбе биі, билер алқасының төрағасы мен ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауыл тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Мұрағаттан, 2015 ж