Байгөзов неге шағымданып жүр?

Oinet.kz 19-05-2019 1042

 Screenshot_8.jpg

Фотода Құттыбек Жамашев

 Егер  сіз жер теліміңізге алдын ала жоба жасатпастан, жекеменшік құрылыс компаниясының көмегіне жүгінбестен өз күшіңізбен тұрғын үй салып қойсаңыз,  әжептәуір көлемде айыппұл төлейсіз. «Рейтинг» газетінде бұған дейін де осы мәселе төңірегінде мақала жариялаған болатынбыз. Сәулетшілердің пікірін берген едік. Енді міне, құрылыс саласында жүрген оқырмандарымыз да өздерінің пікірін білдіргенді жөн санапты.

Редакцияға келген «Құрылысмаркетинг» ЖШС-інің директоры Әшірхан Байгөзовтың айтуынша, жұрт арасында «ГАСК» атанып кеткен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары рұқсатсыз салынған тұрғын үй иелеріне айыппұл салуды үдете түскен.

-Құттыбек Жамашев басшылық ететін мекеменің құрығына ілігіп, 60-80 айлық есептік көрсеткіш, яғни 100-150 мың теңге көлемінде айыппұл арқалап жатқандар көп. Өздеріңіз белгілі, қазір баспана мәселесі өте қиын. Мемлекет «Қолжетімді баспана—2020» бағдарламасын қабылдап, жылына қаншама мыңдаған шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға беріп жатыр. Алайда бұдан баспанаға деген мұқтаждық төмендеген жоқ. Қалалық жерде жер телімі онсыз да қымбат. Мемлекет тарапынан ұлтарақтай да жер берілмейді. Құрылыс материалдары жыл сайын қымбаттап тұрады.   Осындай қиын жағдайға қарамастан халық баспаналарын салып, ешкімге алақан жамай, мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ, өз күндерін өздері көріп жатыр. Ал енді осылай өз тіршілігін өзі істеп жатқан азаматтарға барып, айыпұл салу ақылға, адамгершілікке сия ма?--деген Әшірхан Байгөзов бізге көптеген құжаттарды, соның ішінде  тұрғын үйді рұқсатсыз салып қойғаны үшін айыппұл төлеу туралы әкімшілік жазаға тартылған 5 азаматтың құжаттарын, оларға айыппұл салу жөніндегі хаттамаларды ұсынды.

Әшірхан Байгөзовтың айтуынша, басқарманың негізгі міндеттерінің бірі құрылысы сапасын бақылау. Алайда бұл міндетті ойдағыдай атқарып отыр деуге болмайды. Мәселен облысқа қарасты бір қалада заңсыз алты нысан қабылданып кеткен. Дәл осы қаладағы емхананың құрылысынан шу шығып отыр.

-Басқарма құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге 2-санатты лицензия алу үшін құжат тапсырған  «Арх-Нана-Проект» ЖШС-інің басшыларын ұзақ уақыт бойы сандалтқан. Тамызда облыс басшысының ауысқаны белгілі. Аталған компанияға кадрлық ауыс-түйістен кейін ғана лицензия табыс етілген,--дейді Әшірхан Байгөзов.

Арызданушы уақтысында қаржы полициясына, облыс әкімдігіне арыз жазған. Облыс әкіміне жазған шағым бойынша аппараттағы бір қызметкер жауап беріпті. Алайда бұл арызданушыны қанағаттандырмаған.

-Бұл мәселеден облыс басшысы Б.Атамқұлов хабарсыз. Сондықтан облыстың әкіміне мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында болып жатқан жәйттарды ақпарат құралдары арқылы жеткізгенді жөн санадым,--дейді Әшірхан Байгөзов.     

Сіз не дейсіз?

Құттыбек Жамашев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

«Мәселенің заңдылығын түсіндіргеннен кейін арыз жазу басталды»

-Әшірхан аға, уақтысында қаржы полициясына, облыс әкімдігіне талай рет арыз берген. Тексеру жүргізілген.  Бірақ анықталған ештеңе жоқ. Әрине, мен ол кісіні, маман ретінде, жасы үлкен кісі ретінде сыйлаймын. Арамызда ешқандай бас араздық болған емес. Соңғы бір жолыққанымызда қызметкерлер құжаттарды қабылдамай жатыр деді. Мен мәселенің заңдылығын түсіндірдім. Шамасы сөзімді сөйлей қоймады деп түсінсе керек, осыдан кейін арыз жазуды бастады...  

-Рұқсатсыз тұрғын үй салғандарға айыппұлға тарту қаншалықты заңды?

-Айыппұл жаппай салынып жатқан жоқ. Біз барлық уақытта халықтың жағдайымен санасып жұмыс істейміз. 2001 жылы қабылданған «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңың 33-бабына сәйкес сейсмикалық аудандардағы жеке тұрғын үй құрылысы бақыланады. Біздің облыста сейсмикалық аудандарға Түркістан, Кентау қалалары, Созақ, Отырар аудандары және Бәйдібек ауданының жартысы кірмейді. Қалған барлық аудан, қалаларда жер сілкінісі қаупі бар. Мұндай жағдайда жеке тұрғын үйге алдын ала жоба жасалуы тиіс, құрылысты лицензиясы бар мекеме жүргізуі керек. Әрине, заңның бұл талабы 100 пайыз орындалып жатқан жоқ. Халықтың жағдайына қараймыз, жекеменшік компаниялар қазір жеке тұрғын үйлердің іргетасының, қабырғасының, шатырының беріктігіне қорытынды береді. Осыған сүйене отырып, қабылдаудан өтізіп жатырмыз.

-Ал сонда айыппұл салу жағы қалай?

-Айыппұл да салынады. Бірақ жаппай немесе соңдарынан қуалап жүріп салып жатыр деген мәселе жоқ.

-Сонда қандай қағидаға сүйенесіздер?

-Инспекторлық тексерулер кезінде немесе арыз түскен кезде.

-Газеттерге берген сұхбаттарыңызға қарағанда облыста салынған жеке тұрғын үйлердің 90 пайызы рұқсатсыз, жобасыз салынған. Бұл мәселе алдағы уақытта қалай шешіледі?

-Заңның талаптарын толық орындауға бірқатар кедергілер бар. Мәселен, тұрғын үй салу үшін сәулет жобалау тапсырмасын алады. Алдымен техникалық шарт алу қажет.  Ол үшін тұрғын үй салынатын аумаққа су, жарық, газ қызметтері кіргізілуі керек. Ол болмаған соң  техникалық шарт берілмейді.  Техникалық шарт болмаған соң сәулет жобалау тапсырмасын ала алмайды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізудің талаптары жеңілдетілді. Алдағы уақытта да жеңілдетілуі тиіс деп ойлаймын.

-Яғни, үйді саманнан салуға болмайды, құрылысты әр адам өзі емес құрылыс компаниясына салдыруы тиіс деген талапты да жуық арада орындау мүмкін емес қой...

-Саманнан үй салма деген талап жоқ. Бірақ күшейту жұмыстары жасалуы тиіс, саманның өзіне ешқандай күш түспеуі керек.  Ал жеке тұрғын үйдің құрылысын арнайы мамандандырылған компанияға салдырту деген талап әлемнің көп елдерінде бар. Біз дамыған отыз елдің қатарына кіргелі жатырмыз. Мұндай жағдайда өркениетті мемлекеттердің көпшілігінің алдына түсуіміз керек емес пе? Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізу қажет.

Құттыбек Жамашев арызданушы Әшірхан Байгөзовтың айтқан пікірілерімен келіспейтінін білдірді. Облысқа қарасты бір қалада заңсыз қабылданып кетті деген алты нысан бойынша уақтысында тексеру жұмыстары жүргізілген. Құзырлы органдар ешқандай заңсыздық таппаған. Осындағы емхнасының құрылысы бойынша қабылдау актісіне өзінің орынбасарының қол қойған, комиссияға облыс әкімінің орынбасары төрағалық еткен, комиссияның құрамында қаншама маман болған. Уақтысында арыз бойынша қаржы полициясы тексеру жүргізген. Ешқандай кемшілік анықталмаған. Сондай-ақ лицензияны ұзақ уақыт бойы ала алмаған «Арх-Нана-Проект» ЖШС құжаттарын уақтылы түгендемеген. Түгенделген соң заңға сәйкес лицензиясы берілген. Бұдан қандай да бір астар іздеудің жөні жоқ.

Осы аптада редакцияға қайта келген Әшірхан Байгөзов емханадағы сапасыз құрылыс бойынша экономикалық соттың іс қарауды бастағанын мәлім етті. Ал Қ.Жамашев ешқандай заңбұзушылық жоқ дейді.

Сондықтан не де болса, сот төрелігінің нәтижесін күтіп, бұл мәселеге алдағы уақытта қайта оралатын боламыз.

Б.Ерназар, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Батырбек Көшербай уәдесінде тұрды
Тамара Дүйсенова, министр: «2030 жылы 21,5 миллионға жетеміз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу