Тамара Дүйсенова, министр: «2030 жылы 21,5 миллионға жетеміз»
«Ұлттық сарапшылардың және Ұлттық экономика министрлігінің болжамдары бойынша 2030 жылға қарай халық саны 21,5 млн адамға дейін өседі», - дейді денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Астана әкімдігінде өткен кездесуде.
Министрдің айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде қарт адамдардың саны айтарлықтай көбейеді. Ол 6,9 пайыздан 11,2 пайызға дейін өсуі мүмкін.
«Егер дамыған елдерге қарайтын болсақ, оларда қарт адамдардың үлесі жалпы халық санының 20-25 пайызын құрайды және оларға денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған барлық шығындардың 30-40 пайызы келеді. Мұндай құрылымға сәйкес денсаулық сақтау қызметтеріне сұраныс өседі, - дейді министр.
Жалақы 40 пайызға өседі
Премьер-министрдің ресми сайты (primeminister.kz.) таратқан мәліметке қарағанда Қазақстанда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу нәтижесінде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің түрлі санаттарының еңбекақыларын 40 пайызға дейін арттыру күтілуде.
Атап айтқанда ол денсаулық сақтау саласында – 7 пайыздан 28 пайызға дейін, білім беру саласында – 15 пайыздан 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және өзге салаларда– 15 пайыздан 40 пайызға дейін.
Жалақының өсімі қызметкердің білім, біліктілік, жұмыс өтілі деңгейіне байланысты. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін жүзеге асыруға бюджетте 272,6 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылады, оның ішінде 229 миллиард теңгеге жуығы мақсатты трансферлер ретінде жергілікті атқарушы органдарға еңбекақы төлеуге жұмсалады.
Мұрағаттан, 2015 ж