Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
29-03-2023
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы лауазымына жақын арада жаңа басшы тағайындалады.
Жалпы, соңғы кездері мегаполистегі мәдениет саласының сыбайлас жемқорлықтан, тұтқындалу мен сотталудан көз ашпай тұрғаны рас. Былтыр мәдени іс-шараларға бөлінген қаражаттарды ұзақ уақыт ұрлап келген Мәдениет басқармасы мен Шымкент қалалық мәдениет үйінің біраз лауазымды қызметкерлері сотталды. Қаладағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың жөнсіз әркеттеріне шағымданып, шу шығарды. Осыдан кейін көп ұзамай соңынан түрлі әңгімелер ерген Есенованың өзі де қызметінен кетті. Содан бергі аралықта басқарма басшысының креслосы бос тұр.
Бос тұрған лауазымға бұған дейін конкурс жарияланған. Оған құжат тапсырған жергілікті кадрлар өтпей қалды. Енді міне, қайта жариялаған конкурстан Сәкен Шакеев деген азаматтың өткені белгілі болып отыр. Конкурстық комиссия оның кандидатурасын Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы лауазымына тағайындау үшін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке ұсынды.
Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Сәкен Шакеев бұған дейін Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.