Нұрлан Мәсімовтің ісі Прокуратураға кері қайтарылды
Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды аталған өңір сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталған іс бойынша қылмыстық іс жүргізу заңнамасы айтарлықтай бұзылған. Атап айтқанда, іске қатысы барлардың рөлін сипаттауда орындаушы мен ұйымдастырушының рөлі нақтыланбаған. Айыпталушылар М., С. және Е-нің қандай қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке залал келтіргені белгісіз. Сондай-ақ, айыптау актісінде қаржының қандай сомада жымқырылғаны және қанша шығын келгені көрсетілмеген», - дейді облыстық соттан.
Одан бөлек, ресми хабарламада жоғарыда аталған заңға сәйкес келмейтін әрекеттер негізгі сот талқылауын тағайындауға мүмкіндік бермейтіні айтылған.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабына сәйкес негізгі сотты тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуын жою үшін іс Павлодар облысының прокурорына кері қайтарылды», - делінген алғашқы сот қорытындысында.
Айта кетейік, кеше Павлодарда бұрынғы полиция басшысы Нұрлан Мәсімовтің соты басталған еді.
Еске салсақ, былтыр 17 қаңтарда Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылған еді. Сол жылы маусымда Павлодар облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланған болатын. Оған аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылды.
Кейін іздеу жарияланған Нұрлан Мәсімов туралы ақпарат берген адамға 12 млн теңгеге дейін сыйақы берілетіні хабарланды.
2022 жылы 13 шілде де ҚР Ұлтық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресеймен шекарада ұстады.