Түркістан облысында орындалмаған жұмыстар үшін 356 млн теңге аударылған
Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Түркістан облысының тұрғындарымен және бизнес субъектілерінің өкілдерімен кездесуінде Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мекемесінде электр желілері қосалқы стансасын салуға орындалмаған жұмыстар үшін 356 млн теңге аударылғаны мәлім болды. Ал «Төле би ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас есепшісі 8 млн теңгені жеке ашылған есепшотына негізсіз артық аударғаны анықталып отыр. Қабылданған шаралармен жоғарыда айтылған сомалар бюджетке толық көлемде өтелген. Тиісті материалдар құқық қорғау органдарына беріліп, қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Комитет төрағасы мысал ретінде келтірген тағы бір дерекке қарағанда, Төле би ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімімен Ш.Уәлиханов атындағы №16 мектепті реконструкциялау кезінде 17,7 млн теңге атқарылмаған жұмыстар үшін төленген. Аудит материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.
Кездесуде Е.Мыңжасаров мемлекеттік органдардың қаржылық тәртібі және Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің рөлі, сондай-ақ 11 айдағы қол жеткізілген көрсеткіштер, қолданыстағы шаралар және алдағы кезеңге жоспарланған жоспарлар туралы баяндады. Мәселен, өткен жылдың 11 айында 2 151 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, қаржылық бұзушылықтар анықталып, бюджетке өтелді. 8 761 аудит материалдары бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске сәйкес әкімшілік істер қозғалды, олар бойынша 1 886 адам жауапқа тартылған. Ал 186 іс туралы материал құқық қорғау органдарына жолданды және соманың 92%-ы бюджетке қайтарылды. Былтыр жыл басынан бері түрлі салалардан барлығы 37 мыңға жуық өтініш келіп түскен, оның ішінде шамамен 22 734 қанағаттандырылды. Оның ішінде 30 мыңнан астамы – мемлекеттік сатып алу рәсіміне байланысты жүгінген заңды тұлғалар. Қалған жеке тұлғалардан келіп түскен 7 мыңнан астам өтінішті қарастырып әрқайсысына жауап берілген. Өтініштердің көбісі құрылыс, білім беру, көлік, жолаушылар тасымалы және медицина саласындағы бюджеттік ақшаны жұмсау мәселелеріне қатысты болып келеді. «Тексеру нәтижесінде 311,8 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Олардың 11,5 млрд теңгесі бюджетке өтелді, 31 млрд теңгеге тауарлар жеткізіліп, қызметтер көрсетілді, жұмыстар орындалды және 244,7 млрд теңгеге бухгалтерлік есеп бойынша кемшіліктер өз қалпына сәйкестендірілді. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға арналған екі мыңға жуық ұсыныс беріліп, оның 74%-дан көбі орындалды. Негізінен, бұзушылықтар бюджет қаражатын бұрыс жоспарлаудан орын алады. Соның салдарынан бюджет қаражатын асыра жоспарлау, жалақы немесе басқа да төлемдерді негізсіз аудару, орындалмаған жұмыстар және атқарылмаған қызметтер үшін бюджет қаражатын негізсіз төлеу фактілері жиі орын алады», деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ Е.Мыңжасаров комитеттің барлық аумақтық бөлімшелерінде мемлекеттік мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметіне электрондық аудит модулі іске қосылғанын айтып өтті. Жаңа электрондық аудит платформасы арқылы 18 аудит іс-шарасы тағайындалып, оның 9-ы аяқталған. Аталған аудит арқылы 2,3 млрд теңгені қамтып, бюджеттік және де басқа заңнамалардың нормалары 12,5 млн теңгеге бұзылғаны анықталды. Оның ішінде 3,7 млн теңге бюджетке өтелді. Сонымен қатар электрондық аудитті жүргізуді Ішкі аудит қызметтеріне де тарату жоспарланып отыр. Комитет төрағасының айтуынша, сапалы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсатында 2023 жылғы
1 қаңтардан бастап өмірлік цикл құнын пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Сатып алудың осы әдісін жүзеге асыру кезінде өнім берушіні таңдау бастапқы баға негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімінің құны негізінде жүзеге асырылады.
Кездесуге қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары А.Сәбитов өңірдің 2022 жылы қол жеткізілген көрсеткіштері туралы баяндама жасап, тұрғындардың сұрағына жауап берді.