«Мемлекеттік қызметте трайбализмге жол беру керек»

Oinet.kz 30-04-2019 1257

 8989.jpg

             Былтыр еліміздің күнтізбесіне жаңа мереке  қосылған болатын. Ол Мемлекеттік қызметкерлер күні. Жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және тиімді басқару құрылымын құру ісінде міндеттерді іске асыру көбіне мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Сонымен қатар маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызмет имиджі халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімі деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады.   Қазақстанның осын­­­дай жетістіктерге жету жолында мем­ле­кет­тік қызметкерлердің еңбегі де ерек­­ше. Қоғамда ойып тұрып орын алатын мамандық иелерінің соңғы уақыттары мәртебесі, олардың біліктіліктері жайлы сөз қозғалып жүр.  Олардың мәртебесін көтеру ниетімен Елбасының жарлығымен 23 маусым -  Мемлекеттік қызметкерлер күні болып жарияланды. Мерекенің басты мақсаты  мемлекеттік орындарда қызмет істейтін азаматтарды қанағат­тан­ды­рып, жұмысқа деген ынта-жігерді арт­ты­ру, көп­те­ген жыл бойы сіңір­ген еңбегін назардан тыс қал­дыр­май, үздік мемлекеттік қыз­меткер төс­белгісін тағып, марапаттау, елге талмай еңбек етіп жат­қан азаматта­ры­мыз­дың шығар­ма­шы­лы­ғына шабыт беру, халық пен билік ара­сындағы бай­ланыс­ты нығайта түсу.

      Мемлекеттік аппарат еліміздің билік жүйесінде маңызды орын алғандықтан ондағы ішкі тәртіп, ереже мықты болуы керек. Жасыратыны жоқ, жоғарыда отырған мемқызметкер айналасына өз командасын жинақтайды. Нақтырақ айтқанда жерлестерін, руластарын топтастырады. Осыдан келіп мамандардың кәсібилігінің төмендейтіні анық. Мұндай патронат жемқорлыққа жағдай туғызады, тамыр-таныстықты туындатады, кадрлық әлеуетті төмендетеді. Биліктегі бұл шикілікті Елбасы Н.Назарбаевтың өзі жақында ұсынған бес институционалдық реформада атап өтті. Аталмыш реформада президент мемлекеттік қызметкерлердің бүгінгі ахуалына аса мән берген. Мемлекеттік қызметшілердің келешегінің жоқтығын сол баяғы руластарын жинап отырған басшыдан екенін ашып айтты. «Еңбекке ақы төлеудің төмендігінен мемлекеттік қызмет тартымсыз күйінде қалуда. Көбіне-көп мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек жоқ, ал қызметте жоғарылау сол баяғы қамқоршыларға байланысты. Маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер корпусын ағымдағы саяси үдерістер мен жекелеген тұлғалардың тамыр-таныстығына қарамайтындай автономиялы етіп жасау маңызды міндет болып табылады. Сайлаулар, министрлердің, әкімдер мен өзге де басшылардың ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызметке әсер етпеуі тиіс»,- деп атап өтті Елбасы. Әрбір басшы төменнен бастап басқару сатыларынан өтсе біліктілігі, білімі арта түседі емес пе? Осыдан келіп оның мәртебесі біліміне сай айқындалатын болады. Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін біліктілік талаптары қатаңдатылып, барлық деңгейлердегі мемлекеттік қызметшілерді толық аттестаттаудан өткізсе өз ісінің шеберлері жиналар еді.

             Президент өз ұсынысында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы туралы да сөз қозғайды.   Ол «Мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет» деген ұсынысын алға тартты. Қызметкерлердің арасында жалақының тепе-теңдігі сақтала бермейтіні белгілі. Басшылар едәуір жоғары жалақы алса, одан төменгі сатыдағылар екі, үш есе төмен еңбекақы алатыны жасырын емес. Яғни еңбекақы төккен терге емес лауазымға қарай беріліп келеді. Егер Елбасының айтқанындай мейлі ол жұмсақ креслода отырсын, қарапайым маман болсын нақты еткен еңбегіне, жұмысының нәтижесіне қарай ақы төленсе әлдеқайда әділдірек болады.

      Бұл ұсынысқа кімнің, қандай алып-қосары бар? Жалпы бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесін көтеру қажет пе?

 

Бауыржан Тұяқбаев, Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі: 

                              «Сыйақы алу үшін «сыйақы» берсе  реформаның қажеті не?»

               --Мемлекеттік қызметкердің нәтижелілігіне байланысты еңбекақы төлеу жақсы бастама. Өйткені шыны керек ол бірінші кезекте сол мемлекеттік қызметкердің абыройын немесе материалдық жағдайын көтеріп қоймай, оның одан да табанды және нәтижелі жұмыс істеуге өз септігін тигізеді. Сонымен бірге, егер шыныменде осындай реформа қолға алынса бұл мемлекеттік қызметтің де имиджін көтеретіні сөзсіз. Елбасының  бұл бастамасы дер уақытында көтерілген дүние. Бірақ оған мемлекет қазір дайын ба деген сұрақ туындайды. Өйткені ең қиын әрі қара жұмысты істейтін қарапайым мамандар мен бас мамандар, ал абырой мен атақты жинайтын басшылар. Осы үдерістен өте алсақ, яғни сол мамандардың еңбектері бағаланып жатса, онда бұл бастаманың көрегендігін көреміз. Дегенмен, «баяғы жартас сол жартас» болып қалар деген де ой келеді. Себебі  Елбасы айтқандай сыйакы төлеу үшін қоғамның санасы дайын болу керек. Ал бұл жерде шынайылык, тазалык, әділеттілік деген түсініктер қосарланып жүруі тиіс. Бонус пен сыйакы алу ушін де тамыр-таныстык, сыйакы алу ушин оған "сыйакы" беру керек болса, онда мемлекеттік қызмет сол баяғы ескі жүйесінде  қалады.

 

Асқар Орынғали, «Қазақ Петролеум» компаниясының бас директоры:

                                          «Трайбализмге жол бермеу керек»

          --Мемлекеттік қызметкердің мәртебесі сөзсіз жоғары болу керек. Меніңше қазіргі қалыптасқан саяси жүйеде мемлекеттік қызметті жақсарту үшін қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Мемлекеттік қызметке орналасу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті оған тек білімді, лайықты жанды қызметке алған дұрыс. Ол үшін дауыс беру кезінде трайбализмге жол берілмесе деймін. Кез-келген министрлікте, комитетте, мемлекеттік органда қызметкерлердің арасында сол өңірдің тумалары 50-60 пайыздан аспауы керек. Облыстық және аудандық мәслихаттарға жергілікті таза, адал, коғамда беделі бар азаматтар келсе, көптеген мәселелер "автоматты" түрде шешіледі.

 

Ербол Байқонақов, Оңтүстік Қазақстан облыстық  ішкі саясат және дін істері жөніндегі басқарманың  бөлім бастығы:

                                       «Еңбегіне қарай жалақысы»

            -Қоғамды алға да, артқа сүйретін мемлекеттік қызметкерлер. Ел үшін қызмет етіп отырған соң әрбір маман байлық, мансап қумай  жан-тәнімен адал қызмет етсе екен. Мемқызметкерлердің мәртебесін көтеру қажет. Ең біріншіден олардың қоғамдағы өз орны болуы қажет және әркім өз еңбегіне қарай жалақы алсын деген ұсынысты қолдаймын.

 

Бауыржан Тілепбергенов, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы:

                                               «Еңбегінің нәтижесі ескерілсе...»

         --Менің ойым мемлекеттік қызметшілердің жалақысы  істеген еңбегінің нәтижесі мен оның сапасына байланысты болуы ескерілуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілер арасында да өз еңбегіне берілген адал кәсіби мамандар баршылық. Сондай-ақ керісінше кабинетінде таңнан кешке дейін отырып, түк бітірмей жоғары жалақыны қалтаға басып отырғандарда кездеседі. Сол себепті жалақы мәселесінде әділдік орнаған дұрыс.

 

Аманжол Жазықбаев, «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

                                        «Адал қызмет етсе беделі жоғарылайды»

             --Елбасының айтып отырған ұсыныстары әбден орынды. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің беделі төмен деп айта алмаймын. Ол әр қызметкердің өзіне байланысты. Адал жұмыс істеген қызметкердің мәртебесі әрдайым жоғары болады. Ал мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген азаматтарды қызмет сатысында өсіру жүйесін расында да өзгерту керек.

 

Дәурен Дүйсебаев,  «ТВК» телеарнасының тілшісі:

                                                «Қара жұмыстың бәрін қатардағы мамандар істейді»

              --Біраз жыл облыс әкімдігінің қазанында қайнап, қызмет еттім. Сол себепті мемлекеттік қызметкерлердің қыр-сыры маған жақсы таныс. Қазір мемлекеттік қызметтің сапасы ақсап тұр. Елбасы бірінші кезекте сапаның төмен екендігін сынға алды. Сапа жақсы болу үшін мемлекеттік қызметке өзінің қара басының немесе тума-туысының дамуына емес, мемлекеттің дамуына жұмыс істейтін азаматтарды тарту керек. Жасыратыны жоқ, қазір барлық ауыртпалық қатардағы жетекші мамандар мен бас мамандарда. Жұмыстың барлығын солар істейді. Мен өзіміздің өңірдегі мемлекеттік органдарды мысалға алып отырмын. Тіпті, сенбі, жексенбі күні де азаннан қара кешке дейін жұмыста отыратындар бар. Бірақ олардың барлығына демалыс күндері шығып, жұмыс істегендері үшін қаражат төлене бермейді. Былайша да алып жүрген жалақылары мардымсыз. Бізде "бастық жұмысқа шық деді ме, шығу керек" деген нәрсе қалыптасып қалған. Бірақ, Еңбек кодексінде нақты бес күндік жұмыс екендігі тайға таңба басқандай көрсетіліп қойылған. Қосымша қаражат төленбейді ме, онда демалыс күндері жұмысқа шықпауға маманның толық құқығы бар. Осы әрекеті үшін бастығының оған қандай да бір шара көруге құқығы жоқ. Сондықтан, сыйақылар қатардағы мамандарға тағайындалу керек. Басшыларды бұл процесске араластырудың еш қажеті жоқ.

Мұрағаттан, 2015 ж

Дағдарыс кезінде Мәсімов өзін мықты менеджер ретінде таныта алады ма?
Бапаевтың дәурені бітті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу