Дағдарыс кезінде Мәсімов өзін мықты менеджер ретінде таныта алады ма?
Кешегі күні Парламент палаталарының біріккен отырысында Үкіметтің және есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды. Азын-аулақ сын-ескертулер айтылды. Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің айтуынша былтыр республикалық бюджеттің 32 миллиард теңгесі игерілмей қалған. Комитеттің есебі бойынша жоспарланған түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген сома 378,5 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл нені білдіреді? Үкімет түпкілікті нәтижеге қол жеткізбесе де, яғни пайдасының жоқ екенін біле тұра 378 миллиард теңгені желге ұшырған дегенді білдіре ме? 378 миллиард дегеніңіз әжептәуір ақша емес пе? Егер салыстырмалы түрде айтсақ, бұл Оңтүстік Қазақстан сияқты үлкен бір облыстың бюджеті емес пе? Қ.Жаңбыршиннің айтуына қарағанда дәл солай:
-- Бюджеттік өтімділікті есептеулердің толықтылығы мен нақтылығы қамтамсыз етілмесе де, техникалық құжаттамасы мен негіздемесі болмаса да, бірқатар жағдайларда республикалық бюджет қаражаты бөлініп отырған,- деді Қ. Жаңбыршин.
Мәссаған, сонда бұған кім жауап береді? Жиында Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімов депутаттарға бюджет қаржысын игермеуге қатысты жазалау шараларының жүргізілгенін жеткізіп, жұбатқан сыңай танытты. Үкіметте осыған қатысты жиын өтіп, бұл мәселе кең көлемді талқыланған. Кінәлілер анықталып, тиісті жазасын алыпты. Бірақ премьер бұдан арыға барған жоқ. Нақты кімдердің жазаланғанына тым құрыса бір-екі мысал келтіріп жібергенде тіптен қатып кетер ме еді дедік.
--Бірақ,--деді К.Мәсімов --бұл бәрібір де жүйедегі проблеманы шеше алмайды». Мәсімовтың осы соңғы сөзінде үлкен мән бара сияқты. Яғни қаржыны оңды-солды шашудың басты кінәраты жүйедегі жүгенсіздік болған сияқты.
Мәсімов бұдан кейін қара аспанды төндіруге көшті. Алдағы 3-5 жылдың көлемінде жағдай мәз болмайды. Соңғы 15 жылда сыртқа сатылған шикізаттың бағасы жоғары болды. Соның арқасында асыдық, тасыдық. Халықаралық деңгейдегі небір спорттық, мәдени, саяси іс-шараларды өткізіп, мәртебемізді көтеріп тастадық. Мемлекеттік бағдарламаларды бірінен кейін бірін түзіп, оған қаржыларды аяусыз бөлдік. Бір бағдарлама күткен жемісін берді. Бірі тұралады. Бірі тіптен құрдымға кетті. Бөлінген қаржылардың қызығы да шыжығы да болды. Жасыратын не бар, бал ұстап, бармағын жалағандардың көп болғанына күмәніміз жоқ. Айран ішкен құтылды, ал шелек жалағандарды түрмеге отырғыздық. Енді мұндай берекесіз тірлікке тоқтам салатын кез жетті. Алдағы 3-5 жылдың көлемінде шикізаттың бағасы көтерілмейді. Бұл деген сөз экспортқа кетіп жатқан мұнайдан түсетін пайда азаяды. Бір тоқтықтың бір аштығы болатынын былтыр күзде халыққа арнаған едел-жедел жолдауында Елбасының өзі де ескерткен. Елбасы үкімет бір жарым айдың ішінде нақты бағдарламаларын әзірлеп, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске кірісіп кетеді деп еді. Алайда Үкімет не істеу керекті жоспарлауға әлі жыл соңына дейін уақытымыз бар деп отыр.
--Біз қазіргі уақытта алдағы үш жылдың бюджетін әзірлеудеміз. Бұл бюджет жай емес, ол экономикадағы ахуалдың өзгеріске ұшырауына байланысты бұған дейінгі бюджеттен өзгеше болады. Бұған қоса мен атап өткенімдей, қазіргі уақытта комиссия жұмыс істеуде. Таяу бірнеше апта ішінде біз Мемлекет басшысы қарауына «100 нақты қадам» аясында болжанып отырған өзгерістер туралы баяндама береміз және қыркүйекте біз сіздерге заңнамалық өзгертулер топтамасымен келеміз. Біз сіздерден оны 2015 жылдың соңына дейін қабылдауды өтінетін боламыз,- деді Үкімет басшысы. Президенттің 100 нақты тапсырмасын орындау үшін арнайы комиссия құрылған. Комиссияның құрамына Мәжіліс пен Сенат төрағаларының орынбасарлары да енген. «Біз осыған орай, Мәжіліс пен Сенатқа комиссияның жұмысына қолдау білдіріп, заң жобаларын мейлінше жедел қарауын өтінемін. Заңнамалар 2015 жылдың соңына дейін қабылданса игі. Осылай болса, біз келесі жылдың басынан жаңа құқықтық алаңда қызмет етуге кіріссек деп ойлаймыз», - деді Кәрім Мәсімов. Жиында айтылған әңгімелерге қарағанда өзгерістер негізінен мемлекеттің сатып алу саласында, бюджетті қалыптастыруда болады. Сонымен бірге бюджет әкімшілерінің жауапкершілігі күшейтіледі.
Хош, соныменен Үкімет алда келе жатқан дағдарысқа қарай күрт құбыламыз, жағдайға қарай икемделеміз деп отыр. Жұмыс тәсілін өзгертпек, жауапкершілікті күшейтпек. Дағдырыс кезінде Елбасы өзінің мықты реформатор екендігін байқатты. Жол көрсетті, нақты тапсырмалар берді. Ал К.Мәсімов енді өзін қаншалықты мықты менеджер ретінде таныта алады?
Айтқандай Елбасының жолдауында айтылғандай, қандай жағдай болса да (маған десеңіз мұнайдың құны бес тиын болсын), халықаралық маңызы бар, Қазақстанның атын әлемге танытатын, абыройын асқақтататын шараларға бөлінетін қаржы қысқартылмайды. Жемқорлыққа қатысты дау-дамайлар, тұтқындаулар мен басшылықтағы ауыс-түйістер жасалғанымен «ЭКСПО-2017»-ге қаржы жеткілікті дәрежеде бөлінеді. Құрылыс жұмыстары өз мерзімінде аяқталады. Егер Алматы Ақ олимпиаданы өткізу бақытын иеленетін болса, бюджеттің бүйірін опырып кететініне қарамастан Үкімет оған да қаржы тауып береді.
Айтқандай іс-шара демекші, алдағы 6 шілдеде атап өтілетін Астана күніне дайындық биыл қызу жүріп жатыр. Елорда Тәуелсіздік күнін де бұлай тойлмайтын шығар. Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың кеше Орталық коммуникация қызметінде жасаған мәлімдемесіне қарағанда мерекені ұйымдастыруға 4,5 мың адам тартылады. Әлгі 4,5 мың адамның қатарында өңшең кәсіби сценаристер, қоюшы-режиссерлер, техниктер мен волонтерлер бар. Астананың 17 жылдығы Қазақ хандығының 550 жылдығымен, Ассамблея мен Ата Заңның 20 жылдығымен байланыстырылып тойланады. Барлық іс-шаралар Елбасының «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтасады. Іс-шаралардың бісмілләсі 4 шілдеде басталады. Суретшілердің, музыканттардың, цирк өнерпаздарының, көзбояушылардың фестивалдары өтіп, лазерлік-пиротехникалық шоулар көрсетіледі. Іс-шараның соңында қаланың бірнеше жерінде отшашулар беріледі. Астана күніне бас-аяғы 70-ке жуық іс-шара жоспарланып отыр.
Мұрағаттан, 2015 ж