Полицияда жемқорлық үдеп кетті дегенге үндемегендік келіскендіктің белгісі ме?

Oinet.kz 30-04-2019 1061

1472295544_7336109f28a153869417163dff5fade050444141.jpg

Шымкенттің полицейлері әлеуметтік желілерде «хит» болып тұр. Егер басқа елде халықтың тыныштығын күзететін органда істейтін қызметкерлер басшыларының былық-шылығын қолмен қойғандай етіп әшкерелеп берсе, министрден бастап шенділердің талайы отставкіге кетер еді. Ал бізде министр түгілі даулы оқиғаның басты кейіпкері болып жүрген ішкі істер басқармасының бастығы да «ұсталмаған ұры емес» деуден тайынбай тұр. Біздерде мұндай-мұндай бола береді. Ал Шымкентте тіптен... 

Оңтүстіктің полициясында  арыз жазу, бастығының былық-шылығын тізіп, оны ақпарат құралдарында тарату, ақыр аяғында жатып келіп соттасу ежелден келе жатқан ауру. Елдің тыныштығын қорғайды деп, сенім артылған шенділер облыстық полицияны  басқарған Р.Өзбекғалиевтің кезінен осындай әдет тапты. Облыстық ішкі істер департаментін басқарған  генерал Х.Досқалиевтің тұсында аудандық ішкі істер басқармаларын басқаратын бір топ полковниктер шу шығарып,  департаментте жемқорлықтың әбден дендеп кеткенін, басшылардың кадрларды қолғапша ауыстырып, әр аудандық ішкі істер басқармасы бастығыны орнын саудаға қоятынын мәлімдегені есімізде. Масқара тірлік одан кейінгі бастық, генерал С.Досымовтың кезінде де тоқтаған жоқ. «Қызметімнен заңсыз алды» деген біраз полковниктер, сотқа арызданды, Астанаға дейін барды. Енді, міне, қазіргі бастық, осыдан екі жыл бұрын генерал шенін алған Асқар Оспанов та қып-қызыл даудың астында қалып отыр. 

 «Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, подполковник Д.Мейірхан қызметіне тағайындала салысымен өзіне ақша төлегісі келмегендерді орнынан кетіре бастады. Ол осыдан кейін өзінің пирамидасын құрды. Әрбір қызметкер бастығы арқылы 40 мың теңгеден жинайды». Облыстағы ішкі істер департаменті қызметкерлерінің Президент әкімшілігіне жазған домалақ арызы осылай басталады. Арызға қарағанда ақшаны сержант рота командиріне, ол полк командиріне береді. Ақша одан әрі Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы бастығының қолына түседі, ал ол оны облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары С.Абдуллаевқа тапсырады. Бұдан кейін ақша ішкі істер департаментінің бастығы А.Оспановқа барып тіреледі. Жіптің ұшы осы жерде тоқтай ма, тоқтамай ма, пирамиданың ұшар басында тұрған Оспанов па, әлде Ішкі істер министрлігіндегі жауапты басшылар ма, бұл жағы домалақ арызды жазушыларға бұлыңғыр сияқты.  Бірақ, ары-бері есептеп төменнен жиналатын қаржының көлемін шамамен 120 мың доллар деп көрсетіпті. 

Есесіне арызданушылар пирамиданың ең төменгі сатысындағы тірлікті, дәлірегі «перғауындарға» ақшаның қалай жиналатынын әдемі сипаттапты. Ақша көлікке мас күйінде отырып, соры қайнағандардан алынады. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Д.Мейірхан «мәселе шешудің» ставкісін өзі бекітіп қойыпты-- 400 мың теңге. Көлігін заңсыз жерге қойғандарды аңдитын екі эвакуатордың да мойындарында «міндет» бар. Олардың әрқайсысы 200 мың теңге кіріс тауып, басшыларына айына шамамен миллион теңге табыс әкелетін көрінеді. Осы операциялардың бәріне Д.Мейірхан өзі жетекшілік жасайтынға ұқсайды. Осыдан 3-4 жыл бұрын интернетте тағы бір арызды домалатқан қызметкерлер облыстық жол полициясында басшылардың қарамағындағыларға шектен тыс «салық» салатынын, тіпті әр радарды көшеге алып шығудың ставкісін белгілеп қойғанын тәпіштеп тұрып жазып еді. Уақтысында осы жол полициясында жауапты қызметтерді атқарған Д.Мейірхан бұл бизнесті мейлінше жандандыра түскен бе деген ойда қалдық. Отыздан енді асқан шағында подполковник шенін алып, былтыр Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған Д.Мейірхан ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда бір кездері Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тергеу басқармасын басқарған, одан кейінгі жылдары Жамбыл, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне жетекшілік жасаған, генерал Мейірхан Жаманбаевтың ұлы. Оның қызметте айының оңынан тууына әкесінің қаншалықты септігі тигенін білмедік, бірақ, әке жолын қуған ұлдың жемқорлыққа қатысты домалақ арыздың бас кейіпкеріне айналғанына ептеп қынжылғанымыз рас.     

Домалақ арызды жазушылар  бұған дейін Ішкі істер министрлігіне арызданған екен. Орталық аппараттан келген комиссия ешқандай кемшілік таппайды, керісінше,  олардың әрқайсысы 10 мың теңгеден «жылу» жинап, мәртебелі меймандардың жатар орнын, ішер тамағын төлеген көрінеді. Қонақтарды риза қылып шығарып салумен облыстық ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері айналысыпты.  Олар Ішкі істер министрлігіне қарасты өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкері Ж.Мусинге ақша жинап беру үшін Жол патрульдік полициясының және ауданаралық тіркеу емтихан бөлімдеріне салық салады. «Қарсылық білдіргендерді «тексереміз, парамен ұсталасыңдар» деп қорқытты» дейді. Ішкі істер министрлігінен келген тексеру тобына жетекшілік жасаған Дидар облыстық  қылмыстық атқару жүйесі департаментінен, төтенше жағдайлар департаменінен 300 мың АҚШ долларын жинап, оны Ішкі істер министрлігіне алып кеткенге ұқсайды.  

Жуырда осы мәселеге түсінік берген облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрғали Исақов «домалақ арыз қаралмайды» деп кесіп айтты. Бастықтың әңгімесінен түсінегеніміз,  соңғы уақытта жүргізушілерге жөн-жосықсыз соқтығысып, интернетке ілінген қызметкерлер жұмыстан қуылған, домалақ арыз солардың тірлігі көрінеді. Жүргізушінің алдында полицейлік әдепті сақтай алмай қалғандарды дер кезінде құрбандыққа шалып жіберу не деген табылған ақыл десеңізші. Шіркін-ай, сол полицейлерді зыр жүгіртіп ақша жинататын шенділердің сыбағасын беретін адам табылар ма екен?

Әрине, домалақ арыздың аты домалақ арыз. Оның астарында шындық бар ма, әлде бұл басшыларға бекерден бекерге жала жабу ма? Бұған тақсыр уақыттың төрелігін күтейік. Жазылған домалақ арыз  жалған болып шыға ма, жоқ па оны анықтау құзырлы органдардың еншісінде. Әзірге Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Асқар Оспанов ескі әдетіне салып, жұмған аузын ашпай отыр. Осы жайтқа жуырда ғана президенттің қолынан генерал-полковник шенін алған Қалмұханбет Қасымов тым құрыса бір ауыз түсінік берер деп күтіп едік. Алайда министр де үндемеді. Үндемегендік келіскендіктің белгісі ме? Әлде министр мырза,  Шымкенттен Ішкі істер министрлігіне жөнелтілген қап-қап доллардан  алатын ауызбастырығыңыз бар ма еді? Тек шыныңызды айтыңызшы...

P.S. Осы жерде айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Көлікті ішіп алып айдайтындарға, «темір тұлпарын» кез-келген жерге қоя салатындарға қатысты жазаны күшейтуді талап еткенде Парламент депутаттарының мәселе көтергіш, тың жаңалық ашқыш екендігі еріксіз еске түседі. Сол сабаздарыңыз жол ережесіне қатысты айыппұлдарды көбейтумен жол полициясына берілетін параның көлемін де көбейткенін білер ме екен? 

Мұрағаттан, 2015 ж

Назарбаев: «Шұлық, әскери киім, тіпті азық-түліктің өзін шетелден тасимыз. Ұят!»
Дағдарыс кезінде Мәсімов өзін мықты менеджер ретінде таныта алады ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу