Бапаевтың дәурені бітті

Oinet.kz 30-04-2019 1312

Screenshot_2.jpg

«Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын». Аты-жөні тілге орала қалса, осындай теңеуі қоса аталатын Мақтарал аудандық білім бөлімінің басшысы, Қуатбек Бапаевтың осыменен «РайОНО»-лық дәурені аяқталған сияқты. Осы орынтақты иеленген бірнеше жылдың ішінде талай дау-дамай мен қылмыстық істердің басы-қасынан табылған, жоғарыға жазылатын арыз-шағымдардың басты кейіпкеріне айналған және ақпарат құралдарында талай  тақырыптарға тамызық болған басшыны  өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тәртіптік кеңесі қызметінен босату жөнінде ұсыныс берді. Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевқа енді осы ұсынысты орындау ғана қалды. 

Қуатбек Бапаевтың тәртіптік ісі тағы да сол баяғы қаржылық қитұрқылықпен байланысты болып шықты. Мақтаралдың бас мұғалімі былтыр қыркүйекте мектептер мен балабақшаларға пандус және күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу мақсатында конкурс жариялайды. Бір айдан кейін бөлім басшысының орынбасары С.Туребековтың бұйрығымен конкурс өтпеді деп танылып, бір көзден сатып алу тәсілін жүзеге асыру туралы шешім қабылданады. Дәл осы күні, яғни 27 қазанда С.Туребеков «Нұр Проект Монтаж» ЖШС-не және «ALTYN LTD» ЖШС-ігіне білім беру мекемелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 107 760 350 теңгенің жұмыстарын атқару жөнінде ұсыныс береді. Енді мына қызықты қараңыз, аталған жұмыстардың конкурста көрсетілген  қаржысының көлемі 105 412 630 теңгені құрайды. Сонда бөлім басшыларының ұсынысты 2 347 720 теңгеге асырып бергені қай сасқаны?! Дәл осы күні (бәрін бір күнде, едел-жедел тындырудың астарында не гәп бар) Қ.Бапаевтың төрағалығымен өткен комиссия «ALTYN LTD» ЖШС-інің жауабын күтпестен, «Нұр Проект Монтаж» ЖШС-мен бір көзден сатып алу тәсілімен пандус орнату және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 107 760 350 теңгеге келісім-шарт түзу жөнінде хаттама толтырады. 

31 қазанда Қ.Бапаев аудандағы  мектептер мен балабақшаларға пандус және күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалау сметалық құжаттарын дайындау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу мақсатында, ықтимал өнім берушілерді анықтау үшін аукцион өткізуге бұйрық шығарады. Аукционға қатысуға жеке кәсіпкер «Смаилов И.О.» және «Ай нұры Строй сервис» ЖШС өз өтінімдерін берген. 13 қарашада комиссия ЖК «Смаилов И.О.»-ның құжаттары талапқа сәйкес келмейді деп танып, аукцион өтпеді деген шешім қабылдайды. Тағы да бір көзден сатып алу тәсілімен жүзеге асыру жөнінде бұйрық шығарылады. 19 қарашада Қ.Бапаев «Мұстафа» ЖШС-іне білім беру мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 7 661 800 теңгеге жобалау сметалық жұмыстарын түзуге ұсыныс беру туралы хат жолдаған. Бір қызығы, бұл мердігер бұған дейінгі аукционға мүлдем қатыспаған екен. Сонда Бапаевтың аукционға қатысқан мердігерге мойын бұрмай, сырттағы бір серіктестікті аттай қалап алуының астарында не бар? Бұл бағы бізгне белгісіз.  Белгілісі серіктестік білім бөлімі басшысының ұсынысын құп алып, екіарада 7 661 800 теңгенің жұмыстарын орындау туралы келісім-шарт жасалады. Бұл оқиғаның одан әрі де жалғасы бар. «Мұстафа» ЖШС тендерді ұтып алған соң заң талаптарын сақтамаған. Дәлірегі 3 пайыздық ақшалай жарнаны немесе банкіден кепілдік міндеттемелерді қамтамасыз етпеген. Ал білім бөлімінің басшысы орындауға тиіс міндетіне сай заңбұзушылықа жол берген мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арыз бермеген. Осының өзінен-ақ Қ.Бапаевтың ісінде құпия-сырлардың көп екендігі аңғарылатын сияқты. 

Тәртіптік Кеңес отырысында Қ.Бапаевтың орынбасары С.Туребековтың да мәселесі қаралуы тиіс еді. Алайда еңбекке жарамсыздығына байланысты оның ісін қарау кейінге қалдырылды. Естеріңізде болса, бұған дейін Айдархан Бабишев басқарған Мақтарал аймағы бойынша Қаржы полициясы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Қуатбек Бапаев пен бөлімнің бас есепшісі Аралбай Утебаевтың, мердігер «Оникс-ЮГ» ЖШС-ның басшысы И.Бердібековтың үстерінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Оларға жылыжайға жұмсалуы тиіс 17 миллион 106 мың 679 теңге талан-таражға түсті деген айып тағылды. Қ.Бапаевқа мектеп директорларын өмірде жоқ, қағазда бар жылыжайлардың қабылдау актілеріне мәжбүрлеп қол қойдырды, мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылған. Алайда екі жылға созылған даулы іс бойынша сот ақтау үкімін шығарды. Мақтаралдағы масқара жәйттарды ақпарат қралдарында жерден жеті қоян тапқандай жариялап келген қаржы полициясының беделіне әжептәуір нұқсан келді. Қ.Бапаев екі жылдан кейін өзінің орыннына келіп отырды. Тіпті ол тергеуде жүрген кезде де қоғамдық жұмыстарға араласып, түске дейін айыпрталушы, түс қайта аудандық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.

 Енді міне, уақтысында қаржы полициясы қылмыстық іспен қыңқ дегізе алмаған Қуатбек Бапаевты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті тәртіптік іспен қызметінен алғалы жатыр. Тәртіптік кеңес «суға салса батпайтын Бапаевты»  тымақпен ұрып алғандай. Дегенмен дәуреннің баста мәңгі тұрмайтынын Бапаевтың өзі де түсінетін кез келген сияқты.  

...Кезі келді ме, әлде ол сотқа шағымданады ма? Оны тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық. 

Мұрағаттан, 2015 ж

«Мемлекеттік қызметте трайбализмге жол беру керек»
Самат Сапарбаев сыбайластыққа жағдай туғызған ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу