Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Тәртіптік кеңесте мәселесі майшаммен қаралған істің бірі Ордабасы ауданының бір топ шенеуніктеріне қатысты. Жаза басқандарды аудан әкімі Самат Сапарбаев алдына салып айдап келгендей болды. Рас, істі болғандардың ішінде әкімнің өзі жоқ. Дегенмен Самат Сапарбаев қарамағындағы қызметкерлерінің Тәртіптік кеңес мүшелерінің алдында жерге қарап, бір-бірі жаза арқалап шығуына өзінің себеп болғанын, жауапкершілікті бір ұшы өзіне барып тірелетінін сезінді ме екен, жоқ па?
Мәселе былай, ақпан айында Темірландағы екі азаматтың мал базарына қатысты жазған арызы бойынша аудан әкімі Самат Сапарбаев өкім шығарып, арызда көрсетілген мәселелерді анықтау үшін жұмысшы тобын құрады. Жұмысшы тобы шаш ал десе бас алатын әрекетке көшкен сияқты. Олар мал базарының иесі, жеке кәсіпкер А.Тұрмаханбетті шақырып алып, одан құжаттарын сұраған, тиісті өлшеулер жүргізген. Алайда базар иесі құжаттарды көрсетуден бас тартқан соң осы жөнінде анықтама түзіледі. Анықтамада емдік қасиеті бар минералды ыстық су ғимараты мен мал базарының қоршауының ара қашықтығы талаптарға сәйкес еместігі, осы кемшіліктерді жою қажеттілігі көрсетіледі. Бірақ мәселе мал базарының талапқа қаншалықты сәйкестігінде емес. Мәселе жеке кәсіпкерге тексерудің қаншалықты заңға сәйкестігінде болып тұр.
Сәйкес болмай шықты. Жұмысшы тобының жеке кәсіпкер А.Тұрмаханбеттен тиісті құжаттардың сұратылуы тексеру болып табылады, ал заң бойынша мұндай тексерудi тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда мiндеттi түрде тiркелуі қажет екен. Өкінішке қарай, жұмысшы тобы заңның талаптарын сақтамаған. Осы әрекеттері арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жол берген. Осыны негізге алған Кеңес мүшелері жұмысшы тобының құрамына болған, тиісті құжаттарға қол қойған Ордабасы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әмірхан Әлсейітовке «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту», ал Ордабасы ауданы Қажымұхан ауыл округінің әкімі Саттархан Өтебаевқа «ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолдануды Ордабасы ауданының әкіміне ұсынды. Ал аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Әділхамит Ысмағұл мен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маман – сәулетшісі Қазыбек Туреевке «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізілді.
Жалпы кейінгі кездері Ордабасы ауданының әкімі Самат Сапарбаевтың иті қырын жүгіре бастаған сияқты. Жуырда ауданға арнайы іс-сапармен барған облыс әкім Асқар Мырзахметов ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмаған жабық жиында аудан басшысына көңілі толмайтынын, біраз сын-ескертпелерді айтты деген алып-қашты әңгімелер бар. Бәлкім ауданның тізгінін қолға алғанына екі жылдай уақыт болған Самат Сапарбаевтың пәлендей белсенділігімен көзге түсе қоймағаны да жоғарыдағы әңгімелерге негіз болған шығар. Бірақ қалай десек те әкімге тәжірибенің аздығы жетіспей жатқан сияқты.
Айтқандай, кеңесте сөз алған аудан әкімі Самат Сапарбаев халықтан арыз түскен соң жұмысшы тобын құрғанын, ол тек көрсетілген мән-жайларды анықтауды мақсат еткенін айтып ақталған сыңай танытты. Алайда жұмысшы тобын құру туралы өкім шығарған әкімнің оның орындалуын, заң шеңберінде жүргізілуін бақылауына алмауын қалай түсінуге болады? Аудан әкімі өкім шығарып, сол өкімді орындаған қызметкерлеріне енді тәртіптік жаза береді. Әкім заң алдындағы жауапкершіліктен тыс қалды, бірақ ар алдындағы жауапкершілікті қайда қалады?
Мұрағаттан, 2015 ж