«Ұятсыз спектакль»: Танымал шахматшы қыз Тоқаевқа ащы шындықты жеткізді
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың ұйымға ақша сұрату үшін спортшыларды Президент Әкімшілігіне алып келгенін айтып, мәлімдеме жасады.
"Ең соңғы минутқа дейін бізді Олимпиада ойындары үшін министрмен кездесуге алып келе жатқанымызға сенімді болдым. Сөйтсем, Дәрмен Сәдуақасов пен оның басшысы қазақстандық шахмат федерациясының бюрократтары үшін 3 миллиард теңге сұрауға алып келген екен. Осы ұятсыз спектакльдің қатысушысы болғаным үшін ұялып тұрмын. Бүгін басты дайындық болды. ҚШФ басшылығы ертең ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесуге премьералық көрсетілімді дайындап жатыр.
Мен үшін бұл – өте ұят жағдай. Сол үшін кешірім сұраймын. Мен – спортшымын. Спортшы болып қалғым келеді. Мен чемпиондардан "қайыршы" жасауға тырысатын адамдардың әрекетінен ұялудамын. Федерация президенті мен вице-президентін мойындаудан бас тартамын. Қазақстан құрамасының мүшесі, шахматшы және жедел шахматтан қазіргі әлем чемпионы ретінде федерацияға 3 миллиард теңге қажет емес екенін мәлімдеймін. Ол қаражат Жаңа Қазақстанға керек екеніне сенімдімін", – деді ол Instagram парақшасында.