Қоғамдық кеңес шу шыққан мәдениет басқармасының мәселесін талқыламақ
Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жаңаша тәртіппен жасақталғаны, енді оның жаңаша форматта жұмыс істеуге көшкенін өткен нөмірлерімізде жазған болатынбыз.
Естеріңізде болса, жуырда халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық кеңестердің жұмысында өзгерістер болатынын мәлім етті. Осы өзгерістер Шымкенттен басталды. Алдымен қала әкімі Мұрат Әйтенов Қоғамдық кеңес мүшелерінің үштен біріне кандидат ұсыну құқығынан бас тартты. Жаңа құрамның ішіне бірде-бір мемлекеттік қызметкер немесе депутат енген жоқ. Түгелдей, қоғам, саяси белсенділер. Бұдан бөлек Кеңес төрағасы әр үш ай сайын ауысып отыратын тәртіп енгізілді.
Қоғамдық кеңестің құрамында бірнеше комиссиялар жұмыс істейді. Солардың бірі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия мүшелері іске қызу кірісіп кетті. Өткен аптаның жұмасында олар Шымкенттегі №24 мектептің акт залында қаладағы білім беру мекемелерінің бірінші басшыларымен кездесіп, қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның есебін тыңдады.
Комиссияның жұмысын бірінші кезекте білімнен бастағаны бекер емес. Себебі Шымкенттің білім саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің тыйылмай отырғаны рас. Қарамағындағы қызметкерлерден ақша жинаған, пара дәметкен директорлар заң алдындағы тиісті жазасын алды. Енді осындай жәйттардың қайталануына жол бермеу үшін не істеуге болады? Жиында баяндама жасаған қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мектепке маман қабылдау процесін арнайы бағдарлама арқылы жүргізіліп жатқанын және бұл жүйенің оң нәтиже бере бастағанын мәлім етті. Шымкентте қазір төменгі сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Мектеп асханасындағы сыбайластықты болдырмау үшін ыстық тамақты оқушының ішкен-ішпегені арнайы карта арқылы есептеліп отырады. Осы жүйеге көшкен мектептердің саны көбейіп келеді. Жиында сондай-ақ, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері де сөз алып, пікірлерін білдірді.
-Алдағы уақытта комиссия мүшелері қалалық мәдениет басқармасы басшысыларының есебін тыңдап, мәдениет қызметкерлерімен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін талқылауды жоспарлап отырмыз,- деді бізге берген сұхбатында аталған комиссияның төрағасы Жанысбек Өтеген.
Соңғы уақытта қалалық мәдениет саласының басынан шу кетпей тұрғаны рас. Біраз жауапты басшының үстінен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыптармен қылмыстық іс қозғалды. Былтыр Наурыз тойына, басқа да мәдени шараларға бөлінген қаражаттарға, кадрлар арасындағы тұрақсыздыққа қатысты теріс пікірлер әлеуметтік желіде аз жазылып жатқан жоқ. Осы жәйттардың салқыны шығар, жуырда мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың қызметінен кетіп қалғаны белгілі болған. Яғни, мәдениетте талқылайтын, таразылайтын, соның нәтижесімен ұсыныс беретін мәселе көп деген сөз.