Жүрсін Ерман Мұхамеджанның басына "жуынды" құйған халыққа ренішін білдірді
Ақын, журналист, көпшілікке Айтысты жүргізіп танылған Жүрсін Ерман "Тәлім Тренд" бағдарламасының жүргізушісі Мұхамеджан Тазабек туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Мұхамеджан Тазабек ұлтқа зияны ештеңе айтқан емес, керісінше, халыққа тек пайдасы бар өсиеттермен бөліседі. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Соңғы кездері Мұхамеджан Тазабек "Қазақстан" Ұлттық арнасында "Тәлім Тренд" бағдарламасын жүргізгелі бері, оған елдің тарапынан сындар мен айыптаулар көп тағылды. Дегенмен Жүрсін Ерман елдің уәжімен келіспейтінін мәлімдеді.
- Мұхамеджанның теледидардан беріп жатқан тәлімдерін тыңдап көрші. Біздің ұлтқа зияны тиетін бір сөз айта ма? Қаншама шариғи сөздерді келтіріп отырып жақсы мысалдар айтады. Неге оған қарсы болуымыз керек? Мұхамеджанның жеке басына өшпенділігі барлар оның соңына шырақ алып түсіп, әлеуметтік желілерде басына жуындыларды құйып жатыр. Сол кезде мен "Мұхамеджанды қолдаймын, қорғаймын" дедім. Менің қорғағанымнан ол ұшпаққа шыға ма, шықпай ма, білмеймін. Бұрын сектада болса болған шығар, бірақ, қазіргі сөзі дұрыс болса, ісі оң болса, жұртқа жол көрсетіп жатса, осындай азаматтарды сыйлаймыз. Неге оны жек көруім керек? - деді Жүрсін Ерман.
Еске сала кетейік, елдің сынына әбден ұшыраған Мұхамеджан Тазабек бір ай бұрын "Асыл арнаны" жабатынын мәлімдеген еді.
- Асыл арна» телеарнасын ашып, жүргізіп, ҚМДБ-мен бірге қанаттасып, жұмыс істеп келдік. Мінеки, біз күткен тарихи сәт те келді. Бүгін соның куәсі болып отырмыз. Себебі дін деген ең үлкен аманат болғандықтан, өте нәзік және күрмеуі қиын мәселелердің басын құраған ауқымды сала болғандықтан, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын дегендей, сол саланың мамандары тікелей осы шаруаға атсалысуына әрдайым тілектес болып келдік. «Асыл арнаның» былай да жұмыс істеп тұра беруіне болар еді. Оған ешқандай кедергі немесе ешқандай бір өтініш болған жоқ. Бірақ мен өз тарапымнан жұрт ақпаратты бір ғана бұлақтан алсын, алаңдамасын, екі каналға алаңдап, еншісін шашып алмасын, бір жерден болсын деп діни аккаунттардың барлығын «Халық арнаға» тапсырамын деп шешім қабылдадым, – деді ол.