Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев «көтере алмас шоқпарды» «беліне байлап» жүр

Oinet.kz 03-07-2009 1125

Screenshot_12.jpg   

Елбасының тапсырмасына орай «Таза су» бағдарламасы бойынша «Самал-1» мөлтекауданына мемлекеттен қаржы қарастырылып, құрылыс жүргізу құқығын тендерден «Догайн и Компания» ЖШС-і ұтып алды.  Су құбырларын төсеу жұмыстары басталғанда осы аудан тұрғындарының қуанышында шек болған жоқ. Ал қала әкімі Арман Жетпісбаевтың 2008 жылдың қорытындысы бойынша халықтың алдында берген есебінде  «Самал-1» мөлтекауданында 2009 жылы су құбырлары салынып, тұрғындар сумен толық қамтамасыз етіледі» дегенін естігенде, шешеміз ұл тапқандай қуанғанымыз-ай! Бірақ, бұл қуанышымыздың алдамшы екеніне көзіміз жете бастады. 

Ауыз судың зардабын тартқан тұрғындар  ішкі көше оралымдары ішіндегі су құбырларын өз қаржыларына салдырып, көптен күткен суды ішуге дайын отыр. Бірақ, жоғарыда аталған компания мемлекеттің бірнеше жүз миллион қаржысына құрылысын жүргізген орталық су құбырында су жоқ! «Бұл құбырлардың сапасы елге қажетті су көлемін жеткізуге қабілетсіз екен» деген ұзынқұлақтың ақпарын естідік. Ел пайдасына қызмет етуге тиіс, бірақ желге ұшқан миллиондаған қаржының тағдырын кімнен сұрарымызды білмей, дал болдық. «Уәдені берсең – мырзасың, орындамасаң – сырдансың» дейді халық. Мүмкін мұның астарында бізге түсініксіз жайттар көп шығар, әлде бақылаудың аздығы ма? Бірақ, қарапайым халыққа саясат емес, тіршілік көзі – СУ керек! Осындайда «Мінезіңе қарап дос таңда, күшіңді шамалап жүк көтер», - дейтін халық даналығы ойға еріксіз оралады екен. Қалай болғанда да, «Көтере алмас шоқпарды белге байлау» әрдайым көзге қораш көрінеді емес пе?

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Облыс әкімі қызметіне келгеніңізге көп болмаса да, «Дағдарыстан жаңару мен дамуды» межелеп отырған мемлекет мүддесіне тірлігіңізді жарнамаламай-ақ талай тың бастамаға бастамашылық еткен істеріңізбен қолдау көрсетіп отырғаныңыз көзі қарақты елдің оң пікірін қалыптастыруда. «Піскен астың күйігі жаман» деген. Көз алдымызда көлбеп жатқан, ел игілігіне қызмет етуге тиіс, бірақ, бізге белгісіз себептермен жұмыс істемей  тұрған құбырлардың өзегіне су жүгіруіне ықпал етуіңізді өтініп сұрап, Сізге үлкен сенім артамыз. 

 «Самал-1» мөлтекауданының тұрғындары атынан: 

Мәлс Қалдарбеков, Амантай Ділдәбеков, Нұрахмет  Қошқаров, Жүсіп  Рахматуллаев, Көшербай Тілеубергенов.

 «Рейтинг» газетінің редакциясына хат жазған оқырмандарымыздың ой-пікірін қаз-қалпында беріп отырмыз. Әділдігі, талап пен тәртіпке қаталдығы елге кеңінен әйгілі болып келе жатқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов олардың жанайқайын ескерусіз қалдырмай артқан үлкен сенімнің үдесінен шығады деген ойдамыз. Кінәлілер жауапкершілікке тартылып,  келеңсіздік кешіктірілмей реттелмесе еліміздегі ең халық көп қоныстанған, тоғыз жолдың торабындағы облыстың орталығында-шалғайдағы ауыл емес Шымкент қаласының қақ ортасындағы мөлтекауданда тұрғындар ауыз судың азабын шегіп отырғаны абыройды айрандай төгетін-ақ тірлік. Елбасының Шымкентті Қазақстандағы үшінші үлкен қала болады деп сенім артқанын ақтағанымыздың сиқы осы болғаны ма сонда? Дамыған елу мемлекеттің қатарына енеміз деп елпілдеп жүргенімізде мұны естіген, көрген сырт көз-сыншының күлкісіне, табасына қалмаймыз ба? Дағдарыстың кезінде бюджеттің қаржысын талан-таражға салмай әрбір тиынын тиімді пайдалансын деген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескертуіне ерегіскендей бұл неғылған асып-тасқандық? Бәлкім осынау сауалдар ойландырған болар таяудағы Шымкент қалалық мәслихатының сессиясында депутаттар дау көтеріп, «Самал» мөлтекауданындағы тұрғындардың ауыз сусыз азап шегіп келіп жатқаны күн тәртібінде «майшаммен» қаралды. Қала әкімі Арман Жетпісбаев елді алдап есеп беріп үйренген әдеттегі дағдысымен «Таза су» бағдарламасын қатырып орындап тастадық» деп жасалмаған тірлікті құжат жүзінде құнттай бекітіп алмақ болған әрекеті депутаттар тарапынан әшкере болды. Әкім Жетпісбаевтың орындадық деп ойдан құрастырған бағдарламасын қабылдамай тастап депутатармен арада дау-жанжалдың туындағаны жалғыз бұл оқиға емес. Оған сенімсіздік жариялауға дейін сөз қозғалып Жетпісбаевтың масқара күй кеше жаздағаны осыдан болар. Егер депутаттар екіге жарылып «айтқанға көніп айдауға жүретін»бірқатар« тілалғыштар» халықтың мүддесінен көрі әкімнің қарақан басына, қызметіне қызғыштай қорғап араша түспегенде оқиға дәл солай өрбуі де әбден мүмкін еді. Әйтпесе бірнеше жылдан бері бітпей келген тірлікті бірер күннің ішінде жапырып тастаймыз да адамдарды ауыз судың азабынан құтқарамыз деу құлаққа кіре ме? Құбырлардың жарамсыз, сапасыз екені көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрса да қала әкімдігінің уәдесіне иланған депутаттар өздеріне дауыс берген сайлаушыларының алдында, ар алдында қалай ақтап алатыны тіпті түсініксіз.  Су құбырын жүргізген мердігер компания істі біттіге санап, қолының шаңын қағып, енді құбырға су жүгіртіп, сапасын сынамақ болғанда қысымға шыдай алмаған құбыр бірнеше жерден жарылыпты. Мамандардың сөзіне сенсек, құбырдың су қысымына шыдамдылығы жобадағыдан әлдеқайда төмен екен. 

- Жоба бойынша құбыр 10 атмосфералық қысымға есептелген болса, шын мәнінде 6 атмосфералық қысымның өзіне шыдас бермеді. Жол бойындағы құбырдың жарылғанын өзім де көрдім, ортасынан қақ айырылыпты, - дейді, қалалық мәслихаттың депутаты Мұхтар Сыдықов.

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясына қалалық әкімшілік өткен айдың соңына дейін жұмысты толық аяқтаймыз деп уәде еткен болатын. Мәслихаттың өткен жолғы мәжілісінде  уәденің орындалмағаны белгілі болды. Уәде – құдай сөзі екенін ұмытқан Жетпісбаев бастаған команда енді шілденің 5-іне дейін бітіреміз деп мерзімді тағы да сырғытты. Негізінде «түйенің етін жеген» бұл жоба өткен жылы бітіп, халықтың игілігіне ұсынылуы тиіс еді. 

- Ақау толық жөнделіп, жұмыс бітті десе де болады. Қысым жіберіп, магистральді құбырды сынақтан өткізсек болды. Қаржының 5 пайыздық мөлшерін ұстап отырмыз, қалғаны құйылған, дейді – қалалық құрылыс бөлімі бастығының орынбасары Тәжібай Егетаев. 

- Депутаттар мемлекеттік қабылдаудан өтпесе де қаржы толығымен аударылып қойған деп жатыр ғой.

- «Тілде сүйек жоқ «. Депутаттар айта береді. Керек десеңіз депутаттардың өздері де мердігерлер. Депутат айтты екен деп солай ойлауға болмайды. Біздің өзіміздің тиісті заңымыз бар, соның шеңберінде жұмыс істейміз. Құбырдың жарылуына тұрғындардың өздері кінәлі. Ойлап қараңыз, магистральді құбырға тұрғындар өздігінше құбыр жалғайды. Арнайы технология да сақталмайды. Бұлайша жалғауға ешкімнің құқы жоқ. Содан қысым көбейіп, жалғанған жерлерден су атқылайды. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан Рысқұлов көшесі бойындағы құбырдан су фонтан болып атқылады. Атмосфера өте үлкен. Көшенің бәрін су алды. Құбырдың қалыңдығы 2 сантиметр, ол ешуақытта жарылмайды, тек жалғанған жерінен кетуі мүмкін. Осындай олқылықты болдырмау үшін құбырға өздігінен қосылғандардың бәрін алып тастаймыз. 

 Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің өкілі осылайша кінәні халықтың өзіне артып отырғанына не күлерімізді не жыларымызды білмей дал болдық. Бұл әкім Жетпісбаев командасына қандай кадрлер жинақтағанынын айқын аңғартпай ма? Команда  демекші күні кеше ғана оның командасындағы анау-мынау емес болашақта оның орнын басады дейтін лауазымы бар азаматтардың бірі арнайы телефон шалып ашумен біраз жайтты ақтарып айтып тастады. Келешекте бұған кеңінен тоқталармыз, әзірге әңгімесінің түйінін ған тілге тиек етсек «дәл қазір Арман Жетпісбаевтың кабинетінен шыққан сәтім, оған қызметіңнен тездетіп кетпесең бәрін бүлдіріп, құртып, былық-шылыққа батырып біттің. Қызметінен кету керектігін нақты дәлелдермен бетіне бастым. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке арнайы  кіріп  ащы шындықты түгелдей айтпақшымын» дейді ол ызаға булығып сөйлеп. 

Ел аузында «Рейтинг» газеті жазғаннан кейін «Бала шопан» деген атқа ие болған  әкім Жетпісбаевтың «іс тетігін шешеді» дейтін командасындағы кадрлерінің арасында өзара бірлік, ынтымақ жоқтығын, қайта алауыздық басымдығын бұған дейін де жиі еститінбіз. Бұл жолғы депутатармен дауласқаны –мынау, командасындағы кадрының сөзі –анау. Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов халықтың жанайқайын, өзге де жайттарды ескеріп қандай шешім қабылдайды екен. Міне мәселе осында! 

Дайындаған Шадияр Молдабек

Депутаттар «ұйқыдан енді оянды»
«Замаким» 50 000 доллар пара сұраған «Снвест» Жетпісбаевтың жетегіндегі компания ма?тройи
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу