«Замаким» 50 000 доллар пара сұраған «Снвест» Жетпісбаевтың жетегіндегі компания ма?тройи

Oinet.kz 17-07-2009 1198

Screenshot_1.jpg

«Атың шықпаса жер өрте». Бұл мәтелдің босқа шықпағанын дәлелдеуге Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев шындап кіріскелі қаш-а-ан.  Алдымен өзін ешкімге бағынышты болмай еркін құс сияқты сезінетін кәсіпкерліктен ойда-жоқта биліктің биік бұтағына ауысқанда атын әдемілеп бір шығарды. Өзгелер талай баспалдақты жүріп өтіп  жететін Шымкент қаласының әкімі қызметіне ол облыс әкімінің орынбасары орынтағында аз ғана уақыт отырып бірдестен бару арқылы «атың шықпаса жер өртені» елдің есіне түсірді. Биліктің бишігін ұстағалы бері «атын шығарып жер өртеу»  жағынан басқаларды басып озбаса ешбір шенеуніктен қалыса қойған жоқ. Облыс әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасары кезіндегі «өртеген жері» жетерлік . Бір ғана мысал, Елбасының  ерекше тапсырмасымен Шымкент қаласында жаңадан қан орталығының ғимараты салынуына   байланысты алыстағы шетелдіктерге дейін шулаған үлкен дау-жанжалдың жалыны тұтанды. 

Шымкент қаласының әкімі ретінде тізгін қолына тигелі «атын шығарып жер өртегені» тіпті шаш-етектен. «Көтере алмас шоқпарды беліне байлап» артқан сенімді ақтай алмай 1 миллионға жуық тұрғын тұратын облыс орталығының тіршілігін шатқаяқтатуы шектен шыққаны  халықтың, сол халықтың көзі, тілі һәм құлағы баспасөздің ауыр сынына қанша мәрте ұшырады. Кеңескен, келіскен түрде бірлесіп жұмыс істеуі тиіс мәслихат депутаттары «әкімнің қызметіне сенімсіздік жариялау туралы» әңгіме қозғауға дейін барды. Ол ол ма сүрінгенде сүйеу, құлағанда демеу болуы тиіс командасындағы кадрларының өзі онымен түсініспей, айтысып-тартысып жатқаны қайбір жақсылық дейсіз. Алдағы күндері Арман Шәріпбайұлын  тағы да тамаша сюрприздер күтіп тұрғанына қарағанда «атын шығарып жер өртеуі» «жарасымды жалғасын»  табатын тәрізді. Бәрібір Жетпісбаев    «әкімдікті  әкесінен қалған мұрадай» көріп  көпшілікке жақпаса да жоғарыдағылардың көңілін  тапқанына мәз болып, қашан күшті біреу аударып тастағанша аттан түскісі жоқ.  «Бақсақ бақа екен» демекші, Арман мырза билікке келгенде халықтың аманатын арқалаудан көрі бас пайдасын, бақай есебін көбірек көздейтіндей ме, қалай өзі?! Өйткені ол билікке араласқалы нағыз батпанқұйрықтың өзі, оңай жолмен теңге сауудың көзі саналып жүрген тендерде жеңіске жету Арман Жетпісбаевқа тікелей қатысты компаниялардың еншісіне тиюге көшкенін жиі ести бастадық. Папкіге келіп түскен фактілердің қайсысы рас-өтірігіне журналистік зерттеулер жүргізуге, сараптамалық мақалалар әзірлеуге қазірдің өзінде кірісіп те кеттік. 

Жетпісбаевтың жетегіндегі компаниялардың бірі әрі бірегейі -«Стройинвест». Арман Шәріпбайұлы еңбек жолын 1992 жылы «Стройинвест» кіші кәсіпорнында қатардағы тас қалаушы болып бастаған. Тас қалап жүріп Арманның күндердің күнінде «Корпорация АРНА» акционерлік қоғамының басқарма төрағасына айналғанына қызықпасақ қызғанудан аулақпыз.  Бүгінде корпорацияның құрамына «Арна проект», «Арна строймаркет», «Арна петролеум», «Стройинвест», тағы басқа да компаниялар  кіреді. Жетпісбаевтың кәсіпкерліктегі жетістігін, іскерлігін мемлекеттік қызметте сабақтастыра алмағаны өкінішті-ақ. Керісінше айқай-шудың,  теріс жағынан «атын шығарып жер өртеудің» өршуі күн өткен сайын күшейіп келеді. Нақты дәлелге жүгінсек прокуратура саласының абыройлы ардагері  Ш.Абдуллаев ақсақал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында Арман Жетпісбаев пен оған тікелей қатысы бар “Стройинвест” компаниясына қатысты өте өткір сын айтқанына көп бола қойған жоқ. Заңдылықты қадағалауға әбден үйренгендіктен заңсыздыққа шыдамай шымбайға батар шындықты бетке айтқан оның  сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласы  Желтоқсан көшесіндегі  тұрғын үйлердің құрылысын толық аяқтау туралы «Стройинвестпен» келісім-шарт түзілген.  Компания тұрғын үйлердің  құрылысын сапасыз жүргізгенімен қоймай толық бітірмегеніне қарамастан салтанатты түрде Елбасының қатысуымен баспанаға зәру жандарға кілт тапсырылғаны таңдандырады. Бүйтіп, елді алдау, Елбасыны алдау заңға да, арға да сыймайтыны анық. «Мешкей деген жақсы ат емес» деуші еді, бұған қоса тұрғын үйлерге тиесілі 0,3646 гектар жер жекешелендірген. Абдуллаев ақсақалдың айқайына үн қосқан  71 тұрғынның қала әкімі Арман Жетпісбаевтан  жер телімін қайтаруды талап еткені есімізде.  

Осы аптада «Стройинвестке» қатысты кезекті рет шу шықты. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің қызметкерлері “Отырар-Темір станциясы” тас жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін қаралған жалпы көлемі 75 миллион теңгенің тендерін ұтып алған “Стройинвест” компаниясынан 10 пайыз “откат” дәметкен Отырар ауданы әкімінің орынбасарын қызметтік кабинетінде ұстады. Оның үстінен аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін қылмыстық іс қозғап, қамауға алды. Әдетте  пара беруге мәжбүрлеу орын алғанда шағымданушылар «барар жер, басар тауымыз қалмай шыдамымыз таусылған соң құқық қорғаушылардан пана іздедік» дейтін. Егер бұл «Стройинвест» Жетпісбаевтың жетегіндегі  компанияның нақ өзі болса, оны қорғансыз деу көкейге қона ма? Әлде «парақорларды жазалау- жемқорлықпен күресу емес, жасанды сценариймен жүзеге асуда» деп жұрттың сын тағып жүргеніндей  мұны әдейі арандату дейміз бе? Қалай деген күнде де аудан әкімінің орынбасары құқық қорғаушылардың құрығына ілігуіне септігін тигізген «Стройинвест» расында да Жетпісбаевтың жетегіндегі компания ма? Бәлкім атауы ұқсас басқа компания, бәлкім нақ соның өзі болар. Қысқасы бұл «Стройинвест» қандай компания, қашан құрылған, құрылтайшылары кімдер? Мұндай сауалдардың  нақты жауабын зерттеместен, рас-өтірігін, ақ-қарасын айырмастан  бүгінде «ойбай, не дейсің анау «замаким» 50 000 доллар пара сұраған компания әкім Арман Жетпісбаевтың жетегіндегі компания дей ме?» деген сыпсың сөз   елдің аузында желдей есіп жүр. Жел сөз бе, жөн сөз бе? Қайсысы болса да кімнің аузына қақпақ қоясың? Әйтеуір қатысы болсын, болмасын Арман Жетпісбаевтың тұзы жеңіл болып тұр. Тағы бір мәрте «атың шықпаса жер өрте» жасады. 

 Министрлер мен Ұлттық компания төрағаларының  аяғын аспаннан келтіріп жатқан қаржы полициясына аудан әкімінің орынбасарын ұстау сөз болып па?! Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп тұрған заманда мұны тосын жаңалық деуге болмас. Бірақ,  әңгіме ұсталған азаматтың шенінде емес, алған парасының көлемінде болып тұр. Оның қалтасынан алынған долларлар “параның аса ірі көлемдегі партиясына” жатады.

Отырарлық орынбасар 50 мың доллармен қолға түсті. Кентау мен Арыстың, Созақтың әкімдерінің “ставкісі” 2-5 мың доллардан аспап еді, ал, 50 мың доллар дегеніңіз…

Осыдан 3-4 жыл бұрын Отырар ауданы әкімінің бір орынбасары 200 доллармен ұсталған еді. Бұл сол кездегі өлшеммен алғанда, қаржы полициясы үшін ең ірі “шортан” болатын. Бірақ қылмыстық істің ақыры аса аянышты аяқталды. Айыпталушы абақтыда отырып өз-өзіне қол жұмсады. Одан бергі аралықта талай-талай “шортандар” қармаққа түсті. Олардың ішінде департамент директоры да, аудан, қала әкімдері де бар. Бірақ, олар 50 мың доллар алған орынбасардың шаңына да ілесе алмай қалды. 

Қолға түскен шенеунік алған парасының көлемі жағынан облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары болған Айжамал Мамытбековадан кейінгі екінші орында тұр. Оның алған “сыйақысы” 53 мың долларды құраған болатын. Сол үшін А.Мамытбекова 5 жылға бас бостандығынан айрылған. Ал мына айыпталушының тағдырына құқық қорғау органдары қандай төрелік айтатынын тақсыр уақыттан білетін боламыз. 

"Рейтинг" газеті

Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев «көтере алмас шоқпарды» «беліне байлап» жүр
ОҚО-да жұқпалы дерт жұртқа қашанғы үрей туғызады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу