ОҚО-да жұқпалы дерт жұртқа қашанғы үрей туғызады?

Oinet.kz 16-07-2009 1137

v-evrope-rasprostranyaetsya-kongo-krymskaya-gemorragicheskaya-likhoradka_foto-iz-seti-internet_1_2016-09-2-15-21-01.jpeg

Түркістан қаласындағы перзентханада босанған 23 жасар Шахида Исмаиловаға ота (операция) жасаудың ақыры  бас-аяғы 1 аптаның ішінде 5 бірдей адамның бірінен кейін бірі жұмбақ жағдайда көз жұмуына апарып соғуы бүгінде жұртты дүрліктіріп-ақ жіберді. Алдымен  3 шілдеде жарық дүниенің есігін ашқанына небәрі тоғыз күн толған сәби шетінеп, ертеңіне анасы да ажалдың құрығына іліккен. Оған ота жасау үшін облыс орталығындағы клиникалық ауруханадан өте тәжірибелі дәрігер ретінде арнайы шақырылған Зейнулла Қабдиев 9 шілде күні ойда-жоқта қайтыс болса, арада 2 күн өткен соң онымен бірге ота жасауға атсалысқан жергілікті хирург Сайлаубек Өскенбаев пен дәрігер-неонтолог Шынар Бақбергенованың өмірі қыршынан қиылғаны өкінішті-ақ. Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнаурбек Маймақовтың сөзіне сүйенсек, сәбидің шетінеуіне ыстығы көтерілуі және  денесіндегі тері қабаттарының сарғаюы себеп болыпты. Бақилыққа аттанған анасы байғұсқа жатырынан тоқтаусыз қан кеткендіктен  «қарыншаішілік қанталау мен ми қан айналымының бұзылуы» деп қойылған диагнозға сәйкес екі мәрте ота жасалғанымен ешқандай септігі тимеген. Ал Қабдиевтің қазасын  «созылмалы гепатит, гепортанальды  синдром, созылмалы панкреатит» деген диагноздан іздеу қажеттігін қадап айтты. Ол  «дәрігерлерге  босанып өлген анадан қырым қанды безгегі жұғыпты» дейтіндердің жорамалы шындыққа жанаспайтынын алға тартып шырыл қағып отыр. Тек 2 дәрігердің, дәлірегі адамға кененің шағуы арқылы тарайтын мұндай аса қатерлі дертпен дәрігерлер Өскенбаев пен Бақбергенованың ауырып, олар қырым қанды безгегіне шалдыққандарын білмей өз беттерінше  қам-қаракетке барғандықтан дер кезінде дұрыс емделмей қайғылы қазаға ұшырады-ау деп күдіктенетіндерін тілге тиек етті. Басқарма бастығы Ә. Маймақовтың нәрестесі екеуі де бақилық болған Шахида Исмаиловаға бірнеше күн бойы қараған дәрігер-анестезиолог Бауыржан Бегімовтің, акушер-гинеколог Нұрбол Өтепбергеновтің, сондай-ақ тазалықшы (санитарка) Айжан Қалыбекованың ауру жұқтырмағанына, қазір аман-сау екеніне баспасөз мәслихатында ерекше тоқталуы бекер емесі белгілі. «Прокуратурадағылардың  басында 7 адам, 11 адам қырым қанды безегегінен қайтыс болды деген мәліметті қайдан алғанын өздері білер. Бірақ, шындық мынау: қырым қанды безегегін жұқтырған дейтін күдікпен қайтыс болғандар екі адам» дейді ол.

Ал облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Бақтыгүл Оразова оқыс  оқиға алғаш айтылған тұста «облыстық денсаулық сақтау басқармасы аса қауіпті дерттің басталғанына қарамастан ешқандай құзырлы органға хабарламаған. Оның таралу аумағын анықтауға ешқандай шара көрмеген. Жасырмақ болған» деген ақпарат таратқан еді. Таяуда журналистермен жүздескен облыс прокуроры Марат Ахметжанов «3 жыл бұрын аса қатерлі ауруды жасырудың арқасында балаларға жаппай жұқтырып алдық. Сондықтан қазіргі жағдайды жасырмай ашық, анық болуы үшін іс қозғадық. Тергеу барысында себебі не, кім кінәлі екені болады» деді. Прокуратураның қылмыстық іс қозғауына Түркістан қалалық перзентханасында санитарлық талаптың тиісті дәрежеде сақталмауы түрткі болып отыр. Сонымен қатар қырым қанды безгегін таратушы кенелердің көзін жоюға көктемде бюджеттен бөлінген қаржының қаншалықты өз мақсатына жұмсалғаны тексерілмекші. Алайда қандай құзырлы  мекеме тексерсе де босанып өлген әлгі әйелдің жұқпалы ауруға шалдыққан-шалдықпағанын анықтау тым қиынға соғатын көрінеді. Қысқаша тарқатып айтсақ Оңтүстік Қазақстан  облысының прокуроры Марат Ахметжановтың пікірінің ар жағындағы тұспалы  түсінікті. Үш жыл бұрын дәрігерлердің салғырттығы мен салақтығы салдарынан оңтүстікқазақстандық бейкүнә бүлдіршіндер ВИЧ инфекциясын  жаппай жұқтырып, атың өшкір ауруды бастапқыда жауапты адамдар жасырмақ болғанын кезінде «Жас Алаш» газетінде бірнеше дүркін жан-жақты жазғанбыз. Сол жұртты ұлардай шулатқан жұқпалы дерт  жүздеген баланың болашағына балта шауып, олардың ата-ана, ағайын-туыстарының өмірін өксітіп қана қоймай осыған кінәлі саналған талай дәрігердің сотталып тынғаны ұмытылмайтын ащы сабақ емес пе еді?! Өкініштісі сол бұл жолы да кешірілмейтін келеңсіздік тағы қайталанып, прокуратура өкілдері дәрігерлердің салғырттығын, жұқпалы дертті жұрттан жасырмақ болғанын айыптап отыр. Айыптауға қаншалықты айғақ табылары  тергеу амалдары аяқталған соң анықталса, бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз. 

Айтпақшы дәрігерлердің қырым қанды безгегі дейтін аса қатерлі дертті дер кезінде анықтауға дәрменсіздік танытып, адамдарды ажалдан арашалап қала алмағаны екі жыл бұрын да елді шулатқан болатын. Нақтырағына көшсек  орны толмас опық жегізген оқиға 2006 жылы Сарыағаш ауданының Сарыүйсін ауылында болды. Ыстығы көтеріліп, аузы-мұрнынан қан кеткен 11 жасар Әлішер Өмірбаевты бастапқыда ата-анасы Абай ауылындағы орталық ауруханаға жатқызып,  аурудан беті бері қарамаған соң артынан Ташкентке апарады. Ондағы дәрігерлер оған лейкоз деген диагноз қойып, қателікке ұрынады. Дәрігерлер Өмірбаевтың өмірін сақтап қала алмай, қыршын жастың пәни дүниедегі талқаны таусылғаннан кейін барып қырым қанды безгегінен өлгенін біліпті. Осыған байланысты оның қайтыс болу себебі қырым қанды безгегінен емес, лейкоз ауруынан деп есепке алынған. Бұл 21 мамыр күні болған оқиға еді. 

Жауапты адамдардың аса қауіпті ауру туралы дабыл қақпай, төтенше оқиғаны жым-жырт жаба салуының ақыры жақсылықпен аяқталмады. Екі аптадан кейін қырым қанды безгегі қыршынынан қиған баланың анасы Бақытгүл Байтөрееваның да осы аурудан ажал табуы елді елең еткізді. Науқаспен қарым-қатынас жасаған адамдар бақылауға алынып, дәрі егіліп, қатаң режиммен жұмыс істелгенімен арада 5 күн өткенде бәрібір індетті жұқтырған бір санитарка көз жұмған. Қатерлі дерттің құрығына іліккендер арнайы  цинктелген табытпен жерленген. Мамандар қайғылы оқиғаның қайталануын қырым қанды безгегі ауруы Сарыағаш ауданында бұдан 50 жыл бұрын тіркелгенін, сол себепті ауруға қарсы тұруға дайындық жоқтығын айтып ақталған еді. Міне, тағы да ақталу, бірін-бірі айыптау... Жұқпалы дерт жұртқа қашанғы үрей туғызады?

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы

«Замаким» 50 000 доллар пара сұраған «Снвест» Жетпісбаевтың жетегіндегі компания ма?тройи
Нұралы Әбішев: "Тендерден гөрі маған имиджім, атымның былғанбауы әлдеқайда қымбат"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу