Өмірдің өзі анекдот (әзіл-қалжыңдар)

Oinet.kz 30-04-2019 1284

«Қызылордада не болған?»

Үкімет үйі. Жиналыс. Бір министр екіншісіне:

смайлик.jpg

– Қызылордада бірдеңе болған дей ме?

– Білмедім. Не болыпты?

– Жаңа әкімі бірдеңе деп жатыр еді ғой.

– Уатсапта отырып, байқамай қалыппын.

Содан екеуі екі жаққа қарап «Қызылордада не болған?» деп жатыр. Ешкім білмейді. Сұрақ бас министрге келді. 

– Айтпақшы, Қызылордада «Протон» құлапты ғой,– деді ол. Министрлер кабинеті дүр ете қалды. Әр-әр жерден «Протон» құлағаны қалай?», «Қашан құлапты?», «Бәсе, кеше үйдегілер бірдеңе айтқандай боп еді», «Е, өткенде газет пен теледидардың айтып жатқаны сол екен ғой», «Алдыңғы күні басым ауырып еді, соның әсері деші» деген сөздер гулеп кетті.

– Барып-қайту керек, жігіттер!– деді бас министр. 

Бас министрдің орынбасары, Экологияның бастығы, ғарышқа жауап беретін ғарышкер Қызылордаға қарай жиналды. "Уы қайтқан шығар, иә?" деп қояды бір-біріне қарап. 

– Айтпақшы,– деді олар есіктен шығып бара жатып. – Ана ақпарат министріне айтыңыз, бізді қу жанын шүберекке түйіп, бастарын қатерге тігіп гептил төгілген аймаққа барды,– деп айтсын газет-журналы мен теледидары...

***

«Толқынның» төртінші бетіне шыққыр...

Әр ауданның өз газеті бар ғой. Осыған байланысты бір әңгіме.

Аудандық газеттердің бірінші және екінші беті ресми хабарламалардан тұрады. Үшінші және төртінші беттерінде көңіл айту, еске алу, асқа шақыру, мерейтоймен құттықтау болып кетеді. Көбіне асқа шақыру мен көңіл айту басылады. Кей кезде тұтастай кетеді. Сондайда «мына ауданның адамдарына зауал келген бе?» деген жаман ойдың келетіні де анық. Осыны байқаған Арал ауданының адамдары жаңа әзіл түріндегі қарғыс шығарыпты. Аудандық газеттің аты «Толқын». Бір-біріне кейіген кейбіреулер:

Өй, «Толқынның» төртінші бетіне шыққыр,– дейді екен. 

Күлесіз бе, күрсінесіз бе, ерік өзіңізде...

***

«Арақ ішіп алып айдайтын болған ба?»

Алматыға Тараздан ұшып келе жатқан «Скаттың» тағы бір ұшағы әуежайда апатқа ұшырай жаздағанын әлгінде естіген ек. Жаңа жаңалықтардан көрсетіп жатты. 90 жастағы әжем үйде еді.

– Не деп жатыр?– дейді.

– Тағы бір ұшақ құлап қала жаздапты.

– Адам аман ба екен?

– Аман, апа.

– Бұрын сәмәлөт құлады дегенді естімейтін едік. Мына иттен жарағандар арақ ішіп алып айдайтын болған ба, немене?– десін. Күлкі арсыз ғой. Ішегім түйіліп қала жаздады...

Ержан БАЙТІЛЕС, 

«Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі

Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту қате екенін Парламент депутаттары «енді түсінді»
Әрбір төртінші депутат намаз оқиды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу