Мұрагер. Дариға Назарбаева
Бір басына бірнеше өнер қатар қонған жан миллиондаған адамдардың ішінде бірді-екілі ғана кездеседі. Бүгінгі біз сөз етпек кейіпкеріміз сондай шоқ жұлдыздың бірі әрі бірегейі. Сөзіміздің басында бірден айта кетейік, өкінішіке қарай, осындай феноменді тұлғаға сарқылмас сиқырлы қабілет пен күш-жігер қайдан келгенін ғылыми тұрғыда айқындап, түсіндіріп бере алатын ғалымдар елімізде мүлдем жоқ.
Дегенмен, жұлдыздың жарығын көлегейлеп алмас үшін аз-кем уақытыңызды алып әлқиссаны өрісіміз жеткенше әріден бастайық.
Кезінде миллиондаған талапкердің бағына бұйырмаған Мәскеудің М. Ломоносов атындағы оқу орнына кейіпкеріміз сүрінбестен түсіпті. Және ол жердегі оқуын бітірместен білдей бір академиктің келіні атанған. Сөйтіп, арман қуып Мәскеу көрген қыз келіншек атанып, 1985 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің дипломын қанағат тұтты. Бұл шақта оның қарапайым қазақстандық қара қыздардан айырмашылығы аз еді.
Десек те, туғаннан қайтпас қайсарлығы бар ол өзгелер үшін қиын сәтке айналған 1990 жылы Мәскеудің мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Ошақ қасы, бала-шаға қамын қатар алып жүріп, өзі ұнататын Италиядағы саяси күрес тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Түн ұйқысын төрт бөліп, көз майын тауысып, шаң басқан мұрағаттарға қанша мәрте түшкіргені бізге беймәлім, бірақ, кейіпкеріміз 1998 жылы «Тәуелсіз жаңа мемлекеттердегі саяси жүйенің демократизациялануы» айдарымен анау-мынау емес Мәскеуде (!) саяси ғылымдардың докторы атанды. Саясат тақырыбындағы қазақ докторларының саны біреуге көбейген сол тұста кезекті экономикалық дағдарысты тесік қалтасымен күтіп тұрған қазақ қоғамы болашақ жұлдызға аса мән бермеді. Дегенмен, саналы ғұмырында ғылымның соңына түскен әсіресе, күйеуінің қабағына, бала-шағасының қылығына қарап қалған миллиондаған әйелдер біздің кейіпкеріміз секілді «оқу мен тоқуда» осындай жетістікке жеткен емес.
Алдымен тарихқа көз салып, кейіннен саяси ғылымдардың докторы болып кеткен кейіпкеріміз осы жылдар аралығында таңнан кешке дейін кітап мүжіп, саусағының ұшын қаламға ойдырып отырды десеңіз, оңбай қателесесіз.
Талабы мен таланты шексіз кейіпкеріміз бұл аралықта кәсіпкерліктің биік шыңына да жетті. Аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдардағы дағдарыстың шағында ала дорба арқалап белін қайыстырған, таңнан кешке базар аралап, табанына сыз өткізе жүріп, қазіргі заманауи тілмен айтсақ, «халал» маңдай терімен жетістікке, «халал» байлыққа қол жеткізген азаматтар баршылық. Бірақ, сол миллиондаған кәсіпкерлердің бірде бірі қанша тыраштанса да бүгінгі кейіпкеріміз секілді мол табысқа жеткен емес.
Әрине, сіңілісі секілді жылтырақ журнал беттерінде «Қазақстандағы миллиардер әйел» деген дәрежесін әзірге алып үлгермеді. Дегенмен, «оның жиған терген байлығы бір облыстың бюджетінен аз» десе, бұл сөзге сенбейтіндер көп. Мұндай ұшқары ойлайтын, әр нәрсеге үзілді-кесілді кесімді пікір айтқыштарды сөзбен жеңу қиын әрине.
Жалпы, «кез келген олигарх үшін жеке телеарнаның қожайыны атану -- Құдай болумен тең» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Оның қайсысы қисынға қаншалықты жанасатынын дөп басып айта алмаймыз. Бірақ, бүгінгі сөз етіп отырған кейіпкеріміздің кәсіпкерлік пен шығармашылық қарқынының қуаттылығы соншалық өзінің басшылығымен соңғы жиырма жылда бірнеше телеарна, газет, радиолар ашып, оның кейбірін өзіне ұтымды бағамен мемлекетке сатып та үлгерді. Білгіштер осы мүліктің біразы бұрынғы күйеуінің арқасында келгенін айтады. Алайда, кейіпкеріміз де қара жаяу емес. Анау-мынау емес елдегі ең ірі телеарнаның бірінші атаманы болды емес пе! Кім не десін, қандай да бір бұқаралық ақпарат құралын осылайша басқару миллиондаған тілшінің өмірі орындалмайтын арманы!
Кейіпкерімізге дау қуып, жаңалықпен жарысқан тілшілер ғана емес, әншілер де қызығып, қызғана қарайды. Елімізде шын талантты, күміс көмейілі, жезтаңдай әнші көп. Құдай берген киелі өнерді азаннан ақшамға дейін сан жылдар бойы үздіксіз шыңдап, киелі өнерге «құл» болған жандар жеткілікті. Бірақ, сол милиондардың ішінде бүкіл шенеунікті жинап алып, ду шапалақтан алақандарын қызартып, қол соқтырған жан біреу ғана.
Бергісі Мәскеу, арғысы Париждің сахынасында бұлбұлдай сайрау қазақстандық қана емес, әлемдегі миллиондаған әншінің түсінде ғана орындалатын киелі арман! Біздің кейіпкеріміз осы арманға да қысқа мерзімде, орта жастан асқан шағында оңай жетті. Өз дауысы, өз еңбегі, өз талантының арқасында, әрине!
Кейіпкеріміздің сан қырлы құдыреті осымен ғана шектелмейді. Мәселен, «толарсақтан саз кешпек» саясаткер үшін партия құрып, қол бастау аса үлкен мәртебе. Алайда, елдің алдына түсіп, жұртты соңынан ілестіре алатын нағыз қолбасшының бәрі партия ашып, атойлап алға шыға алмайды. Бірақ, біздің кейіпкерімізді сөзі көп, ісі аз сол көпшіліктің қатарына қосқандар оңбай қателеседі. Айналдырған үш айда атағы дыбыс жылдамдығынан да тез тараған партия ашып, елдің бәрін асарлатып, миллиондардың қанын қыздырып, қызғанышын оятқан ерен еңбегі бөлек бір роман емес пе!
Ел алдына шығып сөйлеу, сол сөзімен тыңдарманды ұйытуа білу де миллиондардың басына бұйырмаған бақ. Жан-жақты талантқа бай біздің кейіпкеріміз бұл ерекшеліктен әрине, құралақан емес. Айтқан сөзі көп жағдайда төбеден балғамен ұрғандай әсер етеді. Жүйкеңе шеге қақандай мәңгілікке қадалып қалады. Ол бірде зар еңіреп күйеуін іздеген бейбаққа «төсегіңнің астына қара» дей салады. Немесе кісі өлтірушіге тапсырыс беруші айқын көрініп тұр ғой дегенді меңзеп «Дежа вю» мақаласын жаза салады. Онысынан ет қызуы басылған соң оп-оңай бас тарта салады. Иіс сезгіш қабілетін айтсаңызшы! Француз әтірін мысалдап басыңызды ауыртпайық. Компьютерде теріліп, принтерден ақ қағазға басылған заң жобаларынан «нафталиннің» иісін сезіп қояды ғой!.
Болмаса, білім саласындағы кезекті реформаға арналған заң жобасын оқығанда «құсқысы келіп кетеді».
Жастар тәрбиесінде мүгедек балалардың ата-аналарын қысылып-қымтырылмастан «уроды» деген анықтауышпен айқындай салады. Қысқасы, әлемдегі миллиондаған саясаткерлер осындай ел есінде оңай қалатын сұмдық тіркестерді айтуға ұлы сөздің ұяттығы жоқ, арттары шыдамайтыны анық енді. Ал, біздің кейіпкерге бәрі жарасымды.
Дегенмен, ханның қызында да кемшілік болады емес пе...
Күш-жігері, ой-қиялы көкжиекті білмегендіктен болар өзі құрған партиясын сайлауға салып та көрді. Бірақ, қанша жерден асарлатса да қырсық қылғанда онысы әкесінің партиясын жеңе алмады. Сөйтіп, жеңіске жеткен партияға жұтылып кетті. Есесіне екі партияның қайсысына жүгірерлерін білмей, қандары бастарына теуіп, мазасы кеткен миллиондар бір демалып қалды. Олар осы бірігіп, кірігуден кейін оның саясат сахнасына қайта шықпасына үміттене қарады. Алайда, бір басынан айырылса да, екінші басы өсіп шығатын айдаһардай болмаса да, кейіпкеріміздің қосымша тынысы ашылды.
...Кезінде бір көргеннен ғашық болған, жиырма жылдай бір шаңырақта тұрған күйеуінің қанды қол қылмыскер екені 2007 жылы анықталып қалды. Қайын атасының тағын төңкеріп тастамақ болған күйеуі шетелге қашып, сырттай қырық жылға сотталды. Әйтеуір ажырасып үлгерді. Соның арқасында бұрынғы күйеуі екеуі жинаған біраз байлыққа иелік етіп қалғандай. Миллиардаған ақшаны жыр ғып қайтейік, миллиондардың санасына төңкеріс жасаған отбасындағы осы оқиғадан кейін оның саясат сахнасына енді қайтып шықпасына, бәс тігіле бастады. Дегенмен, миллиондардың арманын рухы берік кейіпкеріміз жүзеге асырмады. Басын тік, кеудесін кере ұстаған кейіпкеріміз депутаттық мандатын қайтадан қолына алды. Сөйтті де, елдің көзайымына айналып шыға келді. Әрине, «депутат басымен президент әкесімен жағаласып шенеуніктерді несіне сынап жатыр» деп сөгуге болмайды. Себебі, біздің президенттің ғаламдық деңгейдегі саясаткер, ғұлама екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома! Ал, енді елдің ішкі жағдайында қарасаңыз, өз міндеттерін дұрыс атқара алмай жүрген министрлер мен әкімдерді президенттен кейін біздің кейіпкеріміз секілді әділ сынап жүрген ешкім жоқ! Тіпті, премьер-министрдің өзі қарамағындағыларға ескерту жасаса, сөзінің соңын жұтып қояды. Оның қасында кейіпкеріміздің айтқан сын-ескертпелері ондыққа дөп тиюде. Демек, оның ақыл-ойлау қабілеті мен мәселені көре білу аңғарпаздығы президенттікіне жетеқабыл болмаса, кем емес. Рас, осындай аса талантты тұлғаны жерге қаратуға тырысатындар да жоқ емес. Мәселен, жақында ғана оның бұрынғы күйеуі мемлекет қайраткерін қасындағы көмекшілерімен бірге өлтіруге тапсырыс беруші болғанын құзырлы орындар ресми түрде хабарлады. Бұл жағдайдан кейін кейіпкеріміз «бетін басып, үйінде қамалып отырып қалды» деген гу-гу сөз шықты. Бірақ, көре алмаушылардың ырқына қайсар қыз жығыла қоймады. Қайта керісінше, заң шығару саласында жемқорлықтың жойылуы мен басқа да мәселеде қажырлы еңбек етуде.
Жалпы, білім мен ғылымда, журналистика мен бизнесте, отбасында, өнерде, сан қатпарлы саясатта, жұмысы ауыр парламентте, бәрін қосқанда оншақты салада миллиондардың қолы жетпейтін жетістікке жету бұл адамзат тарихындағы теңдесі жоқ – құбылыс деуге болады. Және сондай қабілет-қарымы мол, не нәрсені бастаса да дегеніне жетпей қоймайтын, өзгелерден оза туған, бірнеше тілде еркін сөйлей беретін осындай ерекше тұлғасы бар Қазақстанға өзге мемлекеттер өзгеше құрмет, өзгеше ілтипатпен қарауы міндетті-ақ. Демек, еліміздің келесі президентіне үміткерлер қатарынан Дариға Нұрсұлтанқызын сызып тастау, барып тұрған сауатсыздық пен көрсоқырлық болар еді.
Келесіге дейінгі күніңіз жарық болғай!