«Путин ақымақ!»

Oinet.kz 06-03-2014 838

«Путин ақылынан адасқан!». Еуропа басылымдары мен саясаткерлері, сондай-ақ, ғаламторға телмірген қазақстандықтар өткен аптада осы сөзді жиі айтты. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегеннің кейпі ме, әйтеуір Ресейдің басшысы ғана В.Януковичті әлі Украинаның заңды президенті санайды. Және өз сөзіне салсақ, «саяси болашағы жоқ» Януковичтің  өзіне жазған хатының арқасында украиндықтарды «фашистерден» қорғау үшін сол елге әскер кіргізуге қақылымын деп қоқиланды келіп. Батыс мұндай сөзден кейін тышыш жата алмады. Ұйқысы шайдай ашылды. Біріккен Ұлттар Ұйымында бір тәуліктің ішінде бірнеше шұғыл жиын өтті. Еуропа мемлекеттерінің жетекшілері «ақымақ Путинді» ақылға шақырды. Ал, АҚШ президенті Б.Обама Ресейге кез келген санкция жариялауға дайындығын мәлімдеді. Осыдан кейін барып, Еуропа құрлығында азаматтық алғысы келетін ресейліктердің өтініші белгісіз уақытқа дейін қаралмайтыны жарияланды. Осы қысқа мерзімде Ресейдің биржасында орыс ақшасының құны рекордтық көрсеткішке дейін төмендеп кетті. Рубльді құнсыздандырмау үшін шетін амалдар іске қосылды. 

07d22eef4b5cb9a86eac1d0e4a74f319.jpg

 Басылымдары мен телеарналары жабылып кеп, «Еуромайдандағы» халықты «фашистке» теңеп, «Қырымды құтқару Құдай алдындағы міндетіміз» деп қанша тыраштанса да, Мәскеуде Путиннің соғысына қарсы шеру өтті. Байқасақ, орыстардың бәрі Путин секілді ақымақ емес екен. Араларында соғысты қаламайтын ақылды һәм қарапайым тұрғындар жеткілікті көрінді. Бірақ, олардың талап, тілектерін, қарсылық нарызылықтарын орыс телеарналары көрсетпеді.

Сонымен, бастапқыдан аюдай қорбаңдап, әлемнің зәресін алған В.Путин кейіннен желі шыққан доптай мыжылып қалды. Украинаға басып, таптап кіру ойынан айнып қалыпты. Қырымды Ресейге күштеп қосу ниетінің жоқтығын түсіндіріп әуре болды. Бірақ, ол осылайша бұлтартпақтап жүрген бір аптада ақпараттық соғыс арқылы Қырымды автономия алуға үгіттеп, келістіріп тынғандай. Екіншіден, Қара теңіздің қақпасынан Ресей оңайшылықпен айырылмасын аңдытқандай. Сөйтіп, Қырымға қырық жылға жететін қақтығыс ошағын дайындап бергендей.

Қысқасы, Украина мен Қырым тартысы алыптардың әлі талай ойын алаңына айналмақ. Ал, біздің мамандар болса, кәсіпкерлерге құлаққағыс жасай бастады. Мәселен, белгілі қаржыгер Ораз Жандосов «осы даудың бізге түсірер кері әсері көп» дейді. Егер, алдағы уақытта Еуропа Ресейге қандай да бір экономикалық санкция жарияласа, онда Еуропамен іскерлік байланыстағы қазақ кәсіпкерлері шығынға ұшырамақ. Себебі, олар тасып жүрген тауар Ресей жері арқылы ғана бізге жетеді. Бұл түйіткілден шығу үшін кәсіпкерлер жаңа жол іздесе, онда Иран немесе Қытай айналып жол табулары тиіс. Бұл өз кезегінде қосымша шығын. Еуропаға шикі зат немесе  отандық тауар(?) тасып жүрген өндіріс орындары мен жеке кәсіпкерлерге де осы шетін мәселе ортақ. Сондай-ақ, Украина іскерлерімен байланысы бар отандық өндіріс орындары үшін де мазасыз күннің мерзімі ұзармақ. Кедендік одақтас Ресейдің экономикасы Еуропаға байлаулы. Егер Еуропа мұнай мен газдың бағасын төмендетіп жібере алса (Совет Одағының тезірек құлауына әсер еткен бір себеп), онда Ресейдің экономикасына түскен ауыртпашылық бізге де кешікпей жетеді. Бұл дегеніңіз, азық-түлік, қызмет бағасының қымбаттауы, теңгенің және құнсыздануы, айлықтың азаюы, жұмыссыздықтың көбеюі деген сөз. 

 Айналып келгенде тек шикізатты сыртқа шығарып, дайын өнімді сырттан тасып отырған Қазақстан үшін «Еуромайданнан» басталып, Қырымға жеткен қақтығыстың зардабы оңай болмасы анық. 

Егер әрине, В.Путин өзгенің де, өзінің де басын ауыртай, ақылға келсе,  жоғарыда айтқандай келеңсіз жағдайды көрмейміз.  

Алдағы күндері Кедендік Одақ елдерінің басшылары жиналып, Украина дауының тигізер зардабын сөз етпек. Қалай десек те, Қазақстан В. Путиннің «ақылына» тәуелді болып тұр.    

Мұрагер. Дариға Назарбаева
Нұрсерік Шәріпов: «Асардағылар» қарызды қайтармаса тұрғын үймен қоса жер телімінен де айырылады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу