Шымкенттік дәрігерлер Ресей Президенті Путиннен саяси баспана сұрап отыр
Мемлекет басшысынан араша іздеп, Ақордаға ашық хат жазатын азаматтар аз емес. Бұл заңды да. Конституция бойынша Президент еліміздің басты гаранты болып табылады. Құзырлы мемлекеттік органдардың көмегінен күдерін үзіп, әділдікті таба алмағандар әдетте солай етеді. Ал енді Н.Назарбаевтың атына ашық хат жазумен шектелмей артынша Ресей президенті Путиннен саяси баспана сұраған атышулы мәлімдеме жасау нені білдіреді? Бұл не сонда, Елбасыға сенімсіздік таныту ма? Ел аман, жұрт тынышта Путинге хат жазып, саяси баспана сұраған кім? Қысым көрген белігілі саясаткер шығар, әлде атақты оппозиционер ме дерсіз. Қателестіңіз. «Жер астынан жік шықтының» керін келтіріп елдің бірлігіне, ұлттар татулығын көп айтатын Елбасының саясатына сызат түсіріп жүрген адам--шымкенттік дәрігер Владимир Нарижный.
Нарижный Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарып жүріп, ана өліміне қатысты туындаған үлкен айқай-шудан кейін жұмыстан қуылған адам. Оның жансақтау бөлімінде жатқан жүкті ана Шолпан Қаменованы ажалдан арашалап қалуға жанталасудың орнына жұмыс уақтысында ішімдікке сылқия тойғандықтан кірер есікті таппай еденге құлағаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламторларда кеңінен жарияланды. Әсіресе, мұндай масқара фактіні жылап отырып жеткізген марқұмның туысқандарының жанайқайына «Астана» телеарнасының «Түйін сөз» бағдарламасы жан-жақты журналистік зерттеу жүргізді. Сол тұста Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен оңтүстікке ат басын бұрған арнайы комиссияның өкілдері де өрескел оқиғаға байланысты өз көзқарастарын білдірді. Қысқасы журналистер араласқан дау-дамайдың артынша Нарижный қызметінен қуылды. Алайда Жұмағали Исмаилов басқаратын облыстық денсаулық сақтау басқармасы оны ақпарат құралдары арқылы күллі республика дүрліккен масқара фактінің мәселесімен емес, «қызмет орнында себепсіз 3 сағат болмағаны үшін жұмыстан босату» туралы бұйрық шығарғаны жұртқа түсініксіз күйі қалды. Үш бірдей шиеттей бала-шағаның анасы аурухананың жасақтау бөлімінде өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқанда дәрігер Нарижный не үшін жұмыста мас күйде жүрді деген сауалға сала басшылары қызметтік тексеру жүргізбей көзжұмбайлық танытқаны салғырттық па? Жо-жоқ, даулы оқиғаға қызметтік тексеру жүргізбестен оған басқа бап қолданып, оп-оңай жұмыстан босата салуы басшылардың қызмет бабын асыра пайдалануы, дәлірегі әуел баста ойластырған бақай есептері бар сияқты. Өйткені Нарижныйдың көп ұзамай дәл сол ауруханаға қайтадан жұмысқа қабылдануы, біртіндеп жеделдетілген түрде қызметі өсуге көшкені көңілге осындай күдік ұялатады. Міне, осы сорақылықтарды әшкерелеу мақсатында «Рейтинг» газетінің дәрігер Нарижный мен салаға жауапты басшыларды бірнеше рет сынағаны бар. Соған сабаз қатты шамданып біршама уақыттан бері шу көтеріп жүр. Жазған хаттарының сиқын қараңыз. «Почему обо мне, представителе славянской национальности, пишут негатив на языке, мне непонятном?» деп, мемлекеттік тілгемұрнын шүйіргеніне қалай жыныңыз қозбайды? Сонда қай ұлттың өкілі жайлы сөз қозғасақ сол тілде жазбағанымызға жазықтымыз ба? Көп ұлтты, көп конфессиялы елде бұл мүмкін бе? Бүгін Нарижныйдың көксегеніне көнсек, ертең Қазақстанды қаптаған қытайды сынау үшін қайтеміз? Қытайша газет ашамыз ба? «Гонения и невыносимая морально-психологическая обстановка», «газета «Рейтинг» стала публиковать против меня откровенные пасквили и наглый, циничный вымысел, целью которых является запугивание и притеснение меня и моей семьи»... Қысқасы, өмірі қорлықпен өтіп жатқанын өтірік өлеңнен бетер ойдан құрастырған «байғұс» Нарижныйға мұң-зарын төге келе үшбу хатын «у меня не остается другого выхода, кроме как попросить политического убежища у России, у вас – многоуважаемый Владимир Владимирович. Надеюсь, что вы с пониманием отнесетесь к моей просьбе и сделаете все возможное, чтобы ее удовлетворить» деп аяқтауға кімдер ақыл бергенін ептеп ішіміз сезеді.
Дей тұрсақ та, Нарижныйдың неліктен саяси қателікке ұрынып жүргенінің себеп-салдарын сұрау үшін алдымен Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Мәди Биғалиевпен бетпе бет жолықтық. «Нарижный кімге, қандай хат жазды, онда менің шаруам жоқ. Маған тек жұмысын атқарып берсе болғаны» дейді ол түк түсінбеген сыңай танытып. Мұнысы ұжымның бірінші басшысы ретінде де, «Нұр Отанның» тікелей қолдауымен облыстық мәслихаттың мандатын иеленген білдей депутат ретінде де жарасатын қылық па? Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаиловтың жауабы одан да асып түсті. Ол алдағы уақытта Нарижныйдың қызметі өсуі әбден мүмкін екенін ерекше қадап айтты. Мәссаған безгелдек! Сірә, өзі осы сала тізгінін ұстағалы бері басы дау-дамайдан арылмаған, тіпті 30 шақты бас дәрігер оған қарсы біріккен түрде баспасөз конференциясын өткізсе де ештеңе болмағандай күліп-ойнап қызметтің қызығын көруін жалғастырған Жұмағали Исмаилов жұртты шулатып жұмыс істеуге әбден еті өліп, көзі үйреніп кеткен секілді. Дегенмен, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Сонда басқарма басшысы мен бас дәрігер Нарижныйдың қандай айрықша еңбегін елеп-ескеріп, ол шу шығарған сайын нендей шапағатқа бөлей түспек? Неге? Не үшін? Неліктен? Ушыққан дау-дамайға байланысты Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековадан да ешбір қайыр болмай тұр. Әйтпесе, дәрігер Нарижный ақпарат құралында қайта-қайта халықаралық жанжал туғызатын мәлімдеме жасап жатқанда, шұбырған арыз-шағым сол министрліктің блогынан бастап Астанадағы құзырлы органдарға, тіпті Президент әкімшілігіне дейін жаппай жолданса мұны министр Қайырбекованың білмеуі, бейтараптық танытуы ақылға қонатын тірлік пе?
Көзқарас
Розақұл Халмұрадов, Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халықтары ассамблеясының мүшесі:
Бұл ақымақ адамның тірлігі
- Есі дұрыс адам басқа бір мемлекеттің басшысына ондай хат жазбайды. Ресейдің президенті келіп Қазақстандағы бір проблеманы шешіп бермейді ғой. Өзіміздің заңды мемлекеттік мекемелеріміз бар емес пе, осындай мәселелерді шешетін? Солар арқылы жұмыс істеуі керек қой. Жалпы, ондай адамдар барлық жерде бар. Ресейде де бар. Бірақ жалпы айтатыным, бір мемлекетте тұрып, басқа елдің басшысына «менің мынандай мәселем шешілмей жатыр» деп айтуының өзі адамгершілікке жатпайды. Қысқасы, бұл ақымақ адамның тірлігі.
Көзқарас
Саясаттанушы Айдос Сарым:
Бірінші адресатты «нөл» қылып тұрғанмен бірдей
- Путинге хат жазса сол жаққа кете бермей ме, енді? Жақсы ма, жаман ба, бізде өз еліміздің басшысы бар. Өзіміздің мемлекеттік органдарымыз, мекемелеріміз бар. Ал енді әуелі өз еліміздің Президентіне, артынша Путинге хат жазғаны, былайша айтқанда, бірінші адресатты «нөл» қылып тұрғанмен бірдей ғой.
Жуырда баспасөз бетінде Нарижныйдың тағы бір хаты жарияланды. Шүкір дейік, әйтеуір бұл жолғы «әләуләйлімін» АҚШ президентіне, я болмаса Біріккен Ұлттар ұйымына емес, қазақстандық құзырлы органдарға жолдапты. Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізгінін ұстаған азаматтар бәлкім осы жолы өздеріне хат арнаған адамды ақылға шақыру туралы тапсырма беретін шығар. Осы саланың басшыларына, дәлірегі Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға және Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаиловқа, сондай-ақ осы өңірдегі атқарушы биліктегі атқамінерлерге күн тәртібіндегі сауал қабырғасынан қойылуы қажет-ақ. «Шымкенттік дәрігердің Ресей президенті Путиннен саяси баспана сұрап, ашық хат жазғанын сала басшылары қашанғы қызықтап қарап отыра бермек?».
Айтпақшы, «сын түзелмей, мін түзелмейтінін» түсінбеген Нарижный «Рейтинг» газетін сотқа да берді. Күні кеше сот шешімі қолымызға тиді. Ана өліміне араша түсем деп жазықты болған журналистердің бұлтартпас айғақтарын дұрыс бағамдаған сот біздің пайдамызға әділ шешім шығарды. Келесі кезек біздікі. «Рейтинг» жазған сыни мақалаларда ұлтаралық араздықты қоздыру белгісі жоқтығын «тайға таңба басқандай» көрсетіп берген құзырлы органның сараптама қорытындысы қолымызда тұр. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқтықтан жеке бастың емес, елдің бірлігі мен тұтастығына, Елбасының саясатына сызат түсіріп жүрген Нарижный енді бізге сот алдында басымен жауап беруі тиіс.