Ұласбек Сәдібеков: Зиялылар ауыл ақсақалына айналса, ұлт та, ұрпақ та түзелер еді
– Ұласбек Сәдібекұлы, кезінде дәл осындай көктемде Сарыағаштағы әйгілі су тасқыны кезінде сол ауданды басқарып едіңіз. Оған да бес жыл өтіпті. Қазір де бірқатар аймақтарда селдің қаупі күшейіп тұр, өзгелерге де сабақ болсын, алапат тасқындағы қарбалас сәтте жасалған алғашқы қадамдарды тағы бір рет еске түсіріп көрейік.
– Иә, ол табиғи апатқа да тура бес жыл толыпты. Әдетте Оңтүстіктің қысы жаймашуақтау өтуші еді. 2008 жылы табиғат қатал мінез көрсетіп, қайта-қайта қар жауды. Артынша аяз қысып, –15-20 градус көлемінде сақталып қалуының салдарынан, жерде 50-60 см тоң пайда болды. Біз жақта көктем ерте басталады ғой, 19 ақпан күні түнге қарай жаңбыр жауып, «алтын күрек» деп аталатын жылы жел есті. 20 ақпанда күні бойы тоқтамаған жаңбыр мен желдің әсерінен жоталарда жиналған қардың суы жерге сіңбестен, сай-саламен жөңкіліп қоя берген. Сол күні мен Мәжіліс депутаты Б.Бекжановпен бірге Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында сайлаушылармен кездесу өткізіп жатқанбыз. Шамалы уақыт бұрын орынбасарым Әлімжан Ілиясов Ғ.Мұратбаев ауылындағы мектептің ауласына су жайылғандықтан, соны көруге кеткенін хабарлаған. Тура жиналыстың үстінде тағы байланысып, абыржыған дауыспен «Ұлеке, келіп көресіз бе, су мөлшері тіптен көп» деп тұр. Тұрғындардан рұқсат сұрадым да, 70 шақырымдағы ауылға шығып кеттім. Шамасы, сағат бестен асып, қас қарайған кез. Сенесіз бе, шын мәнінде, өмірімде ондай топан селді көрген емеспін. Абдырап қалғаным соншалық, қыр жақта бір бөгет бұзылып кетіп, жиналған су елді мекенге лап қойған екен ғой деп те ойладым. Бірақ аймақтың жайын білемін ғой, Келес өзені төменде, аңғары басқа жақта, ал Сырдария тіптен алыста, еш қатысы жоқ. Кәдімгі қарғын су екендігіне өзімізді де, көңілімізді де сендіру үшін, аяғыма резеңке етік киіп, үн-түнсіз жалғыз өзім ауылды аралап шықтым да, облыс әкімі Нұрғали Әшімовке хабарластым. Ол төтенше жағдайға орай алдын ала құрылған комиссия төрағасы, өзінің бірінші орынбасары Ислам Әбішевке тапсырды. Сол кезде Ислам Әбішев Арыс ауданының тұрғындарына Сырдариядан қауіп төнгендіктен, алдын ала құтқару оқу-жаттығуларын жасап жатқан еді. Лезде оған да байланысқаныммен «Ұласбек, Сарыағашта қандай су, өзен түгілі, көлшік те жоқ. Жаңбыр селін өздерің амалдай беріңдер, қауіп мына жақта» деп, аса назар аудармады. Болмаған соң араға азғана уақыт салып, тағы телефон соқтым. Тақымдап қоймаған соң «ертең барамын» деп, келесі күні келгенде, топан селдің қарқыны мен зардабына қатты таңғалып, білек сыбанып, қызу іске кірісіп кетті.
Содан өз қолымыздан келетін әрекетке кірісіп, алдымен тұрғындарды қауіпсіз тұсқа көшіруге кірістік. Ғ.Мұратбаев атындағы елді мекенде Мархабай деген азамат өзінің техникаларымен бөгет жасап, су арнасын бұрғызуға жәрдемдесті. Ел ақсақалдары басшылық жасап, ұлардай улап-шулаған жұртқа басу айтып, ұйымдасқан түрде қауіпсіз ғимараттарға қоныстандыруға атсалысты. Мен Сарыағашқа қайтып келіп, түнгі 10-да аудан активімен жиналыс өткіздім. Жиналыстың алдында біршама толыққанды ақпарат та жинақталды. Анықталған мәліметке сәйкес, сел 7 ауыл әкімшілігінің 36 елді мекенін жайпап шығыпты. Бір таңғалғаным, мұндайда ел шұғыл түрде ұйымдасып, жұмыла кетеді екен. Мемлекеттік қана емес, жекеменшік техникалардың иелері де қарап қалмай, табанда жетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіндегілер де техникаларын беріп жатты. Барлық азық-түлігінен айырылып, далада қалғандарды қамтамасыз ету үшін наубайханалардың иелерін түн ішінде тұрғызып, нан жаптырдық. Негізгі топты жұмылдырып, су басқан ауыл тұрғындарын эвакуациялаумен айналысып, шамамен 7-8 мың адамды көшірдік. Ал түн ішіндегі халықтың шулағанын көрсеңіз... Мені ең қатты қорқытқаны неше адамнан айырылдық деген уайым еді. Үйге де бармай, таңғы 5-те ауыл әкімінің жұмыс кабинетіне келіп, орындықта отырып көз шырымын алғандай болдым. Қатты шудан оянсам, әкімдіктің алдында қара-құрым халық. Сағат таңғы сегіз, тұрғындар қатты ызалы, шошыну, бір сәтте бүкіл дүниесінен, баспанасынан айырылу– еңселерін түсіріп, түңілдіріп жібергені көрініп тұр. Жылап-сықтап, небір сөздерді айтты, үндеместен соңына дейін тыңдадым. Ақыры, өздері де шаршаса керек, аптықтары басылып, аздап ақылға келіп: «енді не істейміз, әкім мырза?» деп тоқтады. Барлық ақпартты алдыртып, табанда ұйымдастыру шараларына кірістік. Ең қуаныштысы – адам шығыны жоқ, халық дін аман. Құдай қақты деген сол шығар, кейбір тұрғындарды үйлерінен алып шыққан соң, белуардан жеткен суға езілген қабырғалар опырылып жатты. Облыс әкімі Н.Әшімов Президентке хабарлады, Елбасының тапсырмасына сәйкес екі күннен соң Премьер-министр К.Мәсімов ұшып жетті. Өз көзімен көрді, бес күннен соң В.Школьник бастаған комиссия жағдайды толық талқылаудан өткізген соң, табиғи апат шығындарын есептеп, жаңа баспана салуға кірістік.
– Осы баспана құрылысына тереңірек тоқталсақ. Барлығы неше үй салынды? Кейін бірқатар тұрғындар «біздің шығынымыз есептелмеді, өтемақы төленбеді. Үйіміз жарамсыз күйге түссе де, көмек көрсетілмеді» деп, жиі-жиі елді шулатумен жүрді ғой. Жалпы, басқа түскен қиын сәтте тұрғындар өздерін қалай ұстады?
– Бұл орайда Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегін атап айтуымыз керек. Дер кезінде бөлінген қаржыға барлық компаниялар жұмылып, үй салуға көшті. Бір жазда 1453 үйдің құрылысын аяқтап, өмір бойы кесектен тұрғызылған баспананы паналаған тұрғындарға салтанатты да, сәнді жайды ұсынғанымызда, қуанғанын көрсеңіз. Тіптен үйлердің алды үш айдың ішінде аяқталып жатты. Елдің қуанышына Елбасының өзі арнайы келіп ортақтасып, 28 маусым күні кілттерді өз қолымен тапсырды. Дегенмен алғашқы кезде небір жаға ұстататын жайттармен де кездестік. Бір-екі мысал келтірейін, кейбір ауылдарда тепсе, темір үзетін жігіттердің су тасқыны кезінде үйіндегі заттарын төтенше жағдай қызметкерлері шығарғанда, қарап тұрғанын қайтерсіз?! «Неге көмектеспейсің?» деп сұрасақ, «құтқару қызметі осы жұмыстары үшін айлық алады ғой, өздері шығарсын» дейді, еш қымсынбастан. Онымен де қоймай: «Әкім мырза, Үкіметтен қандай жәрдем бар?» деп тақымдағанын көргенде, қатты ойландым. Кейбір тұрғындар «менің үйіме де су кірді, неге көмектеспейді?» деген мазмұндағы арыздарын жан-жаққа жөнелте бастады. Осындай кезде «Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен республика бойынша «Жақыныңа жәрдемдес» деген акция ұйымдастырылып, әжептәуір қаражат жиналды. Мұның 400 миллион теңгесі апатқа ұшыраған ауылдарға бөлінді. Ақша жүрген жерде айқай-шудың ілесе келетіні белгілі ғой, оны ашық түрде бөлу үшін тұрғындардың жалпы жиналысын шақырып, өздерінің дауыс берулерімен арасындағы белсенді азаматтардан комиссия құрдық. Сайланған 7 комиссияның жеке шоттарын ашып, Әділет департаментіне тіркетіп, қаржыны тікелей сол шоттарға түсірттік. Қысқасы, өзін-өзі басқарудың тәжірибесі жүргізілгендей болды. Әкімшіліктен ешқандай ұсыныс енгізбей, төрағасынан бастап, мүшелеріне дейін өздерінен сайлап, арыз жазған ауылдастарының өтініштерін тексеруге де соларды жібердік. Мемлекеттің жәрдемінен бөлек, акциядан түскен қаржы тек тұрғындардың қатысуымен ашық, әділ бөлінгеніне қарамастан, кейін комиссия мүшелерінің, яғни өз ауылдастарының үстінен де арызданушылар табылды.
Сарыағаш ауданын басқаруға барғанда «Сәт» пікірсайыс клубын құрған едім. Мұндағы мақсат – тоқсан сайын елдің белсенді тұрғындары мен мекеме басшыларын жинап, өзекті тақырыптарды халықпен бірге талқылап отыру. Бір жиынымыз ауыл арасындағы ұрлыққа арналса, келесілері жұмыссыздыққа, кәсіпкерлікке, бала тәрбиесіне бағытталып жатты. Әлгіндей арыздар үдеген соң, пікірсайыстың кезекті отырысын «Шындық шырылдап жетемін дегенше, өтірік біраз жерді өртейді» деген тақырыппен өткіздік. Өйткені әртүрлі алаяқтар да табылып, тұрғындарды «Астанаға апарамыз, ақша бөлдіреміз» деп, алдаусыратып біраз ақша жинап алған. Қысқасы, қиын сәт туғанда адамгершілігі мен ауызбіршілігін жоғалтпай, жұмыла жұмыс істегендер мол болды. Арасында айқайға басып, арызды қарша боратып, халықты тоз-тоз етіп бөлуді көздейтіндер де табылып жатты. Ең бастысы, елдік пен бірліктің арқасында, ел де есін жиды.
– «Сәт» пікірсайыс клубын құрудың түп-тамыры студенттік кезеңде Целиноградта басталған «Парасат» қоғамдық ұйымның жалғасы емес пе?
– 1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскен кезімде шағын қалада 300 мыңға жетер-жетпес тұрғын бар еді. Шамамен 85 пайыздайы орыстілді азаматтар, болса да қазақтардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Ауылдан келгенбіз, орысшадан мүлдем мақұрымбыз дей алмаймын. Дегенмен мұндағы барлық сабақ орысша өтеді, қысылу, қымтырылу, қыспаққа алу. Дәл осы кезде мынадай ой мазалады, қазақ болып туамыз, ауылда тұрамыз, қазақша мектепте оқимыз, ал ЖОО-ға түскенде тапсыру емтиханын ғана қазақ тілінде тапсырамыз да, ары қарай оқудың барлығы орыс тілінде жүреді.Неге? Лекцияларда барлығын біліп тұрсақ та, ойымызды толыққанды жеткізе алмаймыз, дұрыс айтпасаң, күлетіні тағы бар. Жалпы, намысшыл халықпыз ғой. Қызылордалық Сайлаубек деген замандас қатар оқыды, мектепті өте жақсы бітіргенімен, институтта орыс тілінен әбден азап шегіп, ақырында оқуды тастап кетті. Алайда барлығын орыстандыруға белсенді түрде көшкен кеңестік идеологияның түпкі мақсатын балалықпен түсінбедік. 1985 жылы әскерге аттанып, Мәскеуде болдым. Арада бір жыл өткен соң, Алматыда желтоқсан оқиғасынан соң қазақтарға деген көзқарас күрт өзгерді. Тура сол уақыттарда белсенділігіме байланысты әскерде партияға өткім келіп, құлшынып жүргенмін. Тағы да кеудеден кері итеріп, «ұлтшыл, партияға лайықсыз» деген сөздер айтыла бастаған соң, баяғы құлшыныстан ештеңе қалмады. Осы кезде екінші рет орысшылдықтың зардабымен бетпе-бет келдім.
1987 жылы әскерден оралып, Целиноградта оқуды жалғастырдым. Баяғы сірескен сең ешқандай бұзылмаған. Аздап өмір көрдік, көз ашылды, содан біраз белсенді жігіттер ақылдаса келе, жазушы Алдан Смайыл ағамыз басқаратын облыстық тіл және мәдениет қоғамының жанынан «Парасат» мәдени-ағарту бірлестігі мен «Шаттық» өнер орталығын құрдық. Қаладағы төрт жоғары оқу орнының студенттері қосылды. Жангелді Шымшықов, Елтай Шаханов, Төлеубай Батыров, Тимур Әлтаев сынды ұстаздар қолдау білдіріп, бағыт-бағдар берді. Серік, Дарын, Мұрат, Бақыт, Тоғайбай, Пірімбай, Гүлжан, Ғабиден сынды жас жігіттер топтасып, бірқатар мәселелер көтердік. Басты мақсатымыз – қазақ тілін кеңейту, бұл – тәуелсіздіктің елесі кезе бастаған 88-89-жылдардың шамасы. Оқу орындарында қазақ тобы ашылсын, қазақ тілінде мәдени кештер өткізілсін. Шаһарда қазақ тіліндегі №4 жалғыз мектеп, жалғыз ғана мешіт тұр, жаңадан білім ұялары ашылсын деген сияқты сұрақтарды көлденең тарттық. Шовинистік пиғылымыз болмаса да, институт басшылығы мен жергілікті билік қырын қарап, тіпті шақырып, қысым да көрсетті. Сабиля Мұстафина дейтін азаматша облыстық комсомол ұйымының екінші хатшысы еді, өтінішімізге орай қазіргі Жастар сарайын алып берді. Төрт оқу орнының арасында қазақ тілінде КВН ұйымдастырып, билет тараттық. Алғашқыда қорқыныш болды, «кілең сірескен ортада ешкім келмей қойса қайтеміз?» деген. Сенесіз бе, әділқазы алқасы ретінде алдыңғы қатарда отырғанбыз. Басталған кезде қарасақ, мың орынды залда ине шаншыр орын жоқ, араларында кейбіреулер түрегеп тұр. Алғаш рет қазақ тілінде ұйымдастырылған шара өтіп, 3 сағатқа ұласып, арасындағы үзілісте көпшілік қазақша сәлемдесіп, жағдай сұрасып, жаңа леп жеткендей сезіндік.
1990 жылы Желтоқсан оқиғасының 4 жылдығын бірінші рет Целиноградта атап өттік, осындағы барлық ұлттық орталықтар қатысты. Қ.Рысқұлбековтың аруағына бағыштап құран оқыдық. «Қараөткел» газетінде алғаш рет осы залда құран оқылғаны туралы мақала да шықты. 1992 жылы Аманжол Бөлекбаев деген ағамыз қалаға басшылық етіп, мені әкімдіктің жанындағы мемлекеттік Жастар істері бойынша қалалық комитет төрағалығына шақырды. Бастапқыда келісе қоймадым, себебі жеке ұлттық ұйымды басқарып жүріп, өзіміз сын айтатын мемлекеттік мекемеге ауысуға ішкі жандүнием дайын болмады. Сонда Аманжол ағамыз: «сендер бізді үнемі сынап жүрсіңдер, неге сол айтатын мәселелерді өзің жүзеге асырып көрмейсің?» деді. «Парасат» ұйымын бірге құрған азаматтармен ақылдастым, олар ойлана келе, баруымды қолдады. Жастар комитетінің жетекшісі болып бір жыл жұмыс істедім, ауылда кенже қарындасым мектеп бітіріп, қалаға оқуға кеткендіктен, анам жалғыз қалды. Әкеден ерте айырылғанмын, анамды осында шақырсам, келмейді. Содан амал жоқ, ауылға барып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы ішкі саясат бөліміне екінші санаттағы маман дейтін қызметтен бастадым. Енді араға 19 жыл салып, Астанаға қайта оралдым.
– 19 жылдан кейін келсеңіз де, егемендікті алсақ та баяғы сіздердің жас кездеріңізде көтеріп жүрген мәселелер әлі де толық шешімін таппағаны бірден аңғарыла ма? Басқаны былай қойғанда, әріптесіңіз Розақұл Халмұрадовтың өзі қазақтілді депутаттардың сауалдарды негізінен ресми тілде қоятындығына қынжылды. Неге бұлай?
– Бұл жерде мәселе былай. Кезінде шенеунік болып істегенімнен емес, шындығында, Елбасының өзі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, осымен екінші рет айтты. Тілдің дамуы революциялық жолмен шешілмейтіні анық. Бір күнде барлығын тізеге салып, белден басып, орындай салатын жеңіл дүние еместігін айтып жүрген азаматтардың өздері де жақсы біледі. Қазір байқауымша, Парламентте қазақ емес азаматтардың өзі қазақша сөйлеуге тырысып, курстарға барып жүр. Иә, Халмұрадовтың айтқаны сияқты, ондай әріптестеріміз де кездеседі. Оларды бері қарай алып шығуға әлі де үміт бар. Ол үшін әрбір қазақ отбасы ұлттық ұстанымдарға қатысты қағиданы бірінші өзі ұстануы керек. Кезінде ұлттың оқыған, ел басқарған азаматтарының ұл-қыздары да орысша тәрбиеленіп, керек десеңіз, әкесінің шығармасын оқымайтын халге жетті. Сол кезде үлкен ағаларымыз «немерем ауылда тұрса да, бірауыз қазақша білмейді, орысшаны акцентсіз сөйлейді» деп мақтанатын. Оны тыңдап отырғандар ішегін тартып, таңғалатын дәрежеге де жеткен едік. Жүз пайыз қазақтар орналасқан ауылда алғаш жұмысқа қабылданғанда, кіру-шығу өтінішімді орысша жаздым. Қаланы былай қойғанда, ауылдағы қалың қазақтардың санасы соған дейін төмендегенін де көрдік. Бүгінде айырмашылық жер мен көктей, ендігісі өзімізге байланысты. Мемлекеттік тілге қай жерде кедергі бар, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп талқылауға мен дайынмын.
– Мәжілістің жалпы отырысында таяуда мақта мәселесіне байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдадыңыз, жауабын алдыңыз ба? Енді алдағы уақытта қандай мәселеге қозғау салуды көздеп жүрсіз?
– Оңтүстік өңірінде 1 миллион тұрғынның күнкөрісі мен тіршілігі мақтамен байланысты. Кейінгі жылдары бұл шаруашылыққа қаржы бөлініп, қолдау жасалғанымен, жылдар бойы қордаланған мәселелер түбегейлі шешілген жоқ. Бұрын «ақ алтынды» өсіріп, өңдеп, сатумен тұтас мемлекеттік құрылымдар айналысқан. Қазір барлығы жеке қолға өтіп, жұмыс істейтіндіктен, қарапайым диқандар көптеген қиындықтарға ұшырайды. Елге барған сайын естіп, көретін жайттарды жүйелеп, Үкіметке жолдап, оңтайлы шешімін табуды көздеп едім. Премьер-министр С.Ахметовтен келген жауап хатта Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тарта отырып, мақта саласын дамыту жөніндегі жұмыс тобының құрылғаны хабарланыпты. Олар депутаттық сауалда көтерілген «Мақта саласын» дамыту туралы заңға өзгерістер енгізуге байланысты ұсыныстарды саралап, заң жобасына қатысушы ведомстволық комиссияның қарауына енгізеді. Сонымен бірге жауап хатта жаңадан қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес мақтаны субсидиялауға биыл 18,6 млрд бөлінсе, енді жеті жылдан соң 31,7 млрд теңгеге, минералды тыңайтқыштарға қаралған қаржының 5,4 млрдтан, 24,5 млрд теңгеге көбейетіндігі айтылыпты.
Ауыл шаруашылығына байланысты бөлінген қаржылардың жыл сайын қомақтылана түскендігі жақсы, дегенмен қиын да күрделі саланы несиелендіру өз деңгейінде емес. Бұл салада күнкөрісін айырып жүргендерге қаржының қолжетімділігін арттырмасақ, мемлекеттің миллиондары нақты иесіне жетпеуі мүмкін. Сонымен бірге несиенің қайтару мерзімін ұзарту жайын қозғаймын. Шаруашылыққа салынған қаржы бір жылда жемісін бермейтініне қарамай, өте қысқа мерзім қойылған. Одан соң жастар мәселесін зерттеп жүрмін. Әртүрлі кездесулерде жаңа буынның өкілдерінен классиктер мен олардың шығармалары жайында сұраймын. Сенесіз бе, залдағы 200 іні-қарындасымыздың ары кетсе, оны ғана бірнеше кітап пен авторларын атай алады. Біздің қатарластар кезінде Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқып, қызбен сөйлесуді, сыйлауды үйренді. Бауыржан Момышұлының «Арпалысын» оқыған соң, батылдық пен батырлыққа ұмтылдық. Шерхан Мұратазаның «Қызыл жебесі» Тұрар Рысқұлов секілді қайраткерлік пен рухшылдықты бойымызға сіңірді. Қазір осындай тәрбие тетігі бар ма? Енді осылай кете береміз бе? Мәселен, қазір барлық ауылда кітапхана бар, онда толық штатта айлық алатын кітапханашы отыр. Ол екі-үш мың оқырманға өтірік құжат толтырып, оқырман ретінде тіркеп тастаған. Шын мәнінде, сонша адамның кітапханаға келетініне күмәнім бар. Осыны түбегейлі өзгертуіміз керек. Ауылдағы ақсақалдық жайында да жиі ойланып жүрмін.
– Әлі жассыз ғой, қариялыққа дейін атқаратын қыруар шаруа бар емес пе?
– Жоқ, ұлттың уызы ұйыған ауылда жүргізілген жұмысқа көңіл толады. Мәселе, ауылдың абыройын асырып, ұлттың ұятын ойлайтын ақсақалдықтың азайып кеткеніне қынжыламын. Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Аузы дуалы, сөзі уәлі билердің әңгімесі қандай еді?! Ертеректе бір ауылға жолаушылап келе жатқан қонақ қонады. Таңертең тұрса, ертоқымы жоқ. Амалы құрып, төңірегінен сұрастырып, ауылдың сөзұстар ақсақалын тауып, мән-жайды түсіндіреді. Жолаушыны мұқият тыңдаған ақсақал өзі білетін қолы сұғанақтау жігітке кісі жіберіп, «алған ер-тоқымын әкеліп қойсын, әйтпесе бұдан былай сәлемін алмаймын» деп сәлем жолдапты. Сөйтсе, әлгі сабазың «егер ол кісі сәлемімді алмаса, бұл ауылда тұрып, елдің бетіне қалай қараймын?» деп, табанда ұрлаған затын қайтарыпты. Міне, қазақтың бұзақы жігітінің өзі ақсақалды сыйлап, сөзге тұрған. Ал қазір ше?
Ауылға бүгінде қаншама қаржы бөлініп, ауызсу, жол, мектеп, аурухана, газ, пошта, медициналық тірек салынып жатыр. Бірақ елдің тәрбиесі мен мәдениетіне, тазалығы мен күнделікті қарым-қатынасына көңіл бөлінбей барады. Көшесі қоқыстан көз ашпайтын, қазылған арығы тазаланбайтын, құлаған шарбағы мен қабырғасы еш түзелмейтін ауылды әр қырдың астынан табасыз. Бұдан бөлек, маскүнемдік, өзара тұрмыстық дау-жанжал, төбелес, ұрлық-қарлық, ағайынды адамдардың атысып-шабысуы қазақтың қаймағы саналатын ауылдарда тым асқынып кетті. Елдің ортасында жемқорлыққа қатысты мәселе көп. Ел ақсақалдары, тұрғындары мектеп директорының, ауыл әкімінің немесе қолында құзыры бар басшының жағымсыз әрекетін естіп жүреді. Бірімізге ағайын, бірімізге туыс, бірімізге ауылдас болып келетін соның ұсталып кетуін күтпей-ақ, неге оны ортаға алып, талқыға салмасқа?! Осы біз неге жаманшылықтың жанына үйірміз? «Арыз түсіпті, ұстапты» дегенді тез таратамыз. Ортақ іске келгенде, кейіншектей береміз. Меніңше, осындай істерге ұйытқы болатын ауыл ақсақалдарының қадірі де, ықпалы да кеміп кетті. Сондықтан да енді, мемлекеттік ірі қызметтерді атқарған, қоғам зиялысына айналған ағалар зейнет жасына жеткен соң туған жерге барып, әлгіндей қордалана бастаған түйінді шешуге атсалысса деймін. Олардың әрқайсысының ауылы бар ғой, мүмкін, ұйымдасқан түрде қалталы кәсіпкерлер баспанамен қамтып, жағдайын жасар. Әрине, ақсақалдардың ақылы Парламентке де керек, бірақ барлығы бірдей мұнда сыймайды ғой. Зейнетке шыққан соң үлкен қалада ешкіммен араласпай, оқшауланып қалғанша, әлі де талай істі еңсеретін күш-қайратын, ақыл-парасатын туған жерді түлетуге арнаса, екі дүниеде де сауап емес пе?! Ел қайраткер ағаларды үлгі тұтады, аяғын тартады. Қатарластары қатарға қосылса, орта буындағылар да қарап қалмай, соңдарынан ереді. Сол кісілердің ешкімге жалтақтамай, дұрыс әңгіме қозғайтынына кәміл сенемін. Ауыл, аудан әкімі жұмыс істемесе, тікелей барып айтады. Беделі бар, ондай баспалдақтың талайынан өткен ақсақал әкімдердің жалтаруы мен бұлтаруына жол бермейді. Зиялы, қайраткер ағаларымызбен бірге ауылға жаңа мәдениет пен абыройлы ақсақалдық оралып, ұлт пен ұрпақтың рухани өсуіне елеулі қадам жасалар еді.
– Сіз өзіңіз зейнетке шыққан соң барасыз ба?
– Иә, Алла өмір беріп, зейнетке жетсем, міндетті түрде ауылға барамын. Бәйдібек ауданындағы өзім өскен үйді бұзбай, жөндеуден өткізіп, ретке келтіріп қойдым. Менің қарашаңырақ үйіме әжем келін болып түскен. Әкемнің екі жеңгесі де, анам да, өзімнің келіншегім де, тіпті келінім де сол үйдің табалдырығын аттап, ақ жаулықтарын тағынған. Жыл сайын жазды туған ауылымда өткіземін.
– Бастамаңыз ойланарлықтай екен, ел сыйлар ағаларға айтып көрмедіңіз бе?
– Бірқатарына айттым, ойланып қалды. Енді «Айқын» газеті арқылы қалың елге жеткізіп отырмыз ғой, ойланатындар, бәлкім, қолдайтындар табылады деген үмітім бар.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Мұрағаттан: 04.04.201