Төле би Әлібекұлы шешендік сөздері
23-03-2020
Тақырыпты бұлай қоюға не себеп болды дерсіз. Ғалым-микробиолог, бүгінде еліміздегі ірі медициналық ұйымды басқаратын әрі Назарбаев университетінде дәріс оқитын профессор Кеннет Әлібек туралы айтып отырмыз. Одан сескенетіндей не бүлдіріп қойды деп таңқалған боларсыз. Мақала кейіпкері 90-шы жылдардың басында шетел асқан ғалымдардың бірі.
Америкада «Абайлаңыз: биологиялық қару» атты атышулы кітап шығарып, осы қадамымен Кремльдің жүйкесіне тигені бар. Басылымда КСРО-ның бар құпиясын ашып, қауіпті биологиялық, биохимиялық қару жасалғанын әшкере етті. Профессор өзін соғыс емес, бейбітшілік жолымен жүретін жан ретінде көрсеткісі келді. Бірақ, Кеннет мырзаның өзі де сүттен ақ, судан таза еместігін аңғартатын тұстар баршылық. Себебін тарқатып айтайық.
Кеннет Әлібек жайлы жұрт не біледі? Жуырда ғалымның есімі Ресей әншісі Жанна Фрискеге қатысты оқиғада ерекше танылды (бұған кейінірек тоқталамыз). Кеннетті азан шақырып қойылған есімі - Қанатжан. Мамандығы иммунолог. Биология ғылымдарының докторы, инфекциялық аурулар жөніндегі маман.
Тұлға ма, сатқын ба?
Американдықтар Кеннетті «биологиялық соғысты тоқтатқан ғалым» деп таниды. Би-Би-Си телеарнасы жерлесімізді «2000-2006 жылдардағы айтулы тарихи тұлғалардың тізіміне» қосты. Ал Ресей басшылығы болса, әсіресе әскерилер оны мемлекеттің сырын ашып, дұшпанға сатылған опасыз деп біледі. Базбіреулер Әлібек мырзаны атышулы Остап Бендерге теңейді, тіпті «Ұлы комбинатор» қазақ ғалымының шаңына да ілесе алмайды деп санайды. Остап Бендердің жетістігі - Васюки қаласы тұрғындарының басын айналдырып, «осында Нью-Васюки атты әлемнің жаңа шахмат орталығын саламыз» деген желеумен ақшасын жинап тайып тұрған. Ал енді Кеннет Әлібектің жүріп өткен жолы мен «жетістіктерін» санамалап көрейік.
Кеңес одағы кезінде небір құпиялы нысандарда жұмыс істеп, шені полковникке дейін өсті. 80-ші жылдардың басында Кеннет Әлібек КСРО үшін стратегиялық айрықша маңызы бар «Биопрепарат» атты ұйымның белді қызметкеріне айналып, адам өміріне аса қауіпті вирустар мен бактерияларды сынақтан өткізу, жаңа түрлерін табумен шұғылданды. Өзінің айтуы бойынша, биологиялық қару ядерлік бомбадан әлдеқайда қауіпті. Ол үнемі атышулы КГБ-ның бақылауында жүрді, себебі оның КСРО-дағы ең құпиялы құжаттарға тікелей қатысы болатын.
80-ші жылдардың соңына қарай Әлібектің биологиялық қаруға қатысты ұстанымы өзгере бастады. 1990 жылы ол президент Горбачевке хат жазып, биологиялық қарудың көзін жою қажеттігін ұсынды. Тағы бірер жыл жұмыс істеген соң жұмысынан айырылып, коммерциялық банкке жұмысқа орналасты.
Кеңес одағы ыдыраған тұста совет ғалымдарының бір бөлігі шетелге қарай ұмтылды. КСРО-да не көп, мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар құпиялар көп еді. Соларды дұшпандарға жеткізіп қоя ма деп қауіптенген Кремль бір топ ғалымдарды, оның ішінде Кеннет Әлібекті де жіті бақылауда ұстады. Бірақ, 1992 жылы Кеннет КГБ агенттерін сан соқтырып, жалған құжаттар арқылы Америкаға қаша білді. Әрине, американдықтар қашқынның барлық жағдайын жасап берді. Тіпті оның елден қашу ісін ұйымдастыруды да өз мойнына алды. Өз кезегінде мигрант-ғалым Кеңес одағының биологиялық қару әзірлеудегі бүкіл сыр-құпиясын жасырмай төкті. Әлібектің «КСРО биологиялық қаруды талай рет қолданған, АҚШ-қа қарсы биологиялық шабуыл әзірлеген» деген әңгімесін естігенде американдықтардың төбе шашы тік тұрды.
Өзінің мемуарларында Кеннет бұл кезеңді былай сипаттайды: «Маған нақты нұсқаулар берілді. Американдықтар көрсеткен көмегіне қайтарым ретінде советтік бактериологиялық қару бағдарламасы жайлы барлық мәліметтерді талап ететінін түсіндім. Америкаға келген соң күнніге Вирджиния штатындағы бір кеңсеге келіп, барлау қызметі мен түрлі үкіметтік ұйымдардың басшылығы қойған сұрақтарына жауап беріп жүрдім. Бұл бірнеше айға созылды. Менің осы қадамымды базбіреулер сатқындық деп қабылдайтын шығар. Бірақ, нағыз сатқындық - карьерамды жалғастыра отырып, өзімнің кезінде берген Гиппократ антын бұзуым еді» деп ағынан жарылады Әлібек мырза.
«Отаным – Америка»
Біраз уақыттан соң Кеннет Әлібек атақты Джордж Мейсон университетіне жұмысқа тұрды. Бактериологиялық, химиялық қару саласындағы сарапшыға айналды. Кеннет Американың Иракты оккупациялағанын толық құптайды. «Саддам Хусейнде биологиялық қарудың бары анық» деп, Пентагонның қадамдарын оң бағалап отырды. Ирактағы биотерроризм қаупін өршіткенімен, әлі күнге дейін бұл сөздің дәлелі табылмады.
1992 жылы елден кеткен Кеннет Қазақстанға тек 2005 жылы келді. Онда да хал үстінде жатқан әкесін көріп кету үшін ғана. 2010 жылы Қазақстан үкіметінің шақыруымен Астанаға келіп, жедел медициналық жәрдем көрсету ғылым орталығының басшылығына тағайындалды.
Жылдар бойы Қазақстаннан жырақта жүрген азамат елін сағынды, отанына оралған соң ет жүрегі елжірей қалды десеңіз қателесесіз. Кеннет Әлібек - технократ, космополит. Бұл біреудің пікірі емес, өз сөзі. Космополитизмнің антонимі – патриотизм. Космополиттің отаны жоқ, туған еліне деген патриоттық сезімі жоқ. Қазақстанды өз отаны деп қабылдамайтынын Кеннеттің өзі де жасырмай, ашық айтады. Журналистерге берген сұхбаттарының бірінде «Менің отаным Америка. Мен мұнда бақытымды таптым, жақсы жұмыс таптым. Мен АҚШ-тың азаматымын. КСРО-да жасай алмаған жұмысымды осында жүргізуге мүмкіндік алдым» деп осы елге деген ризашылығын білдіреді. «Ит тойған жеріне...» демеуші ма еді қазақ мұндайда?.. Ал Қазақстан Кеннет үшін тек жұмыс орны ғана. АҚШ азаматтығынан бас тартпауының сыры да осында болса керек. Шаруасы қалай бітеді, сол күні-ақ тайып тұрады. Өзінің отбасы қазір Америкада. Жұбайын, бала шағасын мұнда әкелуге құлқы жоқ. «Қызыма медициналық күтім керек, оның үстіне ол ағылшын тілінде ғана сөйледі, мұнда өзіне сай деңгейде білім ала алмайды» деп сылтауратады. Қазақстанда жасы үлкен азаматтарды «аға» деп сыйлайтынын да түсіне алмайтынын білдірді. «Америкада жасың 75-те болса да сені жай ғана Боб немесе Билл деп атай береді» деп мақтанады біздің Қанатжан.
Кеннет Әлібектің соңынан ілескен лақап аты – «ауа сатушысы». Яғни, уәде төгіп, жоқ жерден табыс тауып кететін әдет. «Лос-Анжелес таймс» газетінің «Кеннет Әлібек Америкада биотерроризм қаупін өршіту арқылы табыс табуды көздеді. Жалпы құны 28 миллион доллардың грантттары мен келісім-шарттарға қол жеткізді» деп жазуы бекер емес. Ресей сахнасының ең табысты жұлдыздарының бірі ауыр халге ұшырағанда Кеннет бауырымыздың күтпеген жерден «Фрискені біз ғана емдеп бере аламыз» деп өзін-өзі жарнамалай жөнелгені Қазақстан түгілі Ресей халқын да састырды. Бұл шындықтан гөрі жарнамалық мақсатта жасалған авантюралық қадамға көбірек ұқсайтынын ресейлік медик-ғалымдар жоққа шығармады.
К.Әлібек мырзаны украиналықтар да жақсы таниды. Қай жағынан екенін айтайық. 2008 жылы Борисполь қаласында заманауи дәрі-дәрмек шығаратын «Макс-велл» атты жаңа фармацевтикалық зауыттың салынатыны жайлы жарнама жер жаһанға жайылды. 100 миллион долларға бағаланған ауқымды жобаның жетекшілігіне профессор Кеннет Әлібек бекітілді. Ал оның әріптесі әрі инвесторы... Әблязов. Ия, өзіміздің Мұхтар Әблязов. Бұл мегажобаға БТА банкінің қаражаты тартылған көрінеді. Екеуі бас қосып, қысқа мерзім ішінде Украинаны, одан соң ТМД-ны сапалы медикаменттермен қамтамасыз етеміз деп жұртты сендірді. Бірақ, содан бері дәрі түгілі дәнеңе де жоқ. Білетіндердің айтуынша, бұл жоба – бар-жоғы БТА-банкінен 100 миллиондық несие алып, оңай олжа табудың жолы ғана болатын. Табыс – Кеннет пен Мұхтарда, қарыз – БТА-банкінің мойнында.
Қазақстанға келгелі бері Кеннет мырза ғылыми жаңалықтарды ашқаны жайлы бірқатар мәлімдеме жасап үлгерді. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл сөздерге отандық та, шетелдік те ғалым әріптестері онша илана қоймады. Күдікпен, күмәнмен қарайды. 2012 жылғы сұхбатында өзінің мекеме басшысы болып жұмыс істегісі келмейтінін айтып, бар мақсаты – шәкірт тәрбиелеп, отандық медицинаны дамыту екенін білдіргенімен, көп ұзамай Кеннет Әлібек 6 ірі мекемені біріктіретін Ұлттық медициналық холдингтің басшысы болып шыға келді. Бізді қызықтыратын жалғыз-ақ сауал: Кеннет мырзаның Қазақстандағы ендігі жоспары қандай, көздеген шаруалары қашан аяқталар екен? Бастысы – одан елімізге нақтылы тиетін пайдасы қандай болмақ? Бұл сұрақтың жауабын төреші уақыттан күтейік.