Нұрлан Нығматулин. Кім?

Oinet.kz 30-01-2014 992

«Біздің жас мемлекетімізді қиын-қыстау кезеңдерден қазіргі таңқалдырарлық табыстарға жеткізген, Қазақстанның халықаралық аренадағы көшбасшылық деңгейін қамтамасыз еткен, одан бөлек, еліміздің болашақ дамуының стратегиялық мақсаттарын айқындап берген Елбасыға қатысты мұндай талқылаулар жөн-жосықсыз, әрі қисынсыз». 

Дәлірегі Елбасы халыққа Жолдауын арнап, «Мәңгілік ел» туралы әңгіме қозғап, елдің 2050 жылға дейінгі тағдырына алаңдап  жатқанда оның мұрагері туралы сөз қозғау әбестік. Тіптен ұят жағдай.  Өз басымыз Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің  «Central Asia Monitor» газетінің тілшісі Алмагүл Олжасқа жазған хатынан осындай емеурінді түсіндік. 

Screenshot_11.jpg

Н. Нығматуллин аталған басылымдағы 10 «алтын мұрагердің» тізімінде өзінің де жүргеніне қатты қысылған сияқты. 

- Мен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанды бүгінгі жетістіктерге жеткізуші ғана емес, сонымен бірге, алдағы уақытта да жаңа жеңістерге жетелеуші бірегей саяси қайраткер екеніне кәміл сенемін. Өзге балама жоқ. Бізде бүкіл халық сайлаған бір ғана Президент, жалпы халық мойындаған бір ғана Елбасы бар. Бұл жай айтылған сөз емес, бұл менің түбегейлі қағидам. Бұл менің саяси және өмірлік ұстанымым,--деп жазыпты. Дәл осы хаттың Мәжілістің және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің ресми сайттарында жарияланғаны біраз жайтты аңғартпай ма?  Яғни бұл Н.Нығматуллиннің жеке ой-пікірі ғана емес, мұрагерге қатысты жоғары биліктің ұстанымы сияқты көрінеді. 

Н.Нығматуллинді не түлен түртті деген сауалға келейік. Бәлкім оған журналистің қойған «Работяга» деген тақырыбы ұнамады ма екен. Өзінің қатардағы «көк өгіздің» бірі еместігін білдіргісі келген түрі ме? «Өзге балама жоқ деді ғой, ә».  Әлде мұрагерлер тізімнің тым көп екеніне іші ашып кетті ме? Бәлкім...бәлкім...

Н.Нығматуллиннің дәл қазір мұрагер болуға қаншалықты қауқары бар,  мүмкіндігі қандай? Алдымен осыған тоқталып көрейікші.

Нығматулиннің көзге түсіп, елге салмағы бар сақа саясаткер ретінде таныла бастаған кезі Қарағанды облысының әкімі қызметінен басталды. Бірақ оның әкім ретіндегі қызметін  күні бүгінге дейін әркім әрқалай бағалайды. Қарағандылық құқық қорғаушы Евгений Танков «облыс әкімі ретінде өзінің міндеттерін дұрыс атқара алмады. Сырт көз үшін арзанқолды пиар жасауға көбірек көңіл бөлініп, нақтылы іске келгенде олқылықтар жіберілді» деп пікірін білдірді. Нығматулинді әкім ретінде мақтайтындар да көп.  Әкімнің қызметін бағалаудағы алшақтық рейтингтерде да көрініс тапты.  Айталық, социологтар мен саясаттанушылар ассоциациясының 2006 жылы жариялаған рейтінгісінде Нұрлан Нығматулин көштің соңында салпақтап жүр. Ал «Қазрейтинг» жүргізген  зерттеулерде Нығматулин сол кезде Алматыны басқарып тұрған Иманғали Тасмағамбетовтен кейінгі ең ықпалды әкім саналыпты. Қоғамдық пікірдің де, рейтингтердің де осылайша екіге жарылуының негізгі себебі – Қарағандының қордаланған  проблемалары болса керек. Бір жағынан жұмыс жағдайының төмендігіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, жалақының төмендігіне  наразы кеншілер мен металлургтер, бірінен соң бірі орын алған апатты жағдайлар,  банкрот деп танылған «Валют-Транзит» банкінің алданған мыңдаған салымшылары алқымнан алса, екінші жағынан «АрселорМиттал», «Еуразиялық топ», «Қазақмыс» секілді азуын айға білеген  алпауыт империялардың мүддесі бар. Әкім Нығматулинге екі жақтың арасында шапқылап, жұмысшы таптың да, жұмыс беруші монополистердің де көңілін табуына тура келді. 

Көпшіліктің көңілін аулап, ұран тастап соңынан ерте білетін қасиет  әкімдік жүйеден гөрі партиялық қызметте аса жоғары бағаланатыны заңды.  Сондықтан, 2009 жылдың қарашасында Нығматулиннің «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалуы экс-әкім үшін де, партия үшін де сәтті қадамға айналды. Турасын айтқанда, «Біз  билік партиясымыз!» деп кеудені керіп шіренетін, марқаятын кезеңнің келмеске кетіп бара жатқанын мемлекет басындағылар жақсы түсінді. Саяси элитадағы ауыр салмақты ойыншылардың бірі Әділбек Жақсыбеков те кезінде партия төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келгенімен, бір жыл өтер-өтпестен өзге салаға ауысып тынғаны осының айғағы. Жауапты қызметке Нығматулин келгелі «Нұр Отанның» жұмысында бірқатар өзгерістер байқалды. Әсіресе оның коррупцияға қарсы  ымырасыз күрес жариялаған дүркін-дүркін мәлімдемелерін ақпарат құралдары тынбай жариялап жатты. Әйткенмен, базбір сарапшылар Нығматулиннің «Нұр Отандағы» жіберген кемшілігін де жіпке тізіп отыр. Соның негізгісі жуырда Жаңаөзенде орын алған қайғылы оқиғаларға қатысы бар. Былтыр тамыз айында наразылық акциясына қатысқан  мыңдаған жұмысшы «Нұр Отаннан» шығатыны жайлы мәлімдеді. Бұл жайтты партия төрағасының орынбасары ретінде Нығматулин білмеді емес, білгені анық. Бірақ, жанжалды басуға қатысты  шаралар қолға алынбады. Нақты нәтиже беретін оң қадам жасай алған жоқ.  

Ағайынды Нығматулиндер қазір отандық саяси элитада айтарлықтай күшке айналды. Нұрланның егізі-сыңары Ерлан мәжілістің екі шақырылымында депутаттық қызмет атқарды. Мәжіліс тарардан сәл бұрын сенатор атанған ол Парламенттегі белсенді де ықпалды депутаттардың бірі. Ерлан мен Нұрланның екі ағасы Арғын және Арын Нығматулиндер де облыстық деңгейде лауазымды қызметтерді атқарған. 

Енді қос егіздің соңынан ерген ұрпағы да үлкен аренаға шыға бастады. Нұрлан Нығматулин Нұржан, Нұрхан және Мәди атты үш ұлдың, Ерлан – Мәдина, Малика және Карима атты үш қыздың әкесі. Ерланның Мәдина мен Малика атты екі қызы да мектепті 15 жасында тәмамдап, Америкада білім алды. Қазір екеуі де жауапты қызметте.   Малика 19 жасында министрлікте жетекші маман, 22 жасында бөлім бастығы, 23 жасынан бастап Астана қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарып келеді. Ал экс-премьер Даниал Ахметовке жиен болып келетін оның жұбайы Азат Бектұров көлік және коммуникация вице-министрі.  Мадина экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қызметкері.  Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржан бүгінде «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігінде атқарушы директор. 

Сөз жоқ, спикерлік Нұрлан Нығматулиннің карьерасына жаңа кезеңді ашып берді. Оның қатарластарынан бір артықшылығы бұған дейін кланаралық тартыстармен былғанбаған. Өзіне жүктелген міндеттерді орындады, әрі Елбасының ең сенімді серіктерінің бірі саналды. Саяси амбициясы жоғары Нығматулин үшін бұдан артық не керек?  Оның Иманғали Тасмағамбетовпен тығыз байланыста екені де көпшіліктің назарында.  Қайсыбір жиында «Нұр Отан» партиясы  төрағасының орынбасары Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовты «жерден алып, жерге салғаны»  тағы бар. Мұндай ашық, әрі ауыр соққыдан соң Имекең  «өзім өсірген күшігім өзімді таладының» күйін кешкен де шығар. Солай бола тұра, сарапшылар Нығматулин мен Тасмағамбетовтың ат-құйрығын біржола үзіскеніне аса сенбейді. 

Сонымен Нығматуллиннің мұрагерлік мәселесіне қатысты ұстанымына не айтуға болады? Жағымпаздық па? Әлде бұл расында да уақтысында өзі  тәрбиелеп, ең ақыры өзінің бірінші орынбасары қызметіне дейін сеніп тапсырған Елбасыға деген шынайы адалдық, кіршіксіз тазалық шығар. Дәл қазір ел арасында Н.Нығматуллин Оңтүстік облыстардың біріне әкім болып кетеді екен деген әңгіме гулеп тұр. Спикерлікке шенеуніктер облыс әкімдігінен келеді, ал спикерліктен облыс әкімдігіне кеткен шенеунікті көрдіңіз бе? Егер жоғарыдағы әңгіме расқа айналса бұл Н.Нығматуллин үшін құлдырау болары сөзсіз. Мұндай жағдайда ол «мұрагер мәртебесін» сақтап қала алады ма, жоқ па? Мәселе осында.  

P.S.Н.Нығматуллиннің  «Central Asia Monitor» газетінің тілшісі Алмагүл Олжасқа жазған хатын оқып отырып мынандай ой келді: Қазақстанда әзірге ешкім білмейтін, бірақ сөзсіз болатын сәт соққан кезде «мұрагерлер» жөн-жосықты қаншалықты сақтап, өз қағидаларына, ұстанымдарына қаншалықты адалдық таныта алады? Бұл енді уақыттың еншісіндегі мәселе...Келесіге дейін күніңіз жарық болғай!

Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
«Абайлаңыз! Кеннет Әлібек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу