Шымкенттегі Ақпан батыр ескерткіші қашан ашылады?
Жібек жолы мен Ақпан батыр көшелерінің қиылысындағы атқа қонған Ақпан батыр ескерткішінің ашылуы тым ұзаққа созылды. Батырдың бет-бейнесін жаңа түскен келіндей жамылғымен тұмшалап қойғанымызға жылдан асып кетті. Журналисттік зерттеу барысында білгеніміз, Ақпан батыр ескерткішін орнатуға жер бөлу жөнінде Шымкент қаласы әкімінің №957 қаулысы сонау 2010 жылдың 10 маусымында шыққан екен. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында оны іске асыруды қолға алған «Сити-Строй – LTD-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ә.Қайыпбеков ескерткішті тұғырға қондырып та қойғанымен Мәдениет министрлігі тарапынан берілетін қорытынды әлі алынбаған. Өткен жылдың 22 маусымында сол кезде облыс әкімінің міндетін атқарып жүрген бірінші орынбасар Берік Оспановтың атынан Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке үшбу хат жолданып, сәулеттік жоба Мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылған. Алайда, арада жарты жыл уақыт өтсе де бұл мәселе шешілмеген. Ақ жамылғы сыпырылмаған күйі әлі тұр.
Даңқты Баукең, Бауыржан Момышұлы, «Қанмен жазылған кітабында»: «Өз ұлтын құрметтеп, мақтан тұтпайтын адам сөзсіз сатқын», «Батырлықты ұмыту – халықтың трагедиясы. Тарих мұны бізге кешірмейді» деген екен. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, ұрпағы мақтанышпен айтып жүретін ерен ерлік қалдырған жолбарыс жүректі батырларымызды бүгінде қалай дәріптеп жүрміз? Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында қазақтың рухы саналатын батырларымызға қандай құрмет көрсетіп, олардың ерлігін ұрпақ бойына сіңіруде нендей шараларды атқара алдық?
Өкінішке қарай, «көкемнің атын көшеге, атамның атын ауылға» деген заманда жалпы қазаққа ортақ тұлғалардың, батырлардың атын көшеге беріп, тұғырлы ескерткіш орнатуда ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарылмапты. Алысқа бармай-ақ облыс орталығы--Шымкент қаласында қазақ батырларына онатылған екі-ақ еңселі ескерткіш бар. Оның бірі—Қапал батыр, екіншісі—Қабанбай батыр. Бар-жоғы екеу-ақ, алайда оның алғашқысының орнатылғанына он жыл өтті. Ал екінші ескерткіш елдің есінде болса, алғашқыда қазіргі Тәуелсіздік саябағынан, Қабанбай батыр көшесінің басталар тұсында орнатылған болатын. Еңселі ескерткіш тас тұғыраны қонғанымен, кезінде хан Абылдайдың өзі асқан батырлығы мен сұңғыла ақылдығы үшін Дарабоз деп атаған Қабанбай батырдың жамылғысы бірнеше айлар бойы сыпырылмай, ашылар сәтін тым ұзақ күтті. Ескерткіш ашылғаннан кейін, жергілікті билік оны басқа жаққа көшіріп, батырдың әруағын қозғағандай әрекетке барғанына не айтасыз?!
«Солтүстік» мөлтекауданы мен «Шығыс» мөлтекауданының ортасын бөліп тұрған кішкене көше қазір Жолан батыр атымен аталады. Тарихи деректерге қарағанда, Төле бидің ұлы Жолан батыр қазақ жерлерін жоңғарлардан азат етуде ірі шайқастарға қатысқан, сонымен бірге елшілік қызметтерге араласқан тұлға ретінде танымал. Осыдан біраз уақыт бұрын көшенің сол жақ бойынан тас мүсінге арналған тұғырдың пайда болғанын көзіміздің шалған. Кейіннен қайта ғайып болды. Араға біршама уақыт салып, көшенің екінші бетінен тағы бір тұғыр бой көтерді. Кейіннен білгеніміз, тастұғыр Жолан батырға арналған екен. Мүсінді орнатуға талпыныс танытқан азаматтар ол жерді сатып алып, батыр ескерткішін тұрғызуға рұқсат беретін қорытынды алу үшін жоғарыда аталған министрліктің арнайы комиссиясының назарына батыр жайлы мәліметтер жіберіпті. Әзірге бар болғаны осы.
Ескерткіштер мен монументтер жайлы облыстық мәдениет басқармасынан мәлімет сұратқанымызда ондағылар бір жапырақ тізім ұсынумен шектелді. Басқа мәлімет жоқ. Басқарма мамандарды ескерткіштер қалалық әкімшіліктің тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөліміне қарайтын болуы мүмкін деп, солай қарай жол сілтеді. Ал ондағылар тек ескерткіштердің айналасын тазалап ұстаумен шектелетінін алға тартып отыр.
- Негізі әр құрылысты жүргізудің өзіндік тәртібі бар. Ескерткіштер – тарихи маңызы бар нысан болғандықтан, оны орнату мәселесі мүсіні қойылатын тұлғаның тұлғалылығы дәлелденгеннен кейін талқылануы тиіс. Ал бұл Мәдениет министрлігіндегі арнайы комиссияның құзырындағы дүние. Аталған комиссия жерге шешім шыққан ба, шықпаған ба, ол жағына мән бермейді. Ақпан батырға қатысты комиссияның қорытындысы жоқ. Ұзақ уақыт ашылмай тұруының негізгі себебі де осында. Жолан батырдың ескерткішін қоятын жер алғашында дұрыс таңдалмаған болатын. Оны алдырттық. Жақында Президенттің мәдениет орталығынан қала әкіміне анықтама жолданыпты, - дейді Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Нұрлан Архабаев.
Қаланың бас архитекторының сөзінен ұққанымыз шаһардың ажарын ашып, сән-салтанатын арттыратын, сәулет-құрылысын дамытуға жауапты қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде де нақты мәліметтер жоқ. Сонда тарихи ескерткіштердің тағдырына тікелей жауапты мекеменің болмағаны ма? Жауапкершілікті мойнына алғысы келмеген мекемелер мың сан желеуді алға тартып, маңызды мәселені допша домалатқысы келеді. Бұдан кейін тарихи ескерткіштер төңірегіндегі келеңсіздіктерге байланысты кімге өкпе арта аласыз? Бүгінгі билікке батырларымыз керек емес шығар. Ал ұрпаққа ше?
Сіз не дейсіз?
Әлібек Өміралиев, Жолан батыр ескерткішін орнатуды ұйымдастырушы:
«Сүгірбаевтың сөзінен кейін жұмыс тоқтап қалды»
- Ескерткіштің дайын болып қалғанына біршама уақыт өтті. Мемлекеттік сәулет-құрылыс сапасын қадағалау басқармасының бұрынғы бастығы Сұлтанбек Сүгірбаев бір жиында облыс әкіміне «қала көшелерінің барлығына әркім өзінің бабаларының ескерткіштерін қоя берсе не болады, ол дұрыс емес» деп айтып, содан кейін жұмыс тоқтап қалды. С.Сүгірбаевтың бұл сөзіне түсінбедім. Біріншіден, Шымкент қаласындағы ескерткіші бар батырлардың барлығы да таудай тұғырға қондырса да артықтық етпейтін ұлтқа ортақ тұлғалар. Екіншіден, ол қала бюджетіне салмақ салып отырған жоқ, барлығы да демеушілердің, халықтың ақшасына тұрғызылып жатыр. Қайта осындай тарихи-мәдени нысандардың арқасында облыс орталығының көркі ашыла түспейді ме? Жастарға берер тәлім-тәрбиесі өз алдына. Жолан баба 17 жылын бүткіл қазақтың тыныштығы үшін қалмақтарда кепілдікте өткізіп, жастық ғұмырын сарп етті. Қазақ елшілігін бастап Цин императорымен келісімге келіп, тыныштық жолында күрескен тарихи тұлға ғой. Бабамыздың бейнесі бейнеленген портрет бүгінде Париждегі «ГИМЭ – Шығыс өнері» мұражайында сақтаулы тұр.
Жолан баба ескерткішіне қатысты заң талабына сай барлық құжаттарды рәсімдеп жатырмыз. Алғашқы таңдалған орын болмайды дегесін, басқа жер сатып алып, оны заңдастырып қойдық. Қаланың сәулет және құрылыс кеңесі тарапынан рұқсат етілген. Президенттің мәдениет орталығы мен Ө.Жолдасбековтың Жолан бабаның тұлғалылығын дәлелдейтін құжат қала әкімдігіне тапсырылған. Шыны керек, осы ескерткішті орнату жолында көптеген кедергілерге, бюрократиялық көріністерге жолықтым.
Әбдіғани Ташқараев, Қабанбай батыр ескерткішін орнатуды ұйымдастырушы:
«Қызықтың көкесі тұлға тұғырға қонғаннан кейін басталды»
- 1991 жылдың 23-қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында Қабанбай батырдың 300 жылдығына облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде облысымыздан шыққан топты бастап барғанмын. Ескерткішті орнату жайлы идея сол жиында туындады.
2002 жылы бұл мәселені өз күшімізбен іске асыруға бел будым. Батыр ескерткішінің жобасы бірнеше мәрте өзгерді. Қызықтың барлығы тұлға тұғырға қондырғаннан кейін басталды. Ескерткіш 2005 жылдың 25-мамырында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылуы жоспарланған болатын. Сол кезде облыс әкімі Ө.Шөкеевке Алматыдағы бір аталастарымыз «Қабанбай батыр атқа мінуі керек, атқа мінбеген күйі ашылатын болса біз өйтеміз де, бүйтеміз» деп «ашулы» хат жолдапты. Сөйтіп жоспарланған мезетте ашылмай қалып, желтоқсанның 16-сына шегерілді. Межелі уақытқа үш күн қалғанда ескерткіштің ашылуы тағы кейінге қалдырылғанын естідік. Бірақ, себебін ешкім ашып айтпайды. Әркімнің әуеніне төңкеріліп жүруге уақыт тығыз, ақсақалдармен ақылдастық та аштық та жібердік.
Мәселе мұнымен де тоқтамады. Батыр тұрған жерге Тәуелсіздік саябағы» түсетін болып, ескерткіш орнын қайта ауыстыруға тура келді. Бірақ, бұл жолы атқарушы билік бар міндетті өздерінің мойнына алып, жер де тауып берді, көшіріп те берді.
Мұхит Әлі, Қапал батыр ескерткішін орнатушы:
«Батырдың ескерткіші Талдықорғанда да бар»
- Қапал батыр ескерткіші не үшін ол жерде тұр, қандай қатысы бар деген сияқты сөз шығып, хат та келген. Біз хатқа жауап бердік. Құжаттары түгел, облыс әкімінің өзінің қатысуымен ашылған болатын. Ашылғанына 10 жыл болған ескерткіш қазір қаланың балансына өтіп кеткен. Қапал батыр ескерткіші Шымкентте ғана емес, Талдықорғанда да бар. Онда, сондай-ақ, батыр атымен аталатын қала, кесене де бар.
Әсет Қайыпбеков, Ақпан батыр ескерткішін орнатушы:
Ақпан батыр ескерткішінің мәселесін ақпан айында қараймыз деп еді..
--Ақпан батырдың ескерткішін орнатуға қатысты құжаттардың барлығын дайындап қойғанбыз. Енді Мәдениет министрлігіндегі комиссияның қорытындысын күтіп отырмыз. Комиссия төрт айда бір рет, онда да өтініштердің саны 3-4-еуден асса ғана қарайды екен. Ақпан батырдың ескерткішіне байланысты мәселені осы ақпан айында қараймыз деп еді. Бірақ министрлікте болған ауыс-түйістен кейін бұл мәселе кейінге шегеріліп кетпесе деңіз.
Шадияр Молдабек.