Бас сәулетшіге жарымаған—Шымкент

Oinet.kz 20-08-2025 98

 Screenshot_3.png

 «Шымкент – жемқорлықты тоқтатқан Қазақстандағы алғашқы қала». Жыл басында Мәжіліс депутаты (қазір Шымкент қаласы әкімінің орынбасары)  Руслан Берденовтің ақпарат құралдарына берген сұхбатында осылай  дегені естеріңізде шығар.  Берденов кейінірек осы тұжырымын тағы да қайталап «Шымкентте мемлекеттік сатып алулар мен құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық 100 пайыз жойылды» дегенді айтқан. 100 пайыз... Алайда көпшілік сол кезде-ақ депутаттың сөздерін тым асыра айтылғандыққа балаған.

Бірақ содан бергі аралықта Шымкентте Берденовтің сөздерін қасақана жоққа шығарғысы келгендей, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары сотталды. Міне, өткен аптада қаланың бас сәулетшісінің «қаржы жымқырды» деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Берденов қателесті ме, әлде қарапайым жұртшылық қателесті ме, бұл жағына төрелік айтуды өздеріңізге қалдырдық.

Әзірге бас сәулетшінің ұсталғаны туралы тиісті орындар  ресми мәлімет таратқан жоқ (не жоққа да шығармады). Құзырлы органдар да, әкімдік те үнсіз. Бұл үнсіздіктің арғы жағында нендей гәптің жатқанын түсініп көріңіз.

Ал, ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов «бөтеннің мүлкін заңсыз иемденді» деген күдікке іліккен. Қазір бұл іс бойынша тергеуді жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізіп жатыр. Республикалық ақпарат құралдары А.Әбдешовтің биыл ақпанда Руслан Берденов қала әкімінің орынбасары қызметіне келген кезде басқарма басшысы болып тағайындалғанын баса көрсетті. Бұл соңғы кездері өзіне жасалған қастандық бойынша өтіп жатқан сот отырыстарына аурухана төсегінен онлайн қатысып жүрген  әкім орынбасарының жүйкесіне тиіп кетсе керек, ол дереу осыған қатысты мәлімдеме жасады.   

«Бүгін ұсталған Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөздер таратқан ақпаратты жоққа шығарамын. Оның «менің адамым» екендігі жөніндегі кез келген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке келгенге дейін тағайындалған», – деп жазды Берденов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл жерде байқағандарыңыздай, әкімнің орынбасары А.Әбдешовтің ұсталғанын растап отыр. Ал оның  «маған дейін» деген сөзін әрқилы түсінуге болады. Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына биыл 24 ақпанда тағайындалған. Ал ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, Әбдешов басқарманың басшысы болып 28 ақпанда келген көрінеді. Бірақ бір ескерер мәселе,  Әбдешов оған дейін басқарма басшысының орынбасары болған. Яғни, Берденов өзінің жазбасы арқылы Әбдешовтің өзінің соңынан ертіп келген кадры еместігін, оның үстіне басқарма басшысы қызметіне тағайындаудың құзыретіне кірмейтінін, өзінің атына айтылып жатқан әңгімелерді қала әкімі Ғабит Сыздықбековке қарай бұрып жатқанын аңғаруға болатын сияқты.

Арман Әбдешов Түркістан облысының тумасы. Ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасында істеген. 2018 жылы Әулиеата өңіріне қызмет ауыстырып, Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметіне дейін өскен. Облыстың бас сәулетшісінен кейін Тараз қаласының бас сәулетшісінің креслосына отырған. Оның Шымкентке қай кезде оралғаны туралы ақпарат жоқ. Жалпы Әбдешов кімнің кадры? Бұл сұрақтың жауабын беру алдағы күндердің еншісіндегі мәселе.

Қайталап айтайық, басқарма басшысының ұсталғанын әзірге құзырлы органдар растаған жоқ. Кейбір ақпарат құралдары Әбдешовті ұсталған бойда Тараз қаласына алып кеткені, себебі қылмыстық іс оның Жамбыл облысындағы қызметімен байланысты деген мәлімет таратты. Алайда бұл да расталмаған дерек.  Бірақ қалай десек те, Әбдешовтің ұсталғанын жоққа шығарып отырған ешкім жоқ қой. Айта кетері, бұл  Шымкентте қылмыстық жауапқа тартылған алғашқы бас сәулетші емес. Еске түсіріп көрейік.

2016 жылдың қыркүйегінде Шымкенттің бас сәулетшісі Бауыржан Кенжеқұловтың пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 280 мың теңге параны салынған құрылыс нысанының құжаттарына қол қойып бергені үшін алыпты деген әңгіме айтылды. 2017 жылы сот оны 70 миллион теңге айыппұл салуға соттады. Бұл кезде Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болатын.

2021 жылы мегаполистің бас сәулетшісі Жеңіс Байымбетов сыбайласымен бірге сотталды. Үкімге қарағанда, сәулетші Ж.Байымбетов пен мердігер А.Айтбаев тендерге бөлінген жарты миллиард теңгені жымқырған. Ақша Шымкент қаласының аумағындағы жер телімдерінің топографиялық түсіріліміне бөлінген. Сот үкімімен Байымбетов 10 жылға,  Айтбаев 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сол кездері шенеуніктің жарты миллиард теңгені жалғыз өзі талан-таражға салуы мүмкін еместігі, бұған қалалық әкімдіктегі лауазымды басшылардың қатысы бар деген әңгімелер де айтылған.

2023 жылдың сәуірінде антикор Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшы құрамына қатысты бірқатар қылмыстық істердің қозғалғанын жария етті. «Басқарма басшысы қызметтік міндеттерін орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бөлім бастықтарынан 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деп күдіктелуде. Оның орынбасары мен бөлім бастығы алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында жер учаскесін мемлекеттік алып қою кезінде бюджет қаражатымен кедергісіз ақы төлегені үшін кәсіпкерден 5 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде»,– делінген болатын антикордың сол кезде таратқан мәліметінде. Алайда сол жылдың тамызында сот үкімі тек басқарма басшысының орынбасары мен бөлім басшысына  шықты. Басқарма басшысы – бас сәулетшіге қатысты қылмыстық істің тағдыры күні бүгінге дейін беймәлім.

Сот үкіміне қарағанда басқарма басшысының орынбасары Г.Ашенова, бөлім басшысы С.Мұратов мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жер теліміне берілетін төлемақыны көбейткені үшін жер иесінен 15 миллион теңге сұраған. Оның 5 миллионын 2022 жылдың сәуірінде алған. Алайда  кейінірек жер иесі қос шенеуніктің өзін алдап жүргенін біліп,  ақшаны қайтарып беруді талап еткен. Ақыр аяғында ақшаның  85 мың теңгесін ғана қайтарып алған. Сот үкімімен алаяқтық жасады деген айыппен бөлім басшысы 60 миллион теңге, басқарма басшысының орынбасары 50 миллион теңге айыппұл салуға сотталды. Осы оқиғадан кейін бір ай өтер-өтпес қала әкімі Мұрат Әйтенов қызметінен кетті. Оның орнын Ғабит Сыздықбеков басты.

Өкінішке қарай, Сыздықбековтің тұсында да сәулетшілерге қатысты қылмыстық істерге тоқтам болмады. «Арқадан пышақ ұратын сатқындарды» әкімдіктің жиналысында, жария түрде тұтқындау да сабақ болмаған сияқты. Енді не амал істеу керек?


«Рейтинг» газеті, 20 тамыз 2025 жыл.


Сайрам ауданы әкімі сайлауының қашан өтетіні белгілі болды
Полковникке тапсырыс берген кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу