Алматылық қыз көшеде «құпия жәшік» ұсынғандардың ұтыс ойынына қатысып, сан соғып қалды

Oinet.kz 19-08-2025 225

Әлеуметтік желіде ann.kugen есімді оқырман өзін телефон аксессуарларын сататын дүкеннің өкілдері ретінде таныстырған екі қызға алданып қалғанын жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Оның айтуынша, қыздар "құпия бокс" ұсынып, ішінде қымбат техника немесе сертификат болуы мүмкін деп сендірген. Алайда қораптың ішінде сапасыз арзанқол тауар шыққан.

Алматылық қыз бір күн бұрын өзінің 30 мың теңгеге сан соғып қалғанын айтып, басқаларға ескерту жасады. 

"Екі әдемі қыз келіп, "құпия бокс" ұсынып тұр. Айтуларынша, 30 мың теңге қорап аласың, ішінде iPhone, AirPods, Apple Watch немесе Rajabov дүкеніне 50 мың теңгелік сертификат шығуы мүмкін. "Бұл алдау емес, біз тиктокерлерміз, блогерміз, контент түсіреміз. Дүкен осылай пиар жасайды, ешкім ұтылмайды" деп сендірді. Бокс сатып алдым, ішінде AirPods Pro 2 бар. Қорап сыртынан мінсіз көрінді. QR-коды бар, сериялық нөмірі бар, тіпті менің көзімше тексеріп көрсетті. Бірақ ішінен арзанқол сапасыз көшірме болып шықты", – деп арызданды қыз.

Жәбірленуші дүкенге хабарласқанымен, олар бұл іске қатысымыз жоқ деп жауап берген.

"Дүкенге жазғанда біздің қатысымыз жоқ деп басын ала қашты. Мұнымен қоймай адамдарды ескертіп, жария түрде түсіндірмеді. Демек, олар бәрінен хабардар. Олар қанша адамды алдап үлгергенін және әлі қаншасын алдайтынын ойлаудың өзі қорқынышты. Абай болыңыздар, мұндай акцияларға алданып қалмаңыздар", – деп түсіндірді ann.kugen.

Осы оқиғаға байланысты телефон аксессуарларын сататын дүкен әкімшілігіне хабарластық. Сауалымызға Николай есімді менеджер жауап берді.

"Бұл жағдайға біздің ешқандай қатысымыз жоқ екенінен хабардар еткім келеді. Біз бұл әрекеттерге мүлде араласқан жоқпыз және ешқандай ынтымақтастықта болмадық. Олар біздің адал атымызды пайдаланып жүр. Көптен бері ешқандай ұтыс ойынын өткізген жоқпыз, себебі оған қажеттілік жоқ. Егер өткізсек, оны тек ресми парақшамызда ғана жариялар едік. Бұған дейін де біз бірнеше рет видео-түсіндірме жасап, жоққа шығарғанбыз. Бірақ соған қарамастан адамдар әлі де алданып қалып жатыр", – деп пікір білдірді дүкен әкімшілігі. 

Сонымен қатар олар қызбен байланысқа шыққанын, жағдайға қатысы жоқ екенін айтып түсіндіріпті.

Құпия бокс оқиғасынан кейін "AirPods Pro құлаққаптарының шын бағасы қанша?" деген зерттеу жасадық. Онлайн дүкендердегі ресми бағаларға қарасақ, түпнұсқасы AirPods Pro шамамен:

    •    Kaspi.kz – 116 900 ₸

    •    Sulpak – 159 990 ₸

    •    Breezy KZ – 63 990 ₸

    •    Alser – 159 990 ₸

    •    Kaspi.kz – 118 998 ₸.

Сарыағашта 19 жастағы жігітті азаптап өлтірген сарбаз жайлы тың дерек шықты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу