Түркістан облысында депутат көлігін жалған нөмірмен айдаған
Әлеуметтік желіде жол ережесін өрескел бұзған жүргізушінің, дәлірегі депутаттың видеосы тарады. Видеода Шымкент көшелерінің бірінде жол талғамайтын көлік иесі жол ортасында тоқтап, оның ішінен адам түседі. Екіншіден, өзі де, жолаушы да қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сонымен қатар, көлік қарсы жолаққа шығып алған. Осыған қатысты Шымкент қаласының Полиция департаменті арнайы ақпарат таратты:
--Тексеру нәтижесімен ол ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: жалған тіркеу нөмірлері бар көлік құралын басқару, қарсы жолақпен қозғалыс, міндетті сақтандырудың болмауы, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, тыйым салынған орындарда кері жүру, сондай-ақ қозғалыс алдындағы сигнал беру талабын орындамау. Құқық бұзушының көлігі айыппұл тұрағына қамалды. Жүргізушімен мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Полиция атап өтеді: Заң бәріне бірдей. Жол жүру қағидаларын бұзған тұлға лауазымға немесе әлеуметтік мәртебеге қарамастан жауапқа тартылады,--делінген ақпаратта.
Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, видеодағы көліктің иесі – Түркістан облысы Байдібек ауданы мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев. Ол – «Қарабатыр» ЖШС директоры.