Түркіменстанда күндіз жылу өшіріледі
Түркіменстан астанасының бірқатар шағын аудандарында күндізгі уақытта жүйелі түрде жылуды өшіріп отырады. Ашхабадтың орталық ауданындағы тұрғындардың айтуынша, соңғы аптада Мир-1, Мир-2 және Мир-3 тұрғын үйлерінің тұрғындары жылусыз қалған. Ел астанасында күндіз ауа температурасы +1, түнде - 5 градус аяз.
"Қазір бірнеше қазандықты күндіз өшіріп тастайды. Таңертең шамамен сағат 6-7-де өшіреді де, кешкісін 8-9-да қосады. Үйлер өте салқын", - дейді шолушы Аманмырат Бугаев. Мұның себебін коммуналды қызметтің өкілдері жылыту жүйесінде ақау бар деп түсіндіреді екен.
Бугаев мұндай жағдай былтыр да болғанын айтады. Жылу болмағандықтан, тұрғындар күндіз электр жылыту жүйесін қосуға мәжбүр. Ал бұл тұрғындарға өте қымбатқа соғады.
Биыл жазда Түркіменстанда жеңілдіктер толығымен алынып тасталған. Халық 25 жыл бойында тегін су, электр және газ қолданып келген. Биыл 1 қарашадан бастап коммуналды төлемдер бірнеше есеге қымбаттады.