Ресейдің келесі президенті кім?

Oinet.kz 04-12-2017 863

Алдағы ит жылы өзгерістерге толы болмақ. Бәлкім, арпалысқа. Себебі, көктемде Ресейде президент сайлауы өтеді. Тауық жылы жемін бір шоқып, жан-жағына екі қарап шыққандар енді шектен тыс сақтықты қойып, ашық таласқа шыққалы тұрғандай. Әрине, президенттіктен әркім дәмелі. Дегенмен, Орта Азияны былай қойғанда, өздерін демократияға бір табан жақынбыз дейтін еркін ойлы Ресейіңізде де бәрі алдын-ала белгілі болатын жағдайға жетіп қалғалы қашан. Әлі кандидатурасы ұсынылмаса да, В.Путин қайта мемлекет басшысы болады деген болжамдар жиі айтылуда. Яғни, ертелі-кеш Путинді доданың бел ортасынан көріп қалуыңыз ғажап емес. «Жоқ, олай емес» деп дауласа кеткеннен пайда жоқтай. 

Screenshot_16.jpg

Естеріңізде болса, Путин 2000 жылдардан бері Ресей Федерациясының тұтқасын ешкімге бермей ұстап отыр. Иә, 2008 жылы Путин заңнан аттап кете алмай, орнын босатуға мәжбүр болды. Сол кезде оның орнын басқан Д.Медведев елді 4 жыл басқарды. Дегенмен, мұны жай ғана ойынға балағандар, Медведевті қуыршаққа теңегендер аз болмады. Көпшілік алпауыт елді шындығында Путин көлеңкеде отырып-ақ басқарғанына сенді. Сөйтіп, 2012 жылы Путин қайта таққа келді. 5 жылға. Бұл күтілген нәрсе еді. Мұнда ешқандай да тосын нәрсе болмады. Міне, ендігі президент алты жылға сайланбақ. Осыған орай, дода да қызғалы тұр. Десе де, Путин шаппай бәйге алатыны анық сезіледі. Өйткені, сондағы беделді телеарналарға жақында берген сұхбатында үкімет басшысы Д.Медведев өзін президентікке үміткер ретінде көрмейтінін мәлімдеді. Қанша жерден «қуыршақ» деп сыналса да, Медведев ресми түрде Ресейде нөмірі бірінші адам болып көрді, дәмін татты. Сонда да болса, қайта президент болуға ниеті жоқтығын білдірді. Керісінше, ол егер Путин сайлауға түсіп жатса, оны қолдауға дайын екендігін де қуана хабарлады. 

– Жақында президенттікке түсетін үміткерлер белгілі болады. Сіздер менің және партияның ұстанымын білесіздер. Егер дәл қазіргі президент В.Путин өз кандидатурасын ұсынса немесе ұсынуға келіссе, онда біз және мен басқарушы «Единая Россия» париясының жетекшісі ретінде оны сөзсіз қолдауға әзірмін. Себебі, ол біздің елді өте жоғары деңгейде басқарып отыр, - деді үкімет басшысы жүзі нұрлана. Және ол бәрі заң жүзінде орындалуы керектігін де айтты. 

– Оны (Путинді) үміткерлікке кім ұсынады, ол жағын кандидат өзі шешеді. Мысалы, «Единая Россия» қолдағысы келеді делік. Егер осыған Владимир Владимирұлы келіссе, сондай қолдауды қажетсінсе, онда партия оны ешқандай күмәнсіз көмекпен қамтамасыз етеді. 

Қысқасы, үкімет басшысы Путинді қолдайтынын ашық мәлімдеді. Оның қайта президент болуына барын салатынын жасырмады. Енді қалғаны бір-ақ нәрсе. Путин сайлауға түссе болды, ары қарай өздері дөңгелетіп әкетеді екен. Үкімет басшысының бұл мәлімдемесіне қатысты ел арасында анау айтқандай резонанс туа қоймады. Себебі, халық Путинді Медведевсіз-ақ әлдеқашан президент қылып сайлап жіберген сияқты. Олай деуімізге себеп, Interfax.ru порталы жақында сауалнама қорытындысын жариялады. Федерациядағы 48 аймақтан 1600 адам қатысқан сауалнама қорытындысына сенсек, оның жартысынан астамы қазіргі мемлекет басшысына дауыс беруге әзір екендерін айтыпты. Ал, екінші орында «сотқарлығымен» танымал болған В.Жириновский тұр екен. Оны сайлауға қатысуға құлықты респонденттердің 4 пайызы призидент ретінде көргілері келетіндерін жеткізіпті. Көш соныңда әйгілі тележүргізуші Ксения Собчак (оның әкесі Анатолий Собчак Путинді «адам» қылуда зор еңбек сіңірген деседі) орналасыпты. Оған 1 пайыз респондент сенім артқан көрінеді. Жарқ етіп назарға ілікпесе жаны тыншымайтын К.Собчак жақында «Қырымға жаңа референдум керек» деген пікірін айтты. Бірақ, оның бұл пікірін халық салмақты қабылдап жатпағанын әлеуметтік желі, онлайн форумдардағы пікірлерден оқып білдік. Көпшілік оны сайлау көркін қыздыру және сайлауға деген қызығушылықты арттыру үшін орта жолдан қосылған көк аттыға теңеуде. Әйтпесе Ресейде әрбір науқан сайын сайлауға барушылар саны азайып келеді. Сол үшін билік түрлі амалдар қарастырып жатқан секілді. Және расында, атышулы тележүргізушіден қаншалықты саясаткер яки президент шығарын бір Құдай біледі. 

Ал, 20 пайызға жуық респонденттер кімге дауыс берерлерін әзірге білмейтіндерін жасырмапты. Жалпы, осы бір кішігірім сауалнамадан-ақ көп нәрсені бағамдауға болатыны аңғарылады. Жоғарыда айтқанымыздай, келер жыл - ит жылы болғанымен, «ит талас» болмайтын секілді. Әрине, мұны Путин шешеді. Ойымыз солай. Естеріңізде болса, қазанда өткен энергия тиімділігі жөніндегі халықаралық форумда мемлекет басшысы «сайлауға түсемін бе, түспеймін бе, ол жағын әлі шешкен жоқпын» деп сөзін жұмбақтап аяқтаған еді. Және ол:

– Заң бойынша бізде қарашаның соңы яки желтоқсан айының басында президенттік сайлау кампаниясы жариялануы керек. Менің ойымша, осы уақыттарда негізгі үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламарын ұсынады, - деді. 

Бәлкім, Путин өз қарсыластарын біліп-танып алғысы келді ме екен? Ал, оған қарсылас болуға үміттеніп жатқандарға көз жүгіртсеңіз, күлкіңіз келеді. Арасында ата-аналар комитетінің басшысы, жазушылар да жүр. Бірде-бір салмақты қарсыласты байқай алмадық.  

Және Шекспирше «түсемін бе, түспеймін бе» дегеніне қарағанда, қайта бағын сынап көруге дәмелі секілді. Егер қатысқысы келмесе, «жоқ» деп шешіп айтар еді. Дегенмен, мұндай батылдықты оның аузынан әлі естімедік, қимылынан байқамадық. Осылай жұрт ойға батып жүргенде желтоқсан айы да басталып кетті. Жақында оның баспасөз хатшысы Д.Песков өзін қаумалаған журналистерден «мен осы күнге дейін В.Путин сайлауға түсуге ниетті екенін айтқандығы жөнінде естімеппін» деп  алдаусыратқан сөзбен құтылды. 

Әзірге ресми түрде ештеңе белгісіз. Ал, бейресми түрде талай-талай нәрселер айтылып-ақ жатыр. Дәл қазір Ресей президенттігіне үміткерлер һәм үміткер-сымақтар дауыл алдындағы тыныштық күйді кешіп жатқандай. Ал, біздіңше жақын күндері «іннен» ұйқыда жатқан «аң патшасы» шығып, бұл орманда кім қожайын екенін көрсететіндей сезіледі.   

Назарбаев: «Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін»
Түркіменстанда күндіз жылу өшіріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу