Облыс масыл болып «арбада отыр»
Сейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбеталиев баспасөз мәслихатын өткізді. Брифинг барысында департамент басшысы 10 ай қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет түсімдерінің өсу қарқыны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда едәуір артқан.
– Республикалық бюджетке межеленген жоспар 151 млрд. теңге болса, ол 101 пайызға орындалып, 152 млрд. теңгені құрады. Ал, жергілікті бюджет бойынша, 94 млрд. теңге жоспарланса, нақты 99 млрд. теңге өндірілді. Нәтижесінде жоспар 106 пайызға орындалып, жергілікті бюджет қоржынына артығымен 5 млрд. теңгенің қаржысы түсті, - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы. Брифингте білгеніміздей, қазіргі таңда Оңтүстікте 216 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді екен. Осы субъектілерден биыл 10 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 104,6 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Әрине, түскен салық көлемі орасан. Дегенмен, Оңтүстік неге әлі дотациялық облыс? Мемлекет басшысы биыл өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлын қабылдағанда, облыс бюджетінің 80 пайызы дотация екенін айтқан еді.
Осы тұста департамент басшысының орынбасары Ғалымжан Қалдыкөзұлы бұл мәселеге тоқтала кетті:
– Оңтүстікте халық саны көп, бірақ, салық түсімі неге басқа өңірлерге қарағанда аз деген алып-қашпа әңгіме көп. Мысалы, айталық, Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен біздің облыс тұрғындарының саны бір-бірімен тура келмейді. Сол Батыста мұнай өндіруші үлкен кәсіпорын бар. Оны білесіздер. Соның төңірегінде оған қызмет жасаушы компаниялар да көп. Енді сондағы салық түсімі мен облысқа қажетті дүниені санасаңыз пара-пар келмейді. Себебі, өздеріне жарататын қаражат көлемі аз, ал, салық мөлшері одан көбірек. Сондықтан да, олар дотациялық емес, донор аймақ болып саналады. Ал, халық саны 3 миллионды құрайтын біздің облыста қаншама мектеп, қаншама аурухана бар, жетім-жесір, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар бар, соларға жәрдемақы төлеу керек. Оған қаржы керек екені айтпаса да түсінікті. Ал, біздегі түсімдер оның бәрін толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да, біз республикалық бюджеттен субвенция, трансферттер алуға мәжбүрміз.
Қазіргі тағда Оңтүстікте салық түсімі дұрыс жолға қойылып, жылма-жыл ұлғайып келеді. Мемлекеттік бағдарламаларға не үшін қаржы жұмсалады? Кәсіпорын ашу үшін жұмсалады. Сол кәсіпорын жұмыс істеп кетіп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса, онда жергілікті бюджетке де, республикалық бюджетке де түсетін салық түсімі көбейер еді.
Иә, Ғалымжан Қалдыкөзұлы облыс неге 80 пайыз дотацияда отыр деген өзекті сауалға мәселені осылайша түсінік берді. Сонымен, Оңтүстіктің дотациялық облыс болып отырған себебі – халық саны көптігінде екен. Яғни, халық саны көп болса, оны қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржы көлемі де сондай болмақ. Бірақ, қашанғы республикаға алақан жая беруге болады?
Біле білсек, әйгілі Детройт қаласы – кезінде АҚШ-та көлік орталығы болған. 1950 жылдары экономикасы шарықтау шегіне жетіп, АҚШ-тағы ең бай қалалар қатарына кірген. Дегенмен, кейіннен басынан бағы тайып, өз-өзін асырай алмағандықтан Вашингтонға көмек дәметіп көзін сатуға мәжбүр болды. Қашанғы шыдасын, ақыры Вашингтон Детройтты асырауды доғарады. Салдарынан Детройт қаласы 20 млрд. долларға жуық қарызын өтей алмайтынын білгендіктен, өздерін ресми түрде банкрот деп жариялады. Содан бері төрт жыл өте шықты. Детройт әлі ес жия алмай жатыр.
Ендеше, егер Астана Оңтүстікке трансферт бермей қойса ше? Онда өзімізді банкрот деп жариялауымыз керек пе? Жоқ, бұлай болмауы тиіс. Ол үшін өз қолымыз өз аузымызға жетуі қажет. Бұл үшін өңірімізде кәсіпкерлікті дамытқан абзал екен. Әсіресе, отбасылық кәсіпкерлікті. Өңірдегі салық пен кіріс-шығыс көлемін бес саусағындай біліп отырған Ғалымжан Қалдыкөзұлы осыны нықтап айтты. Кәсіпкерлік жөніндегі Елбасы тапсырмасы мықтап жүзеге асса, яғни дүбірлеп ашылған кәсіпорындар жабылып қалмай, керісінше, жылдан-жылға өркендеп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Нәтижесінде арбаға таңылып қалған жандай масыл болмай, қолымызға күлше ұстап, республикаға сүйкімді көрінер ме едік. Мемлекет басшысы кәсіппен айналысамын деушілерге қолдау көрсету керектігін жиі айтады. Дегенмен, біздегі кей құзырлы органдар, қолында билігі бар ірілі-ұсақты бөлім, басқарма басшылары «кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді» өздерінің санасы жеткен деңгейде түсініп жатқаны қынжылтады. Бұлай деуімізге себеп, күні кеше Сайрам ауданында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Әділет басқармасының басшылары тұтқындалды. Олар жеке кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырыпты. Кәсіпкерлерге қоғамдық тамақтанумен айналысатын сауда нүктелерін ашуға оң қорытынды беріп, өз кәсіптерімен еш алаңсыз айналысуға «қамқорлық таныту үшін» олардан 600 мың теңгеден алып келген. Бұл туралы облыстағы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық бюросы хабарлады. Мінекей, Оңтүстіктегі кәсіпкерлерді қолдау сиқы осындай болып отыр. Ойыңызға еріксіз 90-шы жылдар елестейді. Ол кезде кәсіпкерлерге рэкеттер демеу болса, бүгінде... Бұл бір ғана жағдай. 3 миллион халқы бар өңірімізде қанша жеке кәсіпкерді жоғарыдағы ағалары «бастарынан сипап» отыр екен? Осындай «қолдаушы ағалар» қанша жеке кәсіпкерді жарылқады яки түбіне жетті? Бәлкім, білмей-ақ қойған жөн бе? Білсек, түңіліп кетпесімізге кім кепіл?!.
Дәл қазіргі сәтте Оңтүстік түрлі себептерге байланысты әлі сол арбада отырған секілді. Қалай тұруға болатыны түсінікті, бірақ, қашан тұрары әлі белгісіз...