Қазақстанда блогерлер салық төлейтін болды
15-01-2024
Тауық жылы – интргигаға толы жыл болды. Биыл дүние жүзі халқы бір өзгерісті күткені анық. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демекші, өзгеріс ең бірінші «түйеңіз» – АҚШ-тан басталып «ешкі» Зимбабвемен аяқталды. Осы жылы Америка тарихындағы тұңғыш қара нәсілді президент орнын Дональд Трампқа босатты. Бастапқыда Трамп сайлауда жеңіске жеткенде көпшілік абдырап қалған болатын. Себебі, күтпеп еді. Трампты «ардың-гүрдіңге» теңеп, «болса осы болар» деп Х.Клинтонды сайлау бітпей жатып президент лауазымына алдын-ала сайлап жіберген болатын. Дегенмен, қателесіпті. Сонда Х.Клинтон көз жасын тия алмай, әбден жылаған көрінеді. Әйтсе де, жыла-жыламағын, одан келіп-кетер пайда жоқ. Сонымен, Трамппен бірге дүние жүзі саясатына нендей өзгеріс енді?
Басқа елдер не ойлағаны белгісіз, әйтеуір, сайлауда Ресей Федерациясының Трампқа бүйрегі бұрып тұрды. Одан әлдеқандай бір үміт күткендей. Себебі, Трамп пен Обаманың арасында бір суық ызғар бар еді. Осы бір ызғар Ресейге майдай жағатын. Ол кезде Обама бастаған топ Путинді қақпайлап жүрген болатын. Сенім алдамапты. Трамп орынтаққа отыра салысымен, Обаманың денсаулық сақтау жүйесіне енгізген бағдарламасын ( ел ішінде Obamacare деп аталады) алып тастауға білек сыбана кірісті. Жалпы, Трамп Обаманы мүлдем қолдамады, оның істерінің көбісін жалғастырмады. Дегенмен, мұндай әрекеттер қос мемлекетті бір-бірімен жақындастыра алмады. Бәрібір де державалар арасындағы қарым-қатынасқа адами факторлар әсер ете алмайды екен. Сайлауға дейін Трамп Ресеймен достық орнатуға, тіпті керек болса әскери бірлікте мүдделі екендігін айтса, сайлаудан кейін сөзі өзгере бастады. «Әскери бірлік» дегені не екені белгілі болды. Ақ үй Кремльге ядролық қаруды кең көлемде қысқартуды ұсынды. Сонда ғана Ресейге салынған санкцияны әлсірететіндерін айтты. «Мейлі, терроризммен бірлесе күресейік, Сириядағы кей аймақтардағы қақтығыстарды қысқартайық, тек ядролық қаруды емес». Дүниені осы қарумен уысында ұстап отыруды көздейтін Кремль бұл ұсынысқа жауап бермей, жылы жауып қоя салды.
Әсіресе, әңгіме Қырымға келіп тірелгенде, Трапм ішкі сезімін мүлдем жасыра алмай, сыртқа шығарып қоя берді. Мына бір сөз Америка мен Ресейді бір-бірінан ажыратып жіберді: «Ресей Украинадан Қырымды Обаманың тұсында тартып алды». Президент болған Трамп осылай деді. Бір ауыз сөзбен екі қоянды жаралап тастады. Осыдан-ақ, Трамп Ресейге деген шынайы көзқарасын аңғартты. Ресей Қырымды Украинаға қайтармайынша, санкция алынбайды дегенді де жақаурата жеткізді. Ал, Ресей бұл аралды енді ешқашан қайтармайды. Тырысады. Өйткені, Қырым – Ресей жері. Солай дейді. Орыс ұлтшылдары. Совет Одағы кезінде Қырым Украинаға қателікпен берілген. Сондықтан да, Қырымды қайтарып алу – ешқандай да құқық бұзу емес. Осылай деп Ресей өзгелерді сендіруге тырысып-ақ жатыр. Бірақ, бұл уәжге көнетін Америка ма? Еуропа ма? «Күшейгенін» қаламайды. Санкция – бас көтерген жыланға ағарған құю. Осылай дейік.
Бұл жөнінде американ сарапшысы Сэм Грин: «Америка мен Ресей арасындағы мәселе – кең ауқымды, құрылымды, жекелеген адамдарға байланысты емес» деп айтты. Бұл мәселе Д.Буш-үлкен мен Ельцин кезінен бері жалғасып келеді. Тіпті, Ақ үйдегі орынтаққа Путин отырса да, Америка мен Ресей қарым-қатынасы жақсармайды. Америкада соңғы сөзді көптеген елдердегідей президент айтпайды. Онда басқару жүйесі әбден өркендеп, дамып кеткен. Көзге көрінбейтін түрлі құрылым бар. Түрлі долбар, түрлі болжам бар. Бірақ, Американы шындығында кім (не) басқарады, бұл жағы әрқашан құпия болып қала береді.
Дүйсенбі күні Ақ үй ұлттық қауіпсізік стратегиясын жариялады. Мұндағы негізігі ой: «Америка әрқашан көшбасшы болу керек. Сәл әлсіздік танытса, оны Қытай мен Ресей пайдаланып кетеді». Десе де, бұл жағдайда Америка ұлттық мүддесін қорғай отырып, қос державамен «әріптестік» орнатуға ұмтылатын болады. Стратегияны таныстырған Трамп осылай деді. Стратегияда: «Держава-бәсекелестер, Қытай мен Ресей Америкаға ықпал жасап, байлығы мен құндылығына қауіп төндіреді. Бейжің мен Мәскеу экономиканы еркін және әділетті етіп, әскерін күшейтіп, интернеттегі ақпараттар ағынын бақылауға ала отырып, қоғамдық пікірді қадағалап, оған өз әсерін тигізуді қалайды. Ресей бұрынғы ұлы держава мәртебесін қайтаруға күш салуда және шекаралас мемлекеттерге ықпалын жүргізуге тырысуда» делінген. Сонымен қатар, стратегияда Иран мен державалар арасындағы қару-жарақ келісімі қатаң сынға алынды. Жалпы, бұл стратегия – агрессияға толы секілді.
– Біз бәсекелесудің жаңа дәуіріне өтіп жатырмыз. Шекарасыз мемлекет – мемлекет емес. Соғыста жеңе алмайтын мемлекет, өзін де қорғай алмайды. Америка – тағы да ойында, Америка бұл ойында жеңуді көздейді, - деп мәлімдеді АҚШ президенті. Оның айтуынша, жаңа доктрина қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төрт бөлімнен тұрады екен: Ислам терроризміне қарсы күрес және имиграцияны бақылау; энергетикалық тәуелсіздік, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «саудасыз келісімдерді, авторлық құқықты қорғауды» қайта қарау; әскерді толықтай жаңғырту, қорғаныс секторында миллиондаған жұмыс орындарын құру және «күш арқылы бейбітшілік»; әлемде американдық ықпалды күшейту.
«Күш арқылы бейбітшілік»... Бұл арқылы Трамп не айтқысы келді екен? Қытай мен Ресейден қауіптену керектігі жазылған бұл стратегияны Трамп бекерден-бекерге таныстырмағаны айдан анық. Аталған стратегияны – реформа десек те жарасады екен. Әрине, егер толықтай іске асса, Трамп тарихта реформатор ретінде қалады.
Ал, Кремль болса, Вашингтон үкіметінің Ресейді қарсыласы ретінде қарауына қазірден бастап қауіптенетінін жеткізді. Өлімсіреп жатқан қырғи-қабақ соғыс қайта «тіріліп», жаңа деммен күшіне мінген секілді.
Әзірге Ресей тарапы бұған белсенділік танытып отырған жоқ. Себебі, үш айдан соң елде президент сайлауына өтеді. Ресей үшін дәл қазір ең маңыздысы – тақ болып тұр. Тақты сайлап алған, Америкамен арпалыса жатар.