Диктатордың ақыры

Oinet.kz 24-12-2017 1004

Осыдан 6 жыл бұрын Ливияны 40 жылдай басқарған Муаммар Каддафи өз халқының қолынан қаза тапты. Ал, Мысырды 30 жыл билеп-төстеген Хосни Мүбәрак биліктен күшпен тайдырылды. Бұған дейін де қуғынға ұшыраған мемлекет басшылары қаншама. Жалпы, бір орында өте ұзақ отырып қалған президент түбі диктаторға айналып шыға келеді. Ал, диктатор билікте неғұрлым ұзақ отырса, биліктен соғұрлым «тез ұшып кетеді» екен. Оларды не өз халқы, не көлеңкелі сыртқы күштер жылы орнынан айырады.

Screenshot_6.jpg

Биыл тақтан Зимбабве республикасының президенті Роберт Мугабе түсті. Дұрысы, түсірді. Өз халқы. Оларды бұндай дәрежеге 1980 жылдан орнын ешкімге бермей келе жатқан президент жеткізді. Р.Мугабе тұсында елде жемқорлық қатты белең алып, экономика тығырыққа тірелді. Ол 2000 жылы жарлық қабылдап, «ақ фермерлердің» жерін экспроприациялауға мүмкіндік берді. Бұны отаршылдықпен күрес деп түсіндірді. 

Реквизициялау нәтижесінде жалпы ауданы 5 миллион гектар болатын 3 мыңнан аса шаруа қожалығы құлап, 60 ақ фермер қаза болды. Бұрынғы иелерінің басым көпшілігі елден кетіп қалды. 835 мың жергілікті азамат жұмыссыз қалды. Көптеген кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатты. Елде өндіріс күрт төмендеп кетті. 2000 жылы 7,4 млрд. доллар болған жалпы ішкі өнім көлемі 2005 жылы 3,4 млрд. долларға дейін төмендеді. Бар болғаны 5 жылда ел экономикасын өз қолымен 2 есеге төмендетіп жіберді! Гиперинфляция салдарынан ұлттық валюта жойылып, жұмыссыздық деңгейі 80 пайызға бір-ақ жетіп жығылды. 2010 жылға қарай ақша ғаламат деңгейде құнсызданып, Зимбабведе 100 трлн. долларық купюра шығарылды. Мугабе 2016 жылы өз ескерткішін орнатты.  

Бұл ештеңе емес, 2005 жылы Мугабе өз халқынан кек алды! Оппозицияны қолдағаны үшін. Сол себепті, халық жиі қоныстанған жеркепе үйлерді жою операциясы басталды. Яғни, халқы жеркепеде тұрмағанда қайда тұрады?!. БҰҰ келтірген мәліметтерге сүйенсек, 700 мыңнан аса адам үй-күйсіз қалды. Зұлымдығы сонша, Мугабе осыдан рахат алғанға ұқсайды. Содан Америка мен Еуроодақ Зимбабвеге адам құқығын аяққа тапағаны үшін санкция енгізді. Салдарынан Зимбабве құрлықтағы ең кедей елдер қатарына қосылды. 

«Қорқақ қаша-қаша батыр болды» демекші, халық қашанғы шыдасын, Мугабе мен вице-президент Эммерсон Мнангагва арасында кикілжің орын алғанда, халық вице-президентті қолдап шыға келді. Нәтижесінде, олар жеңіске жетті! Іс насырға шапқанда билік өкілдері де халық жағына шығып, 40 жылға жуық елді қанаған Мугабе жалғыз қалып кетті. Осылайша, диктатор көктен жерге түсті. Сенсеңіздер, сонда елде қуанбаған жан кемде кем. Құдды Тәуелсіздікке қол жеткізгендей. Олар көшені бойлап, Мугабе бейнеленген портрертті аяққа таптап, шат-шадыман күйде той тойлады. Себебі, бәрінен де іштен шыққан жау жаман. Іштен шыққан жау іштен шірітеді. Мұндай жаумен күресу қиын. Біріншіден оны жау деп тану қиын. Және ол сенің басшың. Ал, Ислам дінінде: «әміршіге қарсы шығуға болмайды. Ол – Құдай сүйген құл» сарынындағы уағыздар жиі айтылады. Осы себепті шығар, диктаторлар азаймай тұр.     

Ендігі кезек қай диктаторда екен?!.  

Ақ үйге Путин басшы болса да...
Ішкі істер министрі ауыр жұмыстан қатты азып кеткенін жасырмады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу