Полат Қырықбаев Астанадан жерге қарап қайтты
Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған, қазақ күресінен «Қазақстан барысын» анықтаған дүбірлі дода дүркіреп өткеніне көп бола қойған жоқ. Жеңіске жеткен қазақтың баласы, жарыс ұлттық спорттың дамуына үлкен үлес қосты. Яғни, оңтүстік, солтүстік, сыр өңірі деп бөлер дәнеңе жоқ, дегенмен бүгінде ыстығы басыла бастаған сол додадан оңтүстікқазақстандық балуандар екінші айналымнан да аса алмай жүлдесіз құралақан қайтқанына қайта оралғымыз келіп отыр. Қазағы қалың оңтүстікте өзге өңірлерге қарағанда жақсы дамыған дейтін қазақ күресі Полат Қырықбаевты неге жерге қаратты? Қазақша күрестен облыстық, халықаралық деңгейде жылына 4-5 турнир өткізіп, жеңімпаздарға темір тұлпарлар тігіп жататын оңтүстіктің балуандары неге осалдық танытты?
Қазақ күресінен республикалық деңгейде өткен үлкен додаға тігілген бас жүлде - 22 миллион теңге мен «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған қызылордалық балуанды Сыр халқы «Қорқыт ата» атындағы әуежайда күтіп алыпты. «Қызылордалық балуандарды бастап барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров, облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Садық Мұстафаев пен тұңғыш «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған Ұлан Рысқұлдың төбесі көрінгенде ел алғысын екі еселеп жаудыртып жатты. Чемпион халықтың құшағына күмп беріп қойып кетті. Барлығы қолын қысып, арқасынан қағып, жеңісімен құттықтап жатыр...». Көппен бірге қуанған әріптестеріміз баспасөз бетіне осылай жазды. Қызғаныштан емес, қызыққаннан Оңтүстіктен барған төрт балуанның бірі жеңіске жеткенде біз қалай сүйінші сұрар едік деген ой келеді.
Байрақты бәсекеде әр өңірден іріктеліп шыққан ең мықты 64 балуан күш сынасты. Жалпы жүлде қоры 265 мың АҚШ доллары. Қазақ спорты тарихында оның ішінде ұлттық спортта тұңғыш рет жеңімпазға осындай қолдау көрсетіліп отыр. Ұлттық рухты көтеретін бұл жобаның дүниеге келуіне КТК телеарнасының директоры Арман Шораев мұрындық болып, Қызылорда облысының әкімдігінен қолдау тапқан. Әрине, Туризм және спорт министрлігі бұл игі шарадан тыс қалмаған. Доданы тамашалауға көрермен көп жиналды. Облыстардан арнайы келгендер де аз емес. Сол көп көрерменнің арасынан Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы Полат Қырықбаев бастап келген бір топ спорт мектептерінің директорлары мен жаттықтырушыларды көріп ішіміз жылып қалған-ды. Спортшыларын қолдап басқарма басшысы қасында жүрсе ол үлкен демеу. Балуандарының бірі жеңіске жетсе басқарма басшысына да үлкен абырой. Қызылордалық әріптесі секілді әуежайда-ақ халықтың алғысына бөленіп, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің алдында жүзі жарқын болар еді. Бәкеңе дәл осы жолы ондай бақыт бұйырмапты. Ол да ұшақпен қайтқан болар, бірақ...
Облыста озық шығып, Астанаға жолдама алған төрт балуан да елге жақсы танымал. Оңтүстікқазақстандық балуандардың қарсыластарынан атақ-дәрежесі де, шеберлік деңгейі де артық болмаса кем емес еді. Демек, П.Қырықбаев бастап барған балуандарымыз бабында болмай шықты. Бабында емес дегің де келмейді. Өйткені, ерте көктемнен бастап, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің жүлдесі үшін, Қ.Мұңайтпасов атындағы жүлде, Б.Жаңбырбаевтың жүлдесі секілді бірнеше турнир өткізіледі. Тіпті, аудан оралықтарында ірі жарыстар болып жатады. Балуандарды ынталандыратын жүлделер де қомақты. Бас жүлдеге темір тұлпар тікпесе турнирдің сәні келмейтіндей дәрежеге жеткен. Әлгі Рамиль Шарыгин намысын қорғаған Қостанайда немесе Сабыржанды ұтқан Еділ Үсеновтың Оралында осындай жарыстар жиі өтеді деп айта алмаспыз. Демек, «интригасы» мол жиі өткізілетін турнир мен жүлделік жеңіл көліктің балуанның шеберлігін арттыруға берері аз-ау.
Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов қазақ күресіне үлкен көңіл бөліп келеді екен. Бұл облыстың басшылары қазақ күресіне арналған кешен салып, спортшылардың алаңсыз жаттығуына алдағы уақытта да қамқорлық жасай береміз деп құлшынып отыр. Қазағы мол оңтүстіктен ұлттық спортқа деген ондай ұмтылысты ести алмадық. Аймақтарға спортты дамытуға, естуімізше ең кемінде 2 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Бұл аз қаржы емес, тек орынды жұмсай білгенде. Спорт мектептері қыруар қаржыға ғимарат жалдап отырған Шымкентте қазақ күресіне қомақты қолдау көрсетіледі деп те айта алмаймыз. Оған жоғарыда атап өткен турнирлерде балуандарымыздың күрестен соң бір-бірімен күртеше ауыстырып әбігерге түсіп жататыны дәлел. Даңқты балуан, Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов бір сұхбатында спорт басқармасы бастықтарын облыс әкімдері тағайындайтынын және олар спорт және туризм министрлігінің келісімін де сұрамайтынын, бүгінде басқарма басшыларының 60 пайызы өз қызметіне сай емес болғанымен жергілікті әкімге ұнайтынын қынжыла айтыпты. Яғни, әлгі әкім ұнатқан бастыққа спортыңыз бес тиын. Полат Қырықбаевты 60 пайыздың арасына кіргізгіміз жоқ және әкімге ұнайтын-ұнамайтыны бізге беймәлім. Дегенмен, құдай боксшыларымызға қуат берсін дейік, әйтпесе соңғы жылдары облыс спортшыларының шеберлік деңгейі жоғарылады деуге тағы ауызымыз бармайды. Оны түрлі жарыстарда байқап та жүрміз. Төмендеген де жоқ, тұралап қалған секілді. Әрине, басқа өңірдегі спортшылар қарап отырмасы анық. Қазір спорттың қай түрі болсын, бәсеке мықты. Қазақ күресінде өзге өңір спортшыларының деңгейі әлдеқайда өскенін, ұлттық спорттың бұл түрінен көш басында келе жатқан оңтүстік балуандарының жеңілісі анық дәлелдеп берді.
Oinet.kz мұрағатынан