Бақтияр Тайжан: Еліңнің мерейі асқаннан артық қуаныш жоқ

Oinet.kz 11-08-2022 3028

Бақтияр Тайжан. Қаламгер қауым арасында оның есімі тоқсаныншы жылдары «Жас алаш» арқылы танылды. Бертінде ұзақ жылдар ел газеті «Егеменде» еңбек етті. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне басшылық жасады.  Осы жылдары Бақтияр Тайжан  спорт тақырыбында жазатын журналистердің бірегейі ретінде, қарымды қаламгер, білікті бас редактор ретінде  мойындалды. 

Қазақы мінезі жазған жазуынан, қолтаңбасынан аңғарылып тұратын ақкөңіл, ақжайма ағамыз осы аптада алпыстың асуына шығып отыр. Мерейтой қарсаңында бүгінде Шымкент қалалық «Шымкент келбеті», «Панорамо Шымкента» газеттерінің бас редакторы қызметін атқарып жүрген Бақтияр Тайжанмен сұхбаттасқан едік.

Screenshot_4.jpg

Бақтияр ТАЙЖАН, Қазақстан Жуналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Спорт қайраткері, Мәдениет қайраткері

– Бақтияр аға, білуімізше, бірнеше Олимпиада ойындарын бастан-аяқ көріп қайттыңыз. Олимпиаданың шежіресін жаздыңыз десек те болады. Әрине, әр олимпиаданың өзіндік ерекшелігі бар. Десек те, қай олимпиада есіңізде ерекше қалды?  Қайсысы жаныңызға жақын?

– Олимпиада ойындарына алғаш баруым Бейжіңнен басталды. Қытай – экономикалық жағынан өте қуатты ел. Төрт жылда бір келетін, бүкіл жаһан көз тігіп отырған спортшылардың ең ұлық мерекесінің ашылуы мен жабылу салтанатын өткізуде беріде ешбір мемлекет алдына түсе алған жоқ. Тұманды Альбион елі Қытай мемлекеті жұмсаған шығынның ширегіндей ғана жаратқандай әсер қалдырды. Ал Рио де Жанейро олимпиадасы ойындарында елдің басшысы сыбайлас жемқорлықпен ұсталып, спорт құрылыстарының кейбірі жартылай бітпей қалғаны есте.

«Егемен Қазақстан» газетінің арқасында ҰОК-інің Олимпиада ойындарына жіберетін төрт журналисінің бірі болғаным әрине, кеудеңе мақтаныш сезімін ұялатады. Тізімде тұрған төртеудің біреуі ғана қазақ ұлтынан болғаны көңілге кірбің тудырғанымен жағдай нақ солай болды. «Хабар», «Қазақстан» телеарналары мен жекелеген журналистер демеуші арқылы барып жатты. Тек, Риодан кейін бұл сең бұзылып, басымдылық қазақ журналистеріне берілді.

Ал қайсысы жаныңызға жақын деген сауалыңа келсек, қазақ спортшылары көк туымызды жаһандық спорт бәсекесінде көкке желбіреткен кезінің бәрі ыстық. Тосын жайттар көп қой. Мәселен, Бейжің олимпиадасында Серік Сәпиев шаппай бәйге алып тұрды. Ширек финалда төрешілер Тайланд боксшысына көренеу көзге әділетсіздікпен жығып берді. Сол елдің королінің сүйікті боксшысы екен. АІВА-ның президенті Анвар Чаудридің түбі де сол елден. Серік Сәпиев екі қолымен бірдей ұратын, соққысы найзағайдай жылдам боксшы. Нағыз нар шағы еді. Тайлық бір ұрады да құшақтап, жабысып алады. Серіктің дәл соққылары есептелмейді, ішіміздің қан жылағаны-ай. Өкініштен бармақ тістеді деп осындайда айтатын шығар. Ал Лондон олимпиадасында күтпеген жерден велошабандоз Александр Винокуров алтын әкелді. Әсілі, ол алтын түгілі қола медальға есептелген жоқ еді. Өйткені Олимпиада ойындарында чемпион мен жүлдегерлер болатындарына оған дейінгі спорттық көрсеткіштері есепке алынып, болжам жасалады. Винокуров ол межеде болмағандықтан айтып отырмын.

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Лондон олимпиадасында қазақтың әнұраны хитке айналды» деген сөзі бар. Рас. Жеті рет әнұранымыз Лондон аспанында қалықтап, қасиетті көк Байрағымыз Альбион елінің зеңгір көгінде желбіреді. Саған өтірік, маған шын сол күндері қазақ мемлекеті әлем халқының ауызында болды. Лондон олимпиаданы аз бюджетпен өткізді дегенді айттық. Олар спорт құрылыстарына орасан қаржы жұмсамай, араб миллиардерінің болашақ сауда павильондарын жалға алған екен. Спорттың негізгі түрлерінің дені осы алып сарайларда өтті. Үстімізде ұлтық форма, көк туымызды жамылып алғанбыз. Төрт журналист әлгі адамы құрмысқадай өрген спорт жарысына кіргенімізде Отанымыз үшін мақтаныш сезімді жанымызбен сезініп жүрдік. Бәрі дегем өтірік болар, шын жанкүйерлер бізге қайырылып, «Қазақстан» дейді де бас бармағын көрсетеді. Біреулері штанга көтергендей қос қолын аспандатады. Расында, Илья Ильин бастаған, құрамында Зульфия Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова бастаған ауыр атлетшілеріміз күн құрғатпай алтын алып, айды аспанға шығарып жатты. Подобедова Ресейде құрамаға ілінбеген соң Қазақстан азаматтығын алған спортшы. Басты қарсыласы әлемде алтыннан жаңбыр жаудырып жүрген қос қыз. Екеуін де біздің сары қыз жерге қаратып алтын медальді өз өңіріне тақты. Подиумда тұрып еңіреп жылаған Зульфия Чиншанло болды. Зау заты қытайлық қыз күртесінің өңіріндегі Қазақстан эмблемасы көрсетілген тұсты сұқ саусағымен көрсетіп, екі көзінен лағыл жас бөлініп шырылдайды. Кейін өзі айтты: «Қытайда жүргенде Азия чемпионатына баруды іштей армандайтын едім. Қазақстан олимпиада ойындарына дайындап, алтынға қолымды жеткізді. Сондықтан бұл елге алғысым шексіз».

Ал қарсыластарын езуінен күлкісі кетпей жүріп күмәнсіз жеңген еркөңіл Илья Ильинің баспасөз мәслихатында «жылқы етін жеймін, ағзаға өте пайдалы, орасан күш береді» деп ағынан жарылуы әлем жұртшылығы үшін сенсациялық жаңалық болды. Әлем-жәлем шетел газеттерінің тілін түсінбесек те жылқы етін жейтін Ильин туралы тамсанып, таңырқаған мақалаларды көп кездестірдік. Фототілші Николай Басов ағылшыншаға судай. Кейбірін бізге аударып берді.

 – Олимпиада ойындарындағы сіз үшін ең мерейлі шақ қандай? Сидней олимпиадасының қаһарманы Ермахан Ыбырайымовтың Австралияға баруына сіздің де үлесіңіз барын естіген едік. Қаншалықты рас?

– Олимпиада кезінде бүкіл дүние жүзі көк жәшікке телміріп, біздің жанкүйерлер спортшыларымыз жүлдеге іліккенде қуаныштан аспанға секіреді. Ал сол жеңісті сол жерде көріп, жүрегің жарыла қуанып шаттанғанның жөні бір бөлек дүние. Мәселен, Серік Сәпиев алтын алды. Финалда бүкіл ағылшын жұрты тілеулес болған Фред Эвансты күмәнсіз жеңді. Миг зонада оларды ең алғаш қарсы алатын Олимпиада ойындарына лицензия алған журналистер ғана. Сонда тері саулап ағып келе жатқан Серік бауырымды, інімді қапсыра құшақтап, маңдайынан алғаш сүю бақытына ие болдым. 

Әрі қарай, айтпай-ақ түсінесің ғой. Жүрек ауыратын сәттер де болады. Үш рет Олимпиада ойындарына жолы түскен, әлем чемпионы Біржан Жақыпов ширек финалда қытайлық Зу Шимингті жеңді. «Күштінің арты диірмен тартады» деген бар ғой, бір ғана спортшысы қалған Қытай жағы таразыны өзіне аударып, біздің алтын баланы жарыс жолынан шығарып тастады.

Ал Ермаханға келсек, әңгіме ұзақ. Ол кезде «Жас Алашта» жұмыс істеймін. 1999 жылы «Ермахан Сиднейге алтын үшін барады» деп бір бет мақала жазып қойғанмын. Сол жылы Қытайда бокстан Әлем Кубогі өтті де Ермахан қола медальмен қайтты. Көрші тұратын едік. Әкесі Сағи туған ағамдай болып кеткен азамат. Отбасымызбен араласамыз. Бір күні Сағи аға келді. Өңі өрт сөндіргендей. «Бақтияр, ана батырыңа ие бол. Әйтпесе, келінді атып өлтіремін» дейді түтігіп. Ермаханның алғашқы жары өзге ұлт өкілінен еді. Ермаханға жолықтым. Жартылай финалда Куба қабыланы, аяқ қолы сырықтай Эрнандестен өте алмапты. «Қолы ұзын, ішке кіріп соққы жасауға өткізбейді» дейді. Сондай ірі додаларда кәсіпқой бокс промоутерлері өріп жүреді. Ағылшын елінен келген бірі Ермаханға «Жасың болса келді. Сиднейде Эрнандестен өте алмайтының анық. Кәсіпқой боксқа ауыс. Жылына бір миллион долларға келісімшартқа отырамыз» деп азғырады. Көңілі алаң болған Ермахан бұл жайтты жұбайына айтады. Ол кезде Қазақстандағы орташа айлық жүз долларға жетпейді. Ал көнде 1 млн доллар. Әрине, жұбайы «кеттік» деп чемоданын жинай бастайды. Әке-шеше кесіміне тоқтамайды. Ашық әңгімеде Ермахан көп жайтты айтты. Олимпиадаға алаңсыз дайындалуға көп қаржы керек. Ал Ермахан диетолог сияқты мамандарға өз қалтасынан ақша төлеп жүр. Жағдай төмен.

«Жас Алашқа» осы жағдайларды баяндап, «SOS. Лондон Ермаханды сұрайды» деп шерлі мақала жаздым. Қазақтың сол кездегі қабырғалы азаматы, нағыз мемлекетшіл тұлға Мұхтар Құл-Мұхамед телефон шалды. «Бақтияр, Ермаханды маған әкел» деді. Апардым, әңгіменің қысқасы, Ермаханға елдің жоқшылықтан еңсесі төмен екендігі айтылды. Жұртты серпілту, ояту үшін Ермахан Сиднейден алтын әкелуі керек. Басқаға үміт жоқ. Ал қаржы мәселесін өзі шешіп береді. Солай болды. Атадан ер болып туған Ермахан қарсыластарының бәрін талқандап шықты. Ішінде «Абылай аспас сары бел» болған Эрнандес те бар.

– Былтыр Токио олимпиадасындағы сәтсіздік кездейсоқтық па әлде осылай болары алдын ала белгілі ме еді? 

– Ең басты сәтсіздік спорт функционерлерінде жатыр. Мен Доха, Гуанжоу Азия ойындарына журналист ретінде барғанмын. Азия елдерінің олимпиадасы атанған, төрт жылда бір келетін додада Қазақстан Қытай, Жапон, Оңтүстік Кореяны алдына салып, төртінші орынмен тиянақтайтын. Бүгінде бірі даттап, бірі ақтап жүрген Арыстанбек Мұхамедияұлы Әлиев спортқа министр болып келгеннен кейін спортшыларымыз артынан кейінге кетті. Алғашқы ондықтан шығып қалғанымыз аздай, кейінгісінде жиырма елдің тізіміне кірдік. Бұл азамат менің ата жауым емес, бірақ спортты тұралатқанын кешіре алмайды екенмін. Оның орнын басқан Ақтоты Райымқұловаға да айтарым осы.

– Жалпы қазақ спортындағы ең үлкен қателік ретінде нені айтар едіңіз? 

– Ең үлкен қателік, спорт басшылары өзіміздің спортшыларды дайындауға кететін қаржыдан қашып, сырттан дайын спортшыларға иек артты. Солардың жеңісін малданды. Қиянаттар көп болды.

Еркін күресте Ақжүрек Таңатаров деген ақберен бар. Якутиядан алдырған Леонид Спиридоновты күмәнсіз жеңіп жүрсе де якут олимпиадаға барып жүрді. Бұл біздің іс басындағы қазақ жігіттеріне үлкен сын. Ақжүрек Лондонға жолы түсті. Алтын алуға мүмкіндігі болып еді, жартылай финалда жеңіліп жатқан үнді Кумар құлағын тістеп алды. Төреші көрсе де көрмегендей кейіп танытты. Ал мен Ақжүректің алтын алатынына күмәнданған жоқпын. Сұрапыл күресіп жатыр еді.

Айнұр, мұндай әділетсіздіктер үлкен спортта көп болады.

Алдағы күндерден үлкен үміт күтетін халықпыз ғой. Қазақстан төрт құбыласы тең, әлемдегі мықты ел болуына тілектеспіз! Сол күндерге бірге жетейік. 

– Ашық, шынайы сұхбатыңызға рахмет!

Cұхбаттасқан Айнұр АСАНҚЫЗЫ.

"Рейтинг" газеті

Асхат Қасенғали: Назарбаев мектептерін жабу керек дегенге қарсымын
Анарбек ОРМАН: Аяғымнан шалатын туысқаным да жауым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу