Анарбек ОРМАН: Аяғымнан шалатын туысқаным да жауым
– Анарбек Оңғарұлы, таяуда ғана отставкаға кеткен Өмірзақ Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда сіз Шымкент қаласының әкімі қызметін атқардыңыз. Өмірзақ Естайұлы Түркістан облысының әкімі болғанда сіз Түркістан облысы мәслихатының депутаты атандыңыз. Бұл жай сәйкестік пе, әлде...
– Бұл жерден ешқандай таныстық, ықпалдастық немесе «бармақ басты, көз қысты» іздеудің қажеті жоқ. Халықтың сеніміне ие болып, Түркістан облысының мәслихатына депутат болып «Ақ жол» партиясынан 4 адам өттік. Мені «жасы жетпісте, неге өтті?» дейтіндер бар болар. Құдайға шүкір, денім сау, көргенім мен өмірлік тәжірибем мол. Халықтың көтерген мәселелеріне қол ұшын беріп, оң шешілуіне арқау болып жатсам, оның несі айып? Мәслихатта бес тұрақты комиссия бар, соның ішінде кәсіпкерлік, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасымын.
Жалпы, Өмірзақ Естайұлымен қызмет істеген күндеріме дән ризамын. Өте іскер, шаруаның көзін таба білетін азамат. Бірігіп елге пайдалы көптеген тірліктер атқардық. Шымкент қаласында ол кісімен екі рет қызметтес болдым. Ал, үшінші рет Үкіметте бірге қызмет істедік. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, экономика мен шаруашылықтың қыр-сырын білетін мықты маман ретінде қоян-қолтық жұмыс атқара жүріп, ол кісіден көп нәрсе үйрендім.
– Сіз қала басшысы болған кезіңізде Шымкентке Өзбекстаннан қарызға гүл әкеліп отырғызылды. Кейіннен ол қомақты көлемдегі қаржыны қайтаруға тура келді. Осылайша қала қазынасына шығын келді. Бұл мәселенің барлығын қазіргі Түркістан облысы әкімінің бірініші орынбасары Арман Жетпісбаев сізден кейін Шымкентке әкім болғанда шешіпті-міс. Осы әңгіме қаншалықты рас...
– Бұл – өтірік, қауесет! Ташкенттен гүл әкелген емеспіз. Іргедегі Тараз қаласындағы гүл өсіретін мекемемен келісімшартқа отырып, көшеттерді сол жақтан әкеліп отырғыздық. Ешқандай шығынға батқан жоқпыз, мемлекеттің мұндай жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы заңнамалары бар, бұл тірлік байқау өткізіліп, заң шеңберінде орнымен атқарылды.
– Қателеспесем, Шымкент қаласы әкімі қызметін атқарып жүргенде үстіңізден қылмыстық іс қозғалуға сәл-ақ қалды-ау деймін. Осы мәселенің анық-қанығын өз аузыңыздан естісек...
– Қалалық әкімдікте сан сала бар дедім ғой. Білім беру, жер мәселесі, денсаулық сақтау, жол-құрылыс, ішкі саясат, мәдениет, спорт деп кете береді. Бюджеттің жұмсалуы тексеріліп, жоғары жаққа есеп беріліп отырады. Сол салаларды тексергенде бірінші басшының қатысы анықталады. Сондай бір кезекті тексеруді прокуратура мен қаржы полициясы жүргізді. Қол астымдағы мемлекеттік органдардың басшыларының жұмыстарын тексергенде бірінші басшы ретінде шақырғаны бар. Сол кезде «Орманов мына жерде жүр, тегін жүрмейді» деген әңгімелер болды. Бірақ, менің үстімнен ешқандай қылмыстық іс қозғалған емес.
– Қызметте отырған адамның туысы да, досы да көп болады. Шымкенттің әкімі кезінде өзіңізге жекелеген мәселелерін айтып келетін адамдар көп болды ма? Мұндай кезде аталған ахуалдан қалай шығатын едіңіз?
– Мемлекет деңгейіндегі басшылар жауапты, лауазымды қызметті сеніп тапсырғаннан кейін заңнамаларға сәйкес жұмыс атқаруың тиіс. Әркімнің жетегіне еретін болсаң, қалай ел басқарасың? Жалпы, халықтың ортасындағы белең алған осындай жағдайларды қалай жоямыз? Кейбір шенеуніктер ешкім көріп жатқан жоқ, біліп жатқан жоқ деп ойлап түрлі әрекетттерге баруы мүмкін... Дегенмен, жоғары лауазымды қызметте отырған адамға шынайы бағаны халық береді. Ол өзі байқамауы заңдылық, бірақ үнемі көптің назарында жүреді. Егер қисық қадам басатын болса, бірінші кезекте туысқаны, жақын адамы жұртқа жаяды. «Менің туысқаным мынаны шешіп берді, заңды белінен басты» деген сөздерді алдымен ең жақын адамдары айтады. Егер туысқандарым қарамағымда болса, басқаларға қарағанда екі есе артық жұмыс істеуі тиіс. Осылай мені артық сөзден қорғауы керек. Менің аяғымнан шалатын туысқаным да жауым.
– Жасыратыны жоқ, бізде қаржылық, басқа да кланаралық тартыстар, «ойындар» бар. Сонымен қоса руаралық тартыстарды да жоққа шығармайтын шығарсыз... Әкім қызметін атқарып жүргенде осындай «ойындардың» ортасына түсіп қалмадыңыз ба? Белгілі бір кландар жеке сізге ықпал етіп, өз тарапына шығаруға тырыспады ма?
– Ешқандай клан дегенді білмейді екенмін. Бар болса бар шығар, бірақ мен соқтығыспаппын. Маған біреу қысым көрсеткен емес, болмаса «біздің топқа өтіңіз» деп ұсыныс жасаған емес. Жұмыс істей білетін білімді, білікті, жауапкершілігі бар азамат болса маған оның руы да, кланы да керек емес. Ол қазақ бола ма, орыс бола ма, басқа бола ма, бәрібір. Адал әрі өз күшіне сенетін, білімді азаматтарды әрқашан қолдаймын. Қолдап та келемін. Негізі мұндай нәрселерден мүлдем аулақпын. Маған ұсыныс түскен емес, түссе де бармас едім...
– Сіз бүгінде «Сіргелі Елшібек батыр» қоғамдық қайырымдылық қорының президентісіз. Шымкент қаласының ең бір көрікті жерінен Сіргелі ұрпақтарының рухани орталығын салдыңыздар. Бұл жерде трайбализмнің, бөлінушіліктің белгілері жоқ па?
– Өткен тарихты білмей алға жылжу қиын. Кең-байтақ жердің қазақ халқына бұйырғаны тегіннен тегін емес. Бұл ғайыптан келген жоқ. Қазір әр рудың ақылды ел ағалары, азаматтары өткен батырларымыз бен билерімізді мадақтап, тарихты қайта жаңғыртып, жастарға жеткізіп жатсақ, мұның несі трайбализм? Қаладағы Ойсын (Ойсыл) баба – Сіргелі ұрпақтарының рухани орталығы бүгінде көпшілік жиі баратын орынға айналды. Сіргелінің ұрпағы он екі атадан тұрады. Орталықта үлкен тастарға жіктеп жазып қойғанбыз. Батыр, Жайдақ, Қайшылы, Қарабатыр, тағысын-тағы... Бабалар шежіресін көрген жас ұрпақ шыққан тегін біліп жатса, тарихына қанықса мұның несі бөлу, бөліну? Аталған орталықтағы мешітке қазақты былай қойғанда, басқа мұсылман ұлтының жаңадан шаңырақ көтерген жастары келіп, некесін қиғызып, өсіп-өнеміз деп ырымдап жатады. Бұл жерде ұлттық тәрбие туралы көптеген даналық, насихат сөздер жазылған тақталар бар. Келген адам оқиды. Бабалардың жүріп өткен жолын, жеті атаңды білу, әр ру өзінің шыққан тарихын ұрпағына үйретуі бұл бөлінуге жатпайды.
– Шымкент қаласының су шаруашылығына жетекшілік еткеніңізге 40 жылға таяапты. Халық арасында «Анарбек Орман бүгінде еліміздегі үшінші мегаполистің тіршілік нәрін жалғыз өзі қолында ұстап отыр. Сондықтан судың бағасын қалағанынша көтереді немесе түсіре алады» деген әңгіме айтылады. Қаншалықты рас?
– Бізде коммуналдық қызметтерге қойылатын бағаны мемлекеттік арнайы органдар бекітеді. Ол қаласа көтеріп, қаласа түсіре салатын Оңғардың баласының жеке тірлігі емес! Еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бар. Оның әр өңір мен қалаларда департаменті жұмыс істейді. Сондағы мамандар судың тарифін реттеп отырады. Тиісті заңнамаларына сәйкес белгілі тарифті қорғап, есеп-қисабымызды береміз. Көптеген тексерістен өткізіп барып, судың бағасын бекітеді.
– Еліміздің кейбір өңірлерімен салыстырғанда Шымкентте ауызсудың бағасы жоғары. Қала тау бөктерінде орналасқан, сонымен қоса жерасты су қорлары тапшы деуге келмейді. Бұған не дейсіз?
– Тағы да қайталап айтамын, біріншіден, тарифті бекіту – арнайы комитеттің құзырындағы тірлік. Екіншіден, Шымкентте судың бағасы республика бойынша қымбат деп айтуға келмейді. Елімізде ірі 3 қала мен 17 облыс болса, оның 16-сында судың бағасы бізден қымбат. Үшіншіден, Алматы қаласында 2 миллион тұрғын тұрады, су саласына 4500 адам жұмыс істейді. Елордамыз Нұр-Сұлтанда 1 миллионнан астам тұрғын бар, су саласында 1984 адам еңбек етеді. Қарағанды қаласында 487 мың адам тұрса, оларды сумен 1819 адам қамтамасыз етеді. Шымкентте 1 миллионнан астам тұрғын бар, су саласында 930 адам қызмет жасаймыз. Біз жеке компания болғандықтан, әрбір тиынды үнемдеп, тиімді пайдалануға тырысамыз. Шымкентте қазір 218 мың абонент бар, 1 миллионнан астам халыққа қызмет көрсетеміз. Пәтері бар, жеке үйі бар, бір айда су және кәріз қызметін пайдаланғаны үшін 1 адам 186 теңге төлейді. Ал, сіз автобусқа екі рет мініп, діттеген жеріңізге жеткенше қанша жолкіре төлейсіз?.. Дәл қазір Шымкентте қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы – 70 теңге. Ал, бір бөтелке таза ауыз суыңыз 150 теңге тұрады. Ал, шыны ыдыстағысын 250-350 теңгеге сатып аласыз. Бір адам 186 теңгеге бір ай бойы күндіз-түні су ішеді, жуынады, кәріз жүйесін үздіксіз пайдаланады. Мұны қалай қымбат деп айтуға болады? Тариф 1000 литрге бекітіледі. Сонда 1 литр су 9,5 тиын тұрады. Бұл арзан ба, қымбат па?
– Кезінде «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалын да басқардыңыз. Қазір де «Ақ жолдасыз». Базбіреулер айтып жүргендей, «Ақ жол» биліктің сойылын соғып жүрген, соның айтқанынан шыға алмайтын «қуыршақ» партия емес пе?
– «Ақ жол» партиясы қазіргі таңда кәсіпкерлердің партиясы ретінде елге танылған. Дегенмен, көпшілік тек кәсіпкерлік емес, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту туралы ойларын айтып, кемшіліктерді қандай жолмен түзетуге болады деген нақты ұсыныстармен шығып жатады. Иә, «Ақ жол» партиясы – оппозициялық партия. Біз неге оппозициямыз? Әділетсіздікте, заңды бұрмалауда оппозициямыз. Билікте отырған адамдар қызметін өз деңгейінде атқармаса, шындықты айта алмаса, осындай бұрыс тірліктердің бәрінде біз оппозициямыз. Біз кемшілікті ғана айтып қоймай, оның заң аясында шешу жолдарын көрсетеміз. «Қуыршақ» партия дегенмен келіспеймін. Әр партия «Ақ жолдай» жұмыс істейтін болса, көп жүйесіздік ретке келетін еді...
Шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінде біз үш рет салыққа мораторий жариялауды ұсындық. Кәсіпкерлермен кездесулер барысында «аяққа тұра алмай жатырмыз, тексеруші көп» деп саладағы негізгі кедергілерді айтты. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін сол кедергілерге шектеу қоюға Елбасыға «Ақ жол» партиясы ұсыныс жасады. Үш рет жасағанымызда да қолдау тапты. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да мораторий жариялауға ұсыныс жасадық, бұл кісі де қолдады. Шағын және орта бизнесті дамытуға жеңілдетілген несие беру туралы біздің партия көтерді, бұл мәселе де оң шешілді.
«Ақ жол» партиясының тағы бір көтерген мәселесі сайлау жүйесіне қатысты. Билікте отырған ауылдың әкімнен бастап облыстық әкімге дейін бәрін халық сайлауы керек, тағайындау дұрыс емес. Осы мәселені де біз қозғадық. Елбасының кезінде бұл мәселе қолға алынып, шешіле бастады, бірақ, өзінің түпкілікті мақсатына жете алмады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ары қарай қолға алып, жүзеге асырды. Қазір ауылдың әкімдерін халық сайлады. Бұрынғыдай тізім жоқ, ұсыныс жоқ. Халық өздері іскер, қабілетті деген азаматтарды таңдайды. Сонымен қоса өздері сайлаған әкімінен өздері сұрайды, әкім де халықтың алдында жауап беруге мүдделі. Осыны ауданға, қалаға, облысқа да енгізуіміз керек. Мұның да өз уақыты келеді.
«Ақ жол» партиясының кәсіпкерлерге жасаған тағы бір жәрдемі салық төлеу мерзіміне қатысты. Кәсіпкерлерді үш жылда бір-ақ рет тексеруге және үш жылдық мерзімді ғана тексеруге қол жеткіздік. Бұрын бес жылдық мерзімді тексеретін еді.
Әңгімелескен Е.МҰХТАРҰЛЫ,
"Рейтинг" газеті