Асхат Қасенғали: Назарбаев мектептерін жабу керек дегенге қарсымын

Oinet.kz 04-08-2022 2890

Screenshot_2.jpg

Асхат Қасенғали, саясаттанушы

– Асхат Санатұлы, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жасаған сапарында инвестиция тарту жөнінде бірқатар келіссөздер жүргізді. Мұндай келісімдердің соңы тағы да арабтарға қазақ жерін жалға беруге әкеп соқтырмай ма? 

– Өткен жылы Қазақстан билігі шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салды. Сондықтан кез келген келісім ашық болса, қоғамға жариялы түрде көрсетілсе, яғни қоғам бақылауында болса, онда жерді жалға беру фактілері тіркелмейді деп ойлаймын. 

– Жалпы арабтар бұған дейін Қазақстанда мешіт, аурухана секілді нысандардың құрылысына көптеп инвестиция салып жүргені мәлім. Арабтардың инвестициясын тағы қай салаға пайдаланған жөн деп есептейсіз?

– Инвестиция дегеніміз – қаржы және мүмкіндік. Әрине, инвестицияны көбіне халыққа жұмыс беретін және экономикаға стимул әкелетін салаларға салған дұрыс. Сондықтан Қазақстан инвестицияны қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына және жеңіл өнеркәсіпке тартуға мүдделі. Қай елге инвестиция салу туралы ұсыныстар айтылса да, ең алдымен ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өндірісі айтылатыны сондықтан. Неге ауыл шаруашылығы? Себебі әлем азық-түлік тапшылығы алдында тұр. Адамзат зәулім үй, қымбат көлік, сәнді киімсіз өмір сүре алады, бірақ азық-түліксіз мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға салынатын инвестициялар жүз пайыз өзін ақтайды. Біз үшін бұл бірнеше міндетті шешеді. Ең алдымен жүйесіз урбанизация деген бар. Ауылдан қалаға жүйесіз көшушілер саны көп. Басым көпшілігі қалаға келіп, жұмыс іздейді. Бұл жоспарлаудағы қателік, қаладағы жұмыс тапшылығы, баспана жеткіліксіздігі және басқа да мәселелерді арттырады. Сондықтан ауылды аймақта жақсы жалақы беретін жұмыс орындары көп болуы тиіс. Оны тек ауыл шаруашылығына инвестиция тарту арқылы ғана шешуге болады. Ресми мәліметтерге жүгінсек, халқымыздың 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Бұл үлкен көрсеткіш. Әлемде дамыған елдерде 75/25 принципі бар. Бұл халықтың 75 пайызы қалада, қалғаны ауылдық аймақта тұрады дегенді білдіреді. Алайда ол принцип іске асуы үшін ауыл шаруашылығы жүйелі болуы керек. Өнімді тек шикізат күйінде беретін сатыдан өтіп, өнделген өнім түрінде беруі қажет. Міне, осы принципке жақындау үшін еліміздің ауыл шаруашылығына инвестиция тарту маңызды. 

Сауд Арабиясы, әсіресе мал шаруашылығына инвестиция құюға мүдделі. Талаптарына назар аударсақ, исламдық шартқа сай ет өнімінің сапасы жоғары болуын қалайды. Бұл тұрғыдан Қазақстан оларға тиімді елдің бірі. Сонымен қатар Сауд Арабиясы жеңіл өнеркәсіпке, тамақ өндірісі саласына және құрылысқа инвестиция құюға мүдделі. Сауд Арабиясында құрылыс жақсы дамыған, сондықтан бұл тұрғыдан үйренетін жағымыз бар. 

– Көршіміз Ресей мен Украина арасындағы соғыста Қазақстанның ұтқаны не, ұтылғаны қайсы? Болашақта Ресей мен Қазақстанның экономикалық байланысы қалай болмақ?

– Ресей 24 ақпанда соғыс бастау арқылы, әлемдегі қалыптасқан саяси-экономикалық жүйеге соққы жасады. Ол тек қана халықаралық шарттар мен құқықтарды таптап қойған жоқ, сонымен қатар өзіне деген сенім капиталын сарқылтты. Украинаның аумақтық тұтастығына кепілдік берген елдің бірі Ресей еді, ол өзіне қойылған бұл міндетті өзі жойды. Осы арқылы Ресеймен жасалған кез келген келісімнің құны көк тиын екенін дәлелдеді. Украина соғысы Ресеймен бірқатар қатынастарды қайта қарауға итермелеуде. Ең алдымен транзит мәселесі. Атышулы КТК дауын барлығымыз білеміз. Соғыс басталғалы бір емес үш мәрте осы құбыр арқылы мұнай тасымалдауға кедергі жасалды. Экономикамыздың басым бөлігі мұнайға тәуелді екенін ескерсек, бұл өте қауіпті құбылыс. Сондықтан Қазақстан мұнайды жеткізудің өзге жолдарын қарастыруда. Ресей аумағы арқылы өтетін кез келген транзит жолының саяси рычагқа айналуы мүмкін екенін түсіндік. Ендігі таңда ол қателікті жібермеу қажет. Әрине, транзит жолын салу және балама жолға бірден ауысу мүмкін емес. Ол ұзақ уақытты алады және қосымша қаржыны қажет етеді. Соған қарамастан біз бұл бағытта ізденіс пен жұмысты тоқтатпауға тиіспіз. Жақын аралықта бұл бізге жағымсыз әсер етсе де, ұзақ мерзімде бұл жайт біздің экономикамызға тиімді болмақ. Себебі Ресейдің экономикамызды қыспаққа алу мүмкіндігі азаяды. Бұл сөзсіз Украина соғысының әсері. 

Екінші мәселе Ресей нарығын тастап кетіп жатқан компанияларға қатысты. Оларға Қазақстан жақсы мүмкіндік ұсынып, өз нарығымызға шақыру жұмыстары жүруде. Әрине, барлығы келмейді. Алайда аз бөлігі бізді таңдаса да, бұл жаңа жұмыс орындары деген сөз. Сонымен қатар оның екінші жағы да бар. Отандық кәсіпкерлер бәсекеге қабілетті болу үшін екі есе жұмыс істеуі тиіс деген сөз. 

Украина мен Ресей арасындағы соғыстың тағы бір кері әсері бізге тікелей тиді. Ол ресейліктердің жаппай келуі. Санкция салдарынан және режимге қарсылықтан ресейліктер жаппай елінен кетуде. Бір бағыт – Қазақстан. Себебі біздің елімізде қазақ тілін білмей-ақ өмір сүруге болады, қызмет етуге, жан бағуға болады. Бірақ ресейліктердің жаппай келуі көптеген мәселені ушықтырады. Ол – мемлекеттік тілдің дамуына кері әсері болуы, олардың басым бөлігі қалалық аймақтарға келгендіктен, пәтердің жетіспеушілігі мен қымбаттауы, жұмыссыздықтың артуы және басқалар. Сондықтан бұл мәселелер біздің билікті ойландыруы тиіс. 

Қазақстан мен Ресейдің болашақтағы экономикалық байланысына келетін болсақ, онда ол сөзсіз жалғасын табады. География – ол тағдыр, деген сөз бар. Сондықтан Ресей шекаралас көрші ел. Одан қашып құтыла алмаймыз, көшіп кете алмаймыз. Демек, экономикалық, саяси, мәдени байланыстар сөзсіз болады. Бірақ ол қандай шарттармен болмақ? Міне, мәселе сонда. Қазір Қазақстан мен Ресей бір экономикалық одақта, бұл одақ бізге тиімсіз және жылына миллиардтаған доллар шығын әкелуде. Жақын арада одақ ішіндегі шартты қайта қарау керек деп ойлаймын, ал алдағы уақытта одан шығу жолдарын қарастырған дұрыс. Әрине, ол Украина-Ресей соғысына да байланысты болмақ. 

– Қазір елімізде қымбатшылық қысып тұр. Үкімет бағаны неге  реттей алмай отыр? 

– Біріншіден, Үкіметте кризис менеджерлер аз. Қаңтардан кейін жасақталған Үкімет құрамында экономистер көп және олар басымдықты экономикалық салаға береді деп үміттенгеніміз рас. Алайда «не балық емес, не бақа емес» болып шықты. Бұл біріншіден. Екіншіден, Үкімет бағаның көтерілу салдарымен күресіп жүр, ал себебі ше? Оның бір себебі жоғарыда айтқан тиімсіз одақта еді. Сыртқы импортқа тым тәуелділік те бағаның шарықтап кетуіне әсер етті. Үкіметке күзге дейін бағаны реттеуге тапсырма берілді, менің ойымша реттей алмайды. Ал егер міндетті шеше алмаса, онда қатаң шаралар қабылдау керек болады. Мысалы, жаңа Үкімет құрамын жасақтау дегендей. 

– Елімізде жас мамандар көп жағдайда шетелге кетіп жатыр, неге? Бізде оларға қолдау көрсетілмей ме?

– Шетке кетіп жатқан жастар бар. Кейбірі өз арманын бұл елде іске асыру мүмкін емес деп санайды, кейбірі тәжірибе жинау үшін кетеді. Қазір әлемде «шекара» жоқ. Алматыдан Афинаға көшіп барам десеңіз әп сәтте. Мен жастардың шетелге кетуін сондай критикалық деңгейде деп ойламаймын. Қандай адам сыртқа кетеді? Өзіне сенімді адам, сенімсіз адам тіпті бір ауылдан екінші ауылға көшіп баруға жүрексінеді. Сондықтан әрине бізде батыл жастар, сенімді жастар саны артты. Тіл білетін жастар көбейді. Ағылшын тілін үйрену оңай болған сайын, кететін жастар саны да артады. Ол қалыпты жайт. Мемлекет жастарға жұмыс, демалыс және әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын деңгейге жетуі қажет. Ал қалғаны жастардың өз қолында. Олар басқа елге бара ма, әлде осында қала ма оны өзі шешуі тиіс. 

Жұмыс іздеп, кетіп жатқан жастар да көп. Мысалы, Оңтүстік Кореяға. Басты мотив қаражат болса да, ол жастарды тәуекелшіл, батыл жастар деп санаймын. Жастарға қолдау мүлде жоқ деуден аулақпын, жеткіліксіз деген дұрыс болар. Қолдау көрсету аясы мен деңгейін арттыру қажет. 

– Ел ішінде Назарбаев атындағы мектептерді жабу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Жалпы Назарбаев есімі берілген нысандардың атауын  өзгертуге қалай қарайсыз? 

– Отыз жыл бойы өткеннің бәрін жоюға болмас. Иә, мектептердің атын ауыстыруға келісемін. Алайда бұл мектептердің білім беру деңгейі жоғары екенін мойындауымыз керек. Онда өзіміздің қаракөздер білім алуда. Жоғары деңгейде білім алуда. Сондықтан бұл мектептерде бар кей кемшіліктерді реттеп, модернизациялау керек, ал жабу керек дегенге өз басым қарсымын. 

– Жаңа Қазақстанға қандай жаңашылдық керек деп ойлайсыз?

– Менің түсінігімде «жаңа» және «ескі» Қазақстан жоқ. Кемшіліктері бар Қазақстан бар. Міне, сол кемшіліктерді реттеу керек. Ең бірінші ол экономиканы әртараптандыруды жеделдету қажет. Экономикада бір салаға ғана басымдық беру қателік, ол елді құрдымға жібереді. Сондықтан бірнеше сала экономиканың драйвері болуы тиіс. Менің көзқарасымда ол мұнай-газ және табиғи ресурстар, екінші ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісі, үшіншісі логистика және туризм салалары. Егер осыны реттей алсақ, жұмыссыздық пен баспана және тағы басқа әлеуметтік мәселелер реттеле бастайтын еді. 

Екінші мәселе – идеология. Отыз жылда ұлттық идеологияны қалыптастыра алмадық. Салдарынан бос кеңістікті жат идеологиялар басты. Міне, осы олқылықты реттеу қажет. 

Сұхбаттасқан Айнұр ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ, 

"Рейтинг" газеті

Сұлтанәлі Балғабаев: Қандастардың бәрі бірдей атажұртқа жаппай көшуге ынталы емес
Бақтияр Тайжан: Еліңнің мерейі асқаннан артық қуаныш жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу