Сұлтанәлі Балғабаев: Қандастардың бәрі бірдей атажұртқа жаппай көшуге ынталы емес

Oinet.kz 02-08-2022 2740

Тағдырдың тауқіметімен қилы замандарда тарыдай шашылған қазақтар бүгінде бірқатар елдерді мекендеп отыр. Тәңірдің сыйы Тәуелсіздіктен кейін сырттағы қандастарымызды түгелдей бастап, атамекенге әкелдік. Осынау ұлы бастаманың басы қасында жүріп, қазақ көші-қонын реттеуге атсалысқан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары қызметін ұзақ жыл атқарған Сұлтанәлі Балғабаевпен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.    Халықарлық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, профессормен қандастардан бөлек шығармашылығы жайында әңгіме өрбіткен болатынбыз. 

Screenshot_1.jpg

Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

- Сұлтанәлі Базарбайұлы, Сізді  жұртшылық шығармалары театрларда көп қойылған қаламгер ретінде жақсы біледі. Сонымен қатар Сіз дүниежүзі қазақтарымен байланыс жасап, қандастар көшін ұйымдастыруға да атсалыстыңыз. Сондықтан бүгінгі әңгімемізді «Қаламгер, қандастар және театр» деген тақырып төңірегінде өрбітсек.

- Жарайды, онда әңгімені ең әуелі   Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы  жұмысымнан бастайық. Бұл ұйымның Төрағасы -Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мен  1992 -2017 жылдар аралығында осы ұйымда Төрағаның орынбасары қызметін атқардым. Қауымдастықтың басты міндеті - шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени-рухани салада  байланыс жасап, олардың атажұртқа оралуына қолдау көрсету. Осыған орай, мен шығыстағы Қытай мен Моңғолиядан бастап, батыстағы бүкіл Еурпоа елдеріндегі қазақтарды сан рет араладым. Түркия, Иран, Ауғанстан, Сауда Арабиясындағы қазақтармен де тығыз байланыста болып, олардың атажұртқа оралуын ұйымдастыруға тікелей қатыстым. 

- Демек, Сіз  шетелдегі қандастардың жағдайын жақсы білесіз ендіше, айтыңызшы, бұл ағайындардың бәрі  елге оралуға ықласты ма?

- Бұл сұрақ кімді де болса қызықтырады. Тіпті, шетел қазақтарының бәрін тезірек Қазақстанға көшіріп әкелу керек дейтіндер де  бар. Ал  шындап келгенде бұл өте күрделі мәселе. Рас 90-жылдардың басынан бастап біраз уақыт жылына 50-60 мың, тіпті 100 мыңға дейін оралмандарды қабылдаған жағдайымыз болды. Соның нәтижесенде келген ағайындардың жалпы саны 1 миллионнан асты. Әйтсе де сырт жерлердегі ағайындардың бәрі бірдей ататұртқа жаппай  көшуге ынталы емес. Мұны өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Мысалы 90 жылдардың ортасынан бастап Қытайдағы ағайындардың Қазақстанға жаппай қоныс аударына толық мүмкіндігі болды, шекара барынша ашық еді. Бірақ ағайындардың басым көпшілігі  ол мүмкіндікті пайданбады.  Бұл үшін  кіналауға да болмайды. Олар өздерінің ежелгі атамкекендерінде отыр; оны тастап шекара асып көше жөнелу оңай  ма? Бұл  шетелдердегі қандастардың көбіне ортақ жағдай. 

- Ал сонда қандастар көшін қалай көбейтуге болады? Бұл мүмкін бе?

- Әрине, мүмкін! Бұл үшін қандастар көшін ұйымдастыруды бүгінгі заман талабына сай жаңаша  жүргізу керек. Бұл игілікті іске Шымкент қаласы  да үлкен үлес қоса алады. Өйткені, қандастар ең көп тұратын елдердің бірі – Өзбекстан. Ал Шымкент  осы Өзбекстанмен шекараға  жақын орналасқан. Яғни,  Өзбекстаннан  келген ағайындардың атажұртта алғаш табан тірейтін жері де - Шымкент. Тәжікстан, одан арғы Ауғанстан, Иран қазақтарының да  атамекенге жолы  Шымкент арқылы өтеді. Демек бұл елдердегі  қандастардың атажұртқа  оралуын  Шымкент қаласы арқылы ұйымдастыру өте тиімді. Болашақта бұл жағдай ескеріледі деген үлкен үміт бар. Осындағы іскер, халқымызға шынайы жанашыр азаматтар шындап кіріссе, бұл жұмысты  жақсы жүргізіп кететіні анық.

- Сіздің пьесаларыңыз осы күнге дейін республикалық, тіпті көршілес елдердің театр сахналарынан әлі күнге түспей келеді. Осыған орай, мынадай сұрақ туындайды. Қазір жұртшылық, әсіресе жастарды театрға бармайды деп ренжіп жатамыз. Бүгінгі театрдың көремендері кімдер?

- Мен сонау сенінші жылдардан бастап «Қыз жиырмаға толғанда», «Ең әдемі келіншек», «Әйелдер әлемі», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Өтірік айтпайтын адам»,  «Ғашықсыз ғасыр», «Енелер мен келіндер», «Қызылорданың қыздары» сияқты жиырмаға жуық пьеса жазыппын. Олар еліміздегі бүкіл қазақ театрларында сан рет қойылды. Өзбек, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ театрларында да сахналанды. Ал жақында  Қарағандыдағы Станиславский атындағы облыстық орыс театрында  «Біз де ғашық болғанбыз» деген пьесам «С любимыми не расставайтесь» деген атпен орыс тілінде көрермендермен  жүздесті. Осыған орай, мақтанғаным емес кезінде пьесалары  ең көп қойылған және көрермендерді барынша мол жинаған драматургтің бірі  болғаным рас. Өйткені ол кезде  халықтың театрға деген ынта-ықласы ерекше еді. Ал қазір  жағдай мүлдем басқаша. Театрлар көрермендерді жан-жаққа шапқылап, түрлі мекемелер мен оқу орындарының, мектептердің, тіпті әскери бөлімдердің табалдырығын тоздырып, жалынғандай болып ұйымдастырып  әкеледі. Ал сонда халық  театрға неге өз ерік, ынта-ықласымен келмейді? Өкінішке қарай, бұл туралы мүлдем сөз болмайды. Оның есесіне бізде «Бәрі керемет!» деп қызыл сөзбен мақтана беру кең етек алған. «Театрдан ақшаны аямау керек!» деген  жалынды сөздер де айтылады. Ал мұның аржағында жемқорлық деген пәле жатқан жоқ па? Театрлардың бірнеше басшылары бекерге сотталды ма? Бұл сұрақтар  ешкімді ойландырмайды. Бірақ ерте ме, кеш пе бұған тоқтау салынады деп ойлаймыз. Өйткені,  өркениетті елдердегі театрлардың бәрі сахнаға көркемдік сапасы жоғары жақсы спектакль шығарумен қатар  көрерменді көп жинап, спектакльді дайындауға кеткен шығынды толығымен өтеуді көздейді. Қазіргі айтып жатқан «жаңа Қазақстанға» көшетініміз рас болса, бұл мәселені біздің театрлар да  ескеруі керек.

- Ал қазіргі  жазылған,  сахналанған  пьесаларға көңіліңіз тола ма? 

- Мен  сонау сексенінші жылдардан бастап ұзақ уақыт Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болдым.  Ал қазір Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңестің мүшесімін. Сондықтан да сахнаға қойылған немесе  соңғы кезде жазылған пьесалардың жай-күйімен біршама таныспын.  Осыған орай мына мәселені қадап айтқым келеді.  Драматургия – көркем әдебиеттің ішіндегі ең қиын жанр. Оның ең басты қиындығы – шығарма  көрерменді қойылым біткенше магниттей тартып, қызықтырып отыруы керек. Бүгінгі  пьесаларда осы  жетіспейді. Көп жағдайда тартымды оқиға жасаудың орынына сайрап ақыл үйрету немесе ұзын-сонар шежіре айту алға шығады.  Соның  салдарынан көрермен қойылым барысында сахнадағы оқиғаларға селт етпей, өзімен өзі  ұйқылы-ояу отыра береді. Спектакль біткенше әрең шыдап,  сосын театрды енді қайтып көрместей болып безініп кетеді. Қазіргі көрермендердің азаюының басты себебі осында.

- Әлі сахналанбаған пьесаларыңыз бар ма?

- Менде  жарық көрмеген екі-үш қана пьеса бар. Оның біреуі «Сағындым сені» деп аталады. Бұл пьесаның басты кейіпкерлері - кезінде өнер жұлдыздары болған ерлі-зайыпты Оразалы Досбосынов пен Ажар Түзелбекқызы. Оразалы айтулы айтыс ақыны еді, отыз жасқа жетпей жол апатынан қаза тапқан. Ал оның жан жары, Созақ  өңірінде туып өскен Ажар Түзелбекқызы  атақты әнші болған. Бірақ ол да Оразалыдан  кейін тура жеті жыл өткенде  жол апатынан көз жұмған. Соңдарында өнерге бейім бір ұл, бір қызы қалған. Міне, ерлі-зайыпты осы екі  өнер жұлдыздарының тағдыры драматург ретінде мені кәдімгідей толғандырып еді. Әсіресе, Ажардың орындауындағы «Сағындым сені», «Бақыттымын» әндері ерекше әсерлендірген. «Сағындым сені» атты музыкалы пьеса осы әсердің нәтижесінде туындаған. Бұл пьеса күндердің күні сахнаға қойылса көрермен көңілінен  шығатын тартымды туынды боларына  кәміл сенемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

"Рейтинг" газеті

Арайлым Мұраталиева: «Біз неге адамдардың қиялынан туған шеңберлердің ішінде өмір сүруіміз керек»
Асхат Қасенғали: Назарбаев мектептерін жабу керек дегенге қарсымын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу