Арайлым Мұраталиева: «Біз неге адамдардың қиялынан туған шеңберлердің ішінде өмір сүруіміз керек»

Oinet.kz 26-09-2022 3637

Арайлым Мұраталиева - ақын. 1997 жылы 31 желтоқсанда, Шымкент қаласында туған. "Ай-Зер" жыр жинағының авторы.

Screenshot_19.jpg

– Арайлым, ең басты сұрақ: көңіл-күйіңіз қалай? Дәл қазір не ойлап отсыз? Басыңыздан нендей сезімдер өтіп жатыр?

– Көңіл күйім бірқалыпты. Солай бола тұра “Белгісіз сағыныш” деген сөз сипаттайды қазіргі күйімді. Ал, басымда “Лимон қосылған шай ішу керек еді” деген ой ғана тұр.

– Томас Элиот "Поэзия - қанның сияға айналуы" дейді. Сіз үшін поэзия - ...

– Поэзия — өмір, ал, өмір — жүректің әңгімесі.

– Ақын болмысын үш сөзбен сипаттап беріңізші.

– Тазалық. Талғам. Жауапкершілік.

– Жастар сыналып-сыналып сынға еті өліп кетті.  Әдеби ортада аға буын өкілдерінің іс-әрекеті, ой-пікірі, "қамқорлығы" едәуір маңызға ие болып кететін кездер болады. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Сын айту үшін де аға буынның өзі барлық мағынасында таза болуы керек, кейде қамқорлық болып көрінген әрекеттері болашаққа жасалған қиянат болуы да мүмкін.

– Қиянат?

– Иә. Түрлі мысалы бар оның, бірі - әдеби байқауларда “бір звонокпен” орын алып кету деген нәрсе әлі де бар екенін бәрі біледі, біле тұра ешкім үндемейді. Оны жас ақын  қамқорлық деп ойлап қалуы мүмкін, адамды өтірікке сендіру - қиянат болмай не? Сосын, поэзия әлемінде ақын қыздар пайда бола бастаса, оларға кей ағалардың сексуалды обьект ретінде қарауы және олардың Арына дақ түсіруі — қиянат болмай не? Соған қарамастан, “Әдебиет — Ардың ісі” деп сөйлейді…

– Сіздің көп ситуацияда байсалды қалпыңызды жоғалтпайтыныңызға өзім куәмін. Бұл туа бітті мінез бе, әлде эмоцияларыңызды өзге тәсілдер арқылы шығарасыз ба?

– Туа біткен мінезім шығар, десек те,  бала кезімде ашық болдым. Өмірімдегі кейбір жағдайлардың әсерінен тұйықталып кеткен шығармын. Эмоциямның бәрі іште қалып қояды, кейде өлең болып шығып кететін сияқты. 

Кейде жақын адамыңмен бірге ішкен жүзім шарабымен  шығаруға тура келетін кездер болады…

–  Өлең жынысқа бөліне ме?

– Әрине, бөлінбейді. Адамзатқа ортақ сезім, махаббат, күйзеліс, көз жасы, аспан, теңіз сияқты ұлы дүниелерде жыныс болушы ма еді? Біздің елде дәуірі біткелі жатқан мүшайралардың қай-қайсына қарасаңыз да, қыздар ең соңғы орынды алып жатады. Бұл — сексизм. Әдебиет әлеміне арылу керек дүниенің бірі осы. Қыздардың ақын болғанын қаламау немесе дарынын бағаламау — Жаратушыға қарсы болғанмен тең дүние.

– "Өз жүрегінің қалауымен өмір сүріп жатқандар аз шығар. Неге Жүрегін аямайды екен осы адамдар? Қайда қарасаң да стереотиптер, стандартталған ой-пікірлер. Ешкімнің, ештеңенің құлы болмай өмір сүруге болмас па екен?" дейтін өз сұрағыңызды өзіңізге қойғым кеп отыр.

– Неге болмасқа?! Бәрін де жасауға болады ғой. Өзіңіз ойлап қараңызшы, біз неге адамдардың қиялынан туған шеңберлердің ішінде өмір сүруіміз керек?

Виктор Гюго “Кім болам десе, сол болу — ұлы адамның ісі, қолынан келгені болу — әр адамның ісі” дейді. Имам болғың келе ме, бол, ешбір дінді ұстанғың келмей ме, ұстанба, шашыңды өсіргің келмей ме, өсірме, қоңырауға жауап бергің келмей ме, жауап берме, тек қылмыс жасама! Жұрттың ойына еш агрессиясыз, мәдениетті түрде құл болмай өмір сүруді үйренуге болады.

– "Сүю" дейтін тұйық етістікке анықтама беріп көріңізші.

– Сүю… мүмкін ол теңіздің толқығанына сүйсіну шығар.

– Егер, бұл сіздің соңғы сұқбатыңыз болса не айтар едіңіз?

– “Өкінішсіз өмір сүріңіздер және қош болыңыздар!”,- дер едім…

– Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға рақмет! Өзіңізге де өкінішсізсіз өмір тілеймін!

Сұқбаттасқан: Сезім Мергенбай

Алла мені о дүниеде еш кәдесіне жарата алмаған соң тірі қалдырған сияқты
Сұлтанәлі Балғабаев: Қандастардың бәрі бірдей атажұртқа жаппай көшуге ынталы емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу