87 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі.
Бұл ретте, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының бұйрығымен (29.05.2023ж. № 121) бекітілген «Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг жүргізу қағидаларының» талаптары негізінде Департаментпен мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартуды болдырмау, анықтау және алдын-алу бағытында тиісті шаралар жүргізілуде.
Осы орайда, мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторингті мемлекеттік органдарға бармай, қашықтықтан және мемлекеттік органға бару арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдарға бармай, қашықтықтан жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу ақпараттық жүйелердегі мәліметтер, мемлекеттік органдардың не оның аумақтық бөлімшелеріне ұсынатын мәліметтері, кіруді бақылау және басқару жүйесінің деректері, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға сүйену арқылы жүргізіледі.
Мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг мемлекеттік органдарға бару жоспарына сәйкес бір тоқсан ішінде кемінде бір рет жүзеге асырылады. Жоспарларды Агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері бір жылға бекітеді және алдын ала мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.
Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органға бару арқылы тиісті мониторинг жылына екі рет жоспардан тыс жүзеге асырылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта жұмыс орнында болу фактілерін уәкілетті органның және Департаменттің лауазымды тұлғалары актілейді.
Заңнамаға сәйкес үстеме жұмыстарға тартуға жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
Сондай-ақ, үстеме жұмыстар әрбір жұмыскер үшін тәулік ішінде – екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға және үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы жұмыс уақытын жиынтық есепке алуды белгілеу кезінде төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында айына он екі сағаттан және жылына бір жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.
Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленетіні заңнамамен қарастырылған.
2025 жылдың І-жартыжылдығында жергілікті атқарушы органдарда қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартуды болдырмау мақсатында мемлекеттік органдарда кіріп-шығуды «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы сырттан бақылаумен қатар, мемлекеттік органдарға бару арқылы да мониторинг шаралары Департаментпен жүргізілді.
Нәтижесінде, бірқатар бұзушылықтар анықталып, мемлекеттік қызметшілерге қосымша тынығу сағаттарын беру (159 сағат) арқылы
87 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілген.
Сонымен қатар, жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақытының және күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асыруы ескерту жасауға, ал бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет айыппұл салуға әкеп соғады.
Сәйкесінше, Департаментпен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабының 1-бөлігі негізінде жұмыс уақыты нормасын негізсіз асырғаны үшін 7 лауазымды адам «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің қашықтықтан жұмыс істеу, аралас қашықтықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу ережелері бекітілген.
Осы ретте, Түркістан облысының мемлекеттік органдарында
28 мемлекеттік қызметші икемді жұмыс уақыты режимін пайдаланады.
Қашықтықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс уақыты режимі мемлекеттік қызметшілердің белгілі бір санатының кәсіби, отбасылық және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолайлы кестені қамтамасыз етеді.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар Департаментпен тұрақты түрде жүргізілетін болады.
А. Д. Наурызбаев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаментінің
басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.