Нұржан Сманов: Экономикалық жағдай дұрысталған соң спортқа да көңіл көбірек бөліне бастады

Oinet.kz 14-08-2011 1253

Screenshot_13.jpg

    Оңтүстік Қазақстан облысы бірқатар спорт түрлері бойынша жұмыр жердің жұртшылығы қызығушылықпен қарайтын биіктіктерді бағындырып жүр. Облыс орталығы—Шымкент қаласында соңғы жылдары жаңадан бірнеше спорт мектептерінің ашылуы осынау жетістіктерге жетуге септігін тигізе бастады.  Биыл Шымкентте халықаралық  теннис орталығы іске қосылмақ. Жеңіл атлетика манежі мен  бассейн де пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде Шымкент қаласындағы 11 спорт мектебінде  5200 бала жаттығады екен. Осы тақырыпқа тереңірек үңілу үшін елдің спортпен айналысуға ынта-зейінін арттыру жолында аянбай тер төгіп жүрген, кезінде атақ-даңқы дүркіреген талантты былғары қолғап шебері, бүгінде Шымкент қалалық  дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі қызметін  абыроймен атқырып келе жатқан Нұржан Смановқа көкейді мазалаған сауалдарды көлденең тартқан едік. 

  - Жекелеген  кәсіби спорт түлері бойынша табысқа жетуді қанағат тұтпай сонымен  қатар бұқаралық спортты да дамыту қажет-ақ. Бұл бағытта облыс орталығында қандай жұмыстар атқарылуда? 

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Қазақстан халқына арнаған  Жолдауында «Халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы тиіс» деген міндеттеме жүктеп салауаты өмір салтын дамытуға нақты тапсырмалар берді. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысы облысы аумағында  бұқаралық спортқа бет бұрған адамдардың саны шамамен 400 мыңды құрайды. Облысымызда 3 миллионға жуық тұрғын бар десек, бұл көрсеткіш халықтың 10-11 пайызынан аспайды. Демек, әлі де көп жұмыс атқару керек деген сөз.  

Велошеру, марафондар, спартакиадалар мен турнирлер салауатты өмір сүру салтын насихаттауға мол үлесін қосып келеді.  Біз әр мереке қарсаңында ірі турнирлер өткізіп, оған қарапайым тұрғындардың көбірек атсалысуына айрықша назар аударамыз.   Әсіресе мектепаралық,  жоғары және арнаулы орта оқу орындарының арасындағы спартакиадаларға жіті көңіл бөлеміз. Мәселен, 350-ге жуық мектеп оқушысы  спорттың төрт түрінен бап пен бақ жарыстырғанына көп бола қойған жоқ. Жыл басынан бері  өткен, жалпы саны 70 шақты осындай іс-шараларда  15 мыңнан астам адам өзара бақ сынасты.  Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Оны дамыту үшін ең әуелі халыққа  барынша жағдай жасаған жөн. Спорт алаңдарының санын көбейту керек. Бұл мәселені  облыс әкімі Асқар Мырзахметов тікелей бақылауында ұстап,үлкен жаншырлық танытуда. 

Таяуда арнайы зерттеу жүргізгенімізде  Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлерде 92 аула барын, сол аулаларда Кеңес дәуірінде спорт алаңшалары да болғанын анықтадық. Бүгінде солардың небәрі 10-12-і ғана сақталыпты. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен биыл Шымкентте 40 спорт алаңшаларын салу жұмыстары қолға алынды. Қыркүйек-қазан айларында барлығы да пайдалануға берілуі тиіс. Мұнда қарапайым тұрғындар дене шынықтырумен шұғылданып, футбол, волейбол, баскетбол  ойнай алады. Сондай-ақ «Қазтрансгаз» компаниясының демеушілігімен бірнеше спорт алаңшалары  ашылмақ. Осы секілді басқа да ірі компанияларды демеушілікке тарту жоспарда бар. 

- Келесі жылы Лондонда олимпиада ойындары өтеді. Шымкенттік спортшыларға қандай үміт артылып отыр?  

- Соңғы олимпиада ойындарында Шымкент қалалық спорт мектептерінің  түлектерін қоса есептегенде Оңтүстік Қазақстан облысынан 40 спортшы бақ сынап қайтты. Ал Лондон олимпиадасына кемі 40, реті келсе 50-ге жуық жолдама алу жоспарда бар. Оңтүстіктің спортшылары намысты қолдан бермей, елге абыроймен оралатынына сенімдімін. Жалпы,  экономикалық жағдай дұрысталған соң спортқа да көңіл көбірек бөліне бастады.  Мәселен, мен осы қызметке келген 2008 жылы Шымкент қалалық бюджетінің қарызы, дефициті өте үлкен еді. Сол тұста қала тізгіні сеніп тапсырылған Арман Жетпісбаевтың командасы осы жылдар ішінде жемісті жұмыс істеп, нәтижесінде қазір спортқа бөлінетін қаражаттың көлемі анағұрлым артты. Былтыр Шымкентте  үш спорт мектебі ашылса, биыл тағы бір мектептің тұсауы кесілмек. Келесі жылы  облыс орталығынан ауыр атлетика және шығыс жекпе-жектері спорт мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Сонда қалалық спорт мектептерінің саны 13-ке жетеді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.  Қуантарлығы сол, жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Мәселен, қысқы спорт түрлері мектебін ашқанымыз күні кеше ғана. Ал Қысқы Азия ойындарына қатысқан спортшыларымыз екі жүлдемен оралды. Осындай жеңістер балалардың қызығушылығын оятып, спортқа баулуға жол ашады. 

Кезінде менің де боксқа деген қызығушылығымды  1980 жылғы Мәскеудегі олимпиада ойындарындағы бокс жекпе-жектері оятты. Серік Қонақбаев ағамыздың өнеріне, әсіресе кубалық даңқты былғары қолғап шебері Теофило Стивенстің шаршы алаңдағы ширақ қимылына тәнті болдым. «Кубадан олимпиаданың үш дүркін  чемпионы шығып жатса, біздің олардан қай жеріміз кем?» деген сұрақ сол кезде-ақ мазалаған. Содан алдыма биік мақсатты қойып, боксқа залына келдім. Бокста әлі қазақтан шыққан олимпиада және әлем чемпионы  болмауы намысымды жанып, жігерімді ұштады. Арманым - олимпиада ойындарынан жеңіспен оралу еді. Бірақ, тағдырдың жазуы шығар, амал не сол мақсатыма жете алмадым. Спорттық карьерамдашаршы алаңда  500-дем астам ресми кездесу өткізіп, 52 түрлі медальды қанжығама байлаппын. Оның 35-і алтын, 9-ы күміс және 8 қола медаль. Қоржынымда екі-ақ медаль жетіспейді екен: олимпиада ойындарының жүлдесі мен әлем чемпионатының алтын медалі. Осы биіктерді менен кейінгі толқын бағындырса деп тіледім. Шүкіршілік шын ниетпен Алладан сұраған тілегім қос—қосынан орындалып жүргеніне төбем көкке екі елі жетпей жүр. 

Баланы  жеңістерге ең әуелі үлкен арман жетелейді. Сондықтан жастайынан спортқа қызықтырып, баулу керек. Алып анадан туып ауылдан шығады. Ауылдардан талай дарынды балаларды табуға болады.   Қазір аудандарда бокс мектептері жақсы дамып келеді. Көптеген турнирлер өткізіліп,  мықтылар іріктеліп жүр. Кешегі Астанада өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстаннан бір ғана адам  чемпион  атанса, ол оңтүстікқазақстандық Бекжан Кібітқалиев. Одан кейін тағы бір оңтүстікқазақстандық Досжан Оспанов ауыр салмақта Азия чемпиондығын жеңіп алып, ең әлсіз деп есептелетін салмақтағы олқылықтың орынын толтырды. Осы екі айғақтың өзі оңтүстік спортының бүгінгі бет алысын аңғартпай ма? 

- Бокста әлемдік деңгейдегі талай дарабоздың қолы жетпеген биіктерді бағындырдыңыз. Енді жаттықтырушылықпен шұғылданып, шәкірт тәрбиелегіңіз келмей ме? 

- Жаттықтырушылық оңай нәрсе емес. Үлкен жеңіске жету үшін міндетті түрде  құрбандыққа баруың керек. Өзім жастайымнан  боксқа араласып, үлкен спортқа өмірімнің 15 жылын арнадым. Үйдің бетін көрмейтінмін,  үнемі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарында жүретінмін.  Қазір үйден шыққым келмейді. Басқа қалаға немесе шет елге кету мен үшін қиын нәрсе. Ал бапкер болу үшін үнемі шәкіртіңнің жанында жүруің керек.   Ондайда тіпті  өз бала-шағаңа қарайтын шамаң болмайды. Бапкерлік - жүйкеге ауыр  салмақ түсіретін  міндет. Боксшы  жекпе-жекке өзі үшін шығады, өзі үшін жауап береді. Ал бапкер тәрбиеленушісінің әр қадамына, ең бастысы тұтас елдің артқан аманатына жауапты.  

- Еліміздегі спорттың дамуына байланысты көкейде жүрген қандай ой-пікірлеріңіз, айтар ұсыныстарыңыз бар? 

- Байқасаңыз, небір мықты спортшылар карьерасын аяқтаған соң қылмыс жолына түсіп жатыр. Неге? Чемпион болып тұрғанында оның атақ-даңқы да, жақсы қаржылай табысы да болды. Ал спорттан кеткен соң көп жағдайда оның ешкімге керегі болмай қалады. Немесе спортпен шұғылданамын деп ақырында мүгедек болып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан, ең әуелі спортшылардың құқығын қорғауға байланысты заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. «Спорт  туралы» заңның кемшіліктері өте көп, соларды жоюға әрекет жасау керек.  Айталық, шетелде олимпиада ойындары, әлем біріншіліктерінің  чемпиондарына, еңбегі сіңген спорт шеберлеріне өмірінің соңына дейін зейнетақы  төленеді. Үлкен спорттан кеткен соң да өмір жалғасады ғой. Сондықтан өмірлік  зейнетақы тағайындалып, оның көлемі қомақты болуы қажет.  Міне, сонда бұл спортшы үшін үлкен ынталандыратын жайт болары сөзсіз. Мемлекет оның өмірінің соңына дейінгі  жағдайын  жасап, далада қалмайтынын білген соң спортшы ештеңеге алаңдамайтын болады. Сонда ғана одан үлкен жеңістерді, нағыз жанкештілікті күте аламыз. 

Oinet.kz мұрағатынан

Аида Арапбаева әлем чемпионы атанды
Полат Қырықбаев Астанадан жерге қарап қайтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу