Ендігі жылы Лондон олимпиадасы: Ерлікті кімдерден күтеміз?

Oinet.kz 15-09-2011 1061

162996-olimpiada-privlechet-v-london-900-tysjach-turistov.jpg

2008 жылғы Бейжің олимпиадасында Оңтүстік Қазақстан облысынан  21 спортшы бақ сынап қайтты. Бейжің олимпиадасы  - кешегі күннің тарихы. Бұл байрақты бәсекеде  жерлестеріміз бір күміс, екі қола медаль олжалап оралды. Ендігі бағындырар биік-- келесі жылғы  Лондон  олимпиадасы. Оңтүстікқазақстандық спортшылардың ел намысын сарапқа салатын  дүбірлі додаға дайындығы қандай? Бұл жолғы  табысымыз не болмақ? Әлбетте, 2008 жылмен салыстырғанда олимпиада жолдамасына үміткерлердің қатары көп өзгеріске  ұшырады. Атап айтсақ, Әлия Жүсіпова мен Бақыт Ахметов спортпен қоштасса, Алла Важенина мен Ольга Довгун енді басқа өңірлердің намысын қорғауда. «Жығылған үстіне жұдырық» болып жуырда жайсыз ақпаратты ел естіді. Дүниежүзілік универсиадада жеңіл атлетикадан жүлдегер атанып, олимпиадалық лицензияны қанжығасына байлаған жерлесіміз Ольга Терешкова допингке жүгінген деген күдікті ақпарат тарады. Қазір спортшы мен бапкерлер  Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігінің шешімін күтуде. Лондон олимпиадасында кімге үміт артамыз? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік. 

Бокс

Үміт Біржан Жақыпов пен Досжан Оспановта

Біржан Жақыпов өз салмағында елімізде ғана емес, әлемдегі ең таңдаулы былғары қолғап шеберлерінің бірі. Рас, қатарынан екі жыл бойы  ұлттық біріншілікте Біржанның жолы болмай жүр. Былтыр ел чемпионатында күтпеген жерден 19 жасар Ілияс Сүлейменовке есе жіберген Біржан биыл да тараздық жас былғары қолғап шебері Азамат Исақұловтан жеңіліс тапты. Бұл сәтсіздіктердің орнын Жақыпов халықаралық додаларда толтырып жүр. Дегенмен, Жақыповтың ең негізгі қарсыласы – қытайлық Цзоу Шимин әлі алынбас қамал болып тұр. 2008 жылғы олимпиада ойындарында Шимин шымкенттік боксшыдан басым түсті. Былтыр да Азия ойындарының ақтық бәсекесінде қытайлық былғары қолғап шеберімен жекпе-жек өткізіп, 9:5 есебімен жеңіліске ұшыраған Жақыпов кеткен есесін қайтаруға дайындалуда. 

Аса ауыр салмақта таяуда ғана Азия чемпионы атанып, айды аспанға шығарған Досжан Оспановтың соңғы кездері  рейтингісі едәуір өсті. Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері қытайлық Жанг Жилейді ұтқанының өзі неге тұрады? Сөйте тұра Досжанның Лондонға бару-бармауы екіталай. Негізгі себеп,  сол салмақта еліміздегі аса ауыр салмақтағы №1 боксшы ретінде Иван Дычконың есімі аталады. Дычко биылғы әлем біріншілігінде барын салмақ. Жоғары нәтижеге қол жеткізсе,  олимпиадалық жолдама  соныкі. Сүреңсіз өнер көрсетсе Лондонға Досжан Оспановтың аттануы бек мүмкін. Оның үстіне ауыр салмақтағы қос боксшы өзара спарринг арқылы кімнің мықты екенін анықтауы тиіс.

Ауыр атлетика 

Нағыз сенсацияны Ногай жасауы мүмкін

Лондон олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржынын негізінен зілтеміршілер толтырады деп күтілуде. Шынында да, соңғы жылдары Қазақстан ауыр атлетикадан дүниежүзілік деңгейдегі алпауытқа айналды десек артық айтпаймыз. Қуантатыны, үздік спортшылардың тізімінде шымкенттіктер де ойып тұрып орын ала білді. Надежда Ногайды көпшілік Илья Ильинмен салыстырғанды әдетке айналдырды. Небәрі 15 жасында жастар арасында әлем чемпионы атанып, өзінен 4-5 жас үлкен қарсыластарын тізе бүктірді. Әлбетте, Ногай олимпиада ойындарында да жоғары нәтижеге жетуі тиіс. Әлі-ақ нағыз сенсацияны Ногай жасауы мүмкін. Дегенмен, спортшының тым жас екенін ескеру керек. Оның үстіне, ұлттық құрамада бәсекелестік өте жоғары екенін де ұмытпауға тиіспіз. Надежданың басты қарсыласы – Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Мария Грабовецкая алдыңғы жылы жарақат алып, қазір жаттығуларға қайта кірісті. Кімнің мықты екенін уақыт көрсетеді.

Шымкенттік бапкерлер сонымен қатар Сергей  Истоминге де үміт артады. Облыстық ауыр атлетикадан олимпиада  ізбасарларын даярлайтын спорт мектебінің директоры Юрий Мельников өзінің шәкірті  Истоминнің олимпиадада жүлдеге ілінуі мүмкін  деп есептейді.  Бірақ, ол үшін тыңғылықты дайындық қажет екені сөзсіз. Биыл ауыр атлетикадан өткен Азия біріншілігінде Истомин тек қола жүлдемен шектелді. Ал олимпиада ойындарындағы бәсекелестіктің бұдан да жоғары болатынында күмән жоқ.

Еркін күрес

Ерлікті Ермек пен Еленадан күтеміз

Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері  Елена Шалыгина халықаралық байрақты  бәсекелерде тұрақты түрде үздіктердің қатарынан көрініп жүр.  Соңғы үш жылда әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы атанған Шалыгинаның шеберлігі жылдан-жылға артып келе жатқанын байқау қиын емес. Сәтін салса, Лондонда да жоғары нәтижемен көзге түседі деген  үміттеміз. Жуырда шымкенттік спортшының аяғына операция жасалды. Дегенмен, дәл қазір қауіптенетіндей ештеңе жоқ. Оның үстіне, Елена  үшін соңғы олимпиада болғандықтан ол Лондон ойындарына түпкілікті дайындықпен  баруға күш салуда. Еркін күрестен Шымкенттің намысын сонымен қатар  Ермек Байдуашев қорғауы мүмкін. Былтыр Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында қола  жүлдеге қол жеткізген спортшы жақын арада өтетін  әлем біріншілігінде өнер көрсетіп, жолдаманы жеңіп алу үшін барын салады. Ел екеуінен де ерлік күтіп отыр.

Оқ ату

Байбосынованы сынайтын сәт туды

Шымкенттік  мергендер шеберлігін әлдеқашан мойындатқан. Атақты жерлесіміз Ольга Довгун өзінің спорттық карьерасында әлемнің екі дүркін чемпионы, 2002 және 2006 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 2004 жылғы Афины олимпиадасында 4-орынға табан тіреп, қолда тұрған қола жүлдені уысынан шығарып алған-ды. Әлгінде айтқанымыздай, қазірДовгун Астана командасына ауысты. Дегенмен, оның орнын жоқтатпайтын мергендер баршылық. Ең әуелі Рашид Юнусметовке назар аударғанымыз жөн. Әлем кубоктарының  жүлдегері, Азия чемпионы Юнусметовтың қабілеті шын мәнінде жоғары. Дегенмен, шымкенттік спортшыға тұрақтылық жетіспейтін секілді. Бірде үздіктердің қатарында табылатын Рашид бір кездері 20-30 орындарға бір-ақ сырғып түсетінді әдетке айналдырды. Сондай-ақ Азия ойындарының жүлдегері Зәуреш Байбосынованың да олимпиада берілетін жолдаманы жеңіп алуы мүмкін. Оны да сынайтын сәт туды.

Ескек есу

Ағайынды Емельяновтар айды аспанға шығарса, кәнекей

Бейжің олимпиадасында қазақстандық ескек есушілер 12-орыннан жоғары көтеріле алмады. Бірақ, соңғы кездері шымкенттік ағайынды Емельяновтардың  халықаралық додалардағы жетістіктері көпшілікті таңқалдырып жүр.  Осы ағайынды Емельяновтар айды аспанған шығарса кәнекей. Емельяновтардың үлкені Михаил бұған дейін Азия ойындарының қола жүлдегері атанса, оның екі інісі жуырда ғана жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, нағыз сенсация жасады. Әйткенмен, олимпиада ойындарының деңгейі бұдан әлдеқайда жоғары екені белгілі. Жуырда аяқталған әлем біріншілігінде Михаил 9-орынды қанағат тұтып,  жолдама берілетін 1-6 орындарға іліге алмады. Ендігі мүмкіндік қараша айында өтетін Азия біріншілігі. Онда Михаил және Тимофей Емельяновтар, Сергей Егоров сынды спортшылар бағын сынап көрмек. 

Облысымыздың намысын қорғауда өзге спортшыларымыз да аянып қалмас. Мәселен, таэквондода Ерсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешова секілді жас талантты спортшылар мамандарды таңқалдыруы мүмкін. Сондай-ақ, Лондон олимпиадасының бағдарламасына әйелдер боксы да енгізілген жағдайда  шымкенттік Айдана Арапбай мен Жайна Шекербекова да  бағын сынап көрмек.  Жалпы, спорт саласын басқаратын шенеуніктердің есебінше, Лондон олимпиадасына шымкенттік саңлақтар  16-17 жолдаманы жеңіп алуы тиіс. Ал «спортшыларымыз олимпиадада қанша жүлде жеңіп алуы мүмкін» деген сауалға дәл қазір  жауап айту қиын. 

Screenshot_2.jpg

Полат Қырықбаев Астанадан жерге қарап қайтты
«Қазақстан барысы» допинг қолданғаны үшін спорттан шеттетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу