Маржан Есжанова: «Жастармен жағаласпайын деп айтыстан кеттім»

Oinet.kz 07-08-2019 2102

Screenshot_6.jpg

Маржан Есжанова, Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған өнер мектеп-интернатының директоры, айтыскер ақын

-         Өнер мектебінде балаларды қай бағыттарға бейімдейсіздер?

-         Биыл өнер мектебінің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Кезінде Бердібек Сапарбаев ағамыз облысты басқарып тұрған тұста ауылды жерден, облыстың түкпір-түкпірінен дарынды,өнерлі балаларды қолдау, әрі Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжіне балаларды бейімдеу мақсатында мектептің ашылуына мұрындық болып еді. Қазір мұнда оқушылар негізгі екі бағыт бойынша білім алуда. Біріншісі - көркем сурет бағыты (сурет салу, қолөнер, ағаш шебері, дизайн, қолданбалы сәндік өнер), екіншісі - музыкалық бағыт (терме, дәстүрлі ән, айтыс және вокалдық өнер). Өнерге деген талпынысы бар, көзінде ұшқыны байқалған жастарды арнайы комиссия мүшелері іріктеп алады. Бізден түлеп ұшқан оқушылар өз салалары бойынша колледж, басқа да оқу орындарына барып жатады. Биылғы басты жаңалығымыз мектеп республикалық дарынды мектептердің қатарына еніп, мамандандырылған деген қосымша статусқа ие болдық.

-         Өнерді тереңдетіп оқытудың салдарынан шәкірттердің басқа пәндерді игерулері қиынға соғатын шығар.

-         Мектебіміздің әлсіз тұсы дейміз бе немесе бұл заңдылық болар, өнерге бейім балалардың көбісі математика, физика, тарих, георгарфия сынды пәндерге шорқақтау болып келеді. Мәселен6 химия пәнінде кей оқушының бар назары даладағы ағашқа ауып отырады. Күз мезгіліндегі ағаштан үзіліп жерге құлап келе жатқан жапырақты дереу қағазға түсіруге тырысады. Яғни шығармашыл жастардың шабыты кез-келген уақытта келуі мүмкін. Бұл жағдайда біз қуанбасақ, ренжімейміз. Себебі мұндай талантты балалардың шабытына балта шапқымыз келмейді. Сабағын жарытпаса да балаларымыз алыс-жақын шетелдерде талайды тамсандырып, көпшіліктің қошеметіне бөленіп, сайыстардан жүлделі оралуда.  Дей тұрғанымен  мектебімізді жылына 4-5 үздік оқушы бітіріп шығады.  

-         Өнерлі балалар өзгелерден ерекшеленіп тұратын шығар?

-         Оныңыз рас. Кейде ата-аналар ұстаздарға келіп6 «балам осында келгелі өзгеріп кетті. Томаға-тұйық немесе ұялшақ ұлым немесе қызым қазір ашық-жарқын жанға айналды» деп жатады. Мен айтайын, өнер – адамды ауру ететін құдіретті күш.  Егер бойында дарыны бар баланың өнері дер кезінде сыртқа шығып, пайдасына жаратпаса, онда психикасы, ойы өзгереді, жүйкесі жұқарады. Сондықтан үйінде өз-өзіне сыймай, толқып жүрген балалардың осында өз орындарын тапқанына әрине, біз де қуанамыз. Творчестволық балаларға ұрысуға, қатты сөйлеуге болмайды. Себебі әрбір сөзіңді жүрекпен қабылдайды. Ал олардың арқалары қозып, шабыты келген кезде көздері ешкімді көрмей қалады. Жас суретшілер бір суретті бастаса соның тұңғиығынан екі-үш күн шыға алмай жүреді. Үнсіз, тілсіз сурет өнерін меңгерген балалардың талантына өз басым риза боламын. Сондай-ақ ағаш шеберлерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Шәкірттердің әр жерден жинап келген ағаштармен үш-төрт күн сөйлесіп жүргендеріне өз басым куәмін. Яғни олар ағашпен  тілдесіп барып туындысын жасауға кіріседі. «Неге арыстан жасадың?» деп сұрай қалсаң, «ағаштың бетіне қарағанда көзіме арыстан елестеді» деп жатады. Бір мүсінді ойып жасау үшін адамға қаншама сабыр, төзім қажет.  Балалардың осындай  өнерге деген сүйіспеншіліктеріне, таза жүректері, сезімталдылықтарына бас июден басқа амалың жоқ.Ал ақындарымыздың ойына бір екі шумақ келе қалса, оларды тоқтатудың өзі қиын.

-         Оқушылардың қай бағытқа қызығушылықтары жоғары?

-         Сурет өнеріне осы уақытқа дейін сұраныс та, қызығушылық та толастаған емес. Одан кейін вокал жанрына балалар көптеп келіп жатыр. Жас жұлдыздардың жетістігін, танымалдылықтарын көріп, олардың да бірден «жұлдыз» бола қалғысы келеді. Өкінішке қарай терме, дәстүрлі әнге келіп жатқандар аз. Ел ішінен таланттарды іріктеу барысында терме, дәстүрлі әнге сәл де болса икемі, ұшқыны бар балаларды көрсек мүмкіндігінше басқа салаға жібермеуге тырысамыз.

-         Сахнада жүргеніңізге 25 жылдың жүзі болыпты. Айтыскер ақын ретінде түйгеніңізді айтыңызшы, бұрынғы айтыс пен қазіргі айтыстың нендей айырмашылығын байқадыңыз?

-         Біздің замандағы айтыс өнерінде, ақындарда ізденіс, еңбек көп болатын. Жас ақындар кітап көп оқып, бір оқиғаның, заттың тарихын зерттеп шығатын. Ал ұстаздарға деген құрмет ерекше еді. Мәселен ұстазым, халық ақыны Әселхан апаймыздың (Қалыбекова) үйі менің үйімнен 30 шақырым қашықтықта болатын. Алыстығына қарамастан оның ақылын тыңдап, батасын алуға бола барушы едім. Ал қазіргі жас ақындардың «ақылшысы» интернет болды. Ғаламтордағы бүткіл айтыскерлердің айтысын тамашалап алады да, өзімбілермендікке салынып жатады. Кейде ұстаздарды  да мойындамайтын жағдайларды көргенде кәдімдігей көңілің түсіп қалады. Ғаламтордан «білім алып» мен толдым, болдым деулері үлкен қателік. Осындай еңбектің аздығынан олар қазақ айтысында  бір жарқ еткен соң көп ұзамай қайта сөніп жатады. Бүгінгі жас ақындарымыздың «сиқы» осы болып тұр.

-         Соңғы кездері айтыссүйер қауым сізді айтыс алаңынан жоғалтып алды. Айтыстан біржолата кеттіңіз бе?

-         Осыдан екі жыл бұрын наурыз айы қарсаңында Шымкентте үлкен аламан айтыс өткен болатын. Сол айтыста мен  бас жүлдені жеңіп алдым. Байқап қарасам өкшемді басым келе жатқан кілең жастармен, ақыл үйретіп жүрген шәкірттермен додаға түсіп қалып жаттым. Жасым болса қырықтың қырқасынан асып кеткен. Содан жастармен жағаласпай-ақ қояйын деп сол айтыста халықпен сыпайы, ресми түрде қоштасып кеттім. Ақын қызымыз деп төбелеріне көтеріп, сыйлап, қошеметтеріне бөлеген халқыма алғыстан басқа айтарым жоқ. 

Әңгімелескен Айнұр Оңғарбай,

«Рейтинг» газеті №23, 16 маусым 2016 жыл

Өкпешілдік - адамның жан дүниесін шірітеді
Балаға қандай сөздерді ешқашан айтуға болмайды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу