Өкпешілдік - адамның жан дүниесін шірітеді
Өмір болғасын кейде біреуді ренжітіп, кейде өзіміз біреуге өкпелі болып жатамыз. Бұл адам бойындағы жаман қасиеттердің бірі. Өкпе-реніш бір қарағанда қарапайым нәрсе секілді. Біраз уақыт жақыныңа томсырайып жүрдің де, ертесіне қайта күлімсіреп, татуласып кеттің делік. Алайда сол өкпелі уақытта адамның көңіл-күйі және денсаулығы айтарлықтай бұзылады екен. Көптеген ауруды қоздыратын алғашқы себеп – ренiш өкпе. Адам ренiштi ақыл ойы арқылы қабылдағанымен, оны дене есiнде сақтап қалады. Адамның ең сезiмтал жүрек, өкпе, тыныс алу жолдары секілді органдары ауруға сол себептi шалдығады.
Баяғыда ұстаздан бір шәкірт «адамға қалай ренжімеуге болады?» деп сұрапты. Сонда ұстаз «біреуге ренжісең соның атын картопқа жаз. Картоп салынған қапты үнемі өзіңмен бірге алып жүр.Осылайша өкпелі болған адамдарыңының есімін картопқа салып жүре бер» депті. Шәкірт солай жасайды. Уақыт өте келе оның қабы ауырлай бастайды. Тіпті алғашқы картоптары шіри бастапты. Сонда ол ұстазына қайта келіп «Ұстаз, мына қалта ауыр болып кетті. Әрі шірігендерінің сасық иісіне шыдау мүмкін емес. Ашуланбаудың басқа жолын үйретіңізші, - дейді. «Мұны саған не үшін істеттім? Біреуге ренжіген сайын ішкі жан-дүниеңде де осы құбылыс болады. Жүрегің ауырлап, таза ниетің бұзылып, жаман ойларың саси бастайды. Оны сен байқамауың мүмкін. Бірақ, ісің - әдетке, әдетің - мінезге айналады. Біреуге ренжімес бұрын не біреуді ренжітпес бұрын "үнемі өзіңмен бірге артық жүк арқалап жүру" керек пе, керек емес пе, ойлан» - депті ұстазы.
Міне, өкпе-реніш адамның жан дүниесін осылайша шірітеді екен. Сондықтан, өкпешіл болмайық!